Күн қанша ысып, мезгіл жаз болса да, бәрімізге жетпей жүрген бір жылылық бар ғой. «Қажет жерінде қатыгездік пен қаталдық керек десек те, адамның заңғар ұлылығын сен сағынышымен есепте» демей ме Төлеген Айбергенов? Сол сіз бен біз жоғалтып алған немесе бүгінгідей пойыздың алдына түсіп алып жүгірген асығыстық пен қарбаласта айқыш-ұйқыш сана түкпірінің бір жерінде ұмыт қалдырған іңкәр сезімдер Сағи Жиенбаевтан табылады. «Әй, өзі өмір осындай емес пе, осылай неге сүрмеске?» деп ойланып қаласың. Ал Жұмекен... Жұмекен басқа! Әжелердің, аналардың алақаны мен жүзінен тараған шуақ пен мейірімді ол да жазады, соны жаза тұра тереңдеп кеткен әжімдердің астындағы азап пен қасіретті қоса суреттейді. Өмірдің, уақыттың кешірмейтінін айтады, сөйтсе де адамзаттың да жеңілмейтін рухын ту еткен Жұмекен Нәжімеденовтей ақын жоққа тән.
«Теңіз, міне» деп ұлы суды екі-ақ ауыз сөзбен таныстырады ол.
«Теңіз, міне. Теңіз менің не теңім,
Теңім менің табынумен өтемін!
Толқын тулап жағаны асты, жарды асты,
Мөлт-мөлт етіп көбік-көздер арбасты.
Неткен ғажап, неткен ғажапбұл теңіз!
Бұл теңіз бен аспан егіз, бұлт егіз.
Жатыр шексіз қасіретсіз шалқып ол
Ұлылықтың, сұлулықтың даңқымен.
Бас ием мен сол даңққа амалсыз.
Амалсызбын, ол күшті де мен әлсіз» дейді.
Шындығында, адам табиғат (теңіз) стихиясының алдында қауқарсыз. Бәлкім, өмір сүруіне керектінің бәрін табиғаттан алатын болғандықтан шығар. Оның дүлей күшіне төтеп бере алғанын көрмек түгілі естімедік. Жарайды, мұны айтпағанда, пенде баласының ең әлсіз тұсы өз табиғатының алды емес пе? Ұятының, арының алдында дәрменсіздік танытып, Құдайлық болмысын тәрк етіп, дүниеге жұтылған пенде аз ба? Азын-аулақ арзымайтын нәрсеге бола обал-сауаптан аттаған екен, бұл да кісі баласының күштілігі емес, әлсіздігі. Өмірдегі әділетсіздік пен теңсіздіктің бәрі соның салдарынан орын алып жатпай ма? Тағдырының алдындағы дәрменсіздік онсыз да белгілі. Енді келіп теңіздің даңқына бас ұру...
Тура осы теңіз туралы өлеңдер Сағида да аз емес. Жұмекенде де молынан ұшырасса керек. Бірақ Сағидың теңізі қандай теңіз:
«Ұяң едім, мен де қазір батылмын,
Теңізбенен бірге тұрып жатырмын.
Теңізде де жүрегі бар адамның,
Теңізде де мінезі бар ақынның.
Сүйеді ол да ақын құсап, ер құсап,
Көңілі түссе ағыл-тегіл кең құшақ.
Ол да мендей алақызба албырттау,
Ол да мендей... сұлуларға сенгіш-ақ» депті бір өлеңінде. Мұнда ешқандай табыну да, жеңілу де, амалсыздық та жоқ, керісінше теңіз бен адам өмірін ұқсату тұр. Сол арқылы жақындастыру, екі жаратылыстың табиғатын бітістіру байқалады. Сөйтіп әкеледі де бүйдейді:
«Ерсі көрме оның ерке қылығын,
Жүрегіне үңіліп көр, сұлуым.
Көк теңіздің құшағына бір кірсең,
Қиын болар қайта айналып шығуың...» деп қойып қалады. Себебі меңіреу теңіз жұта салады. Адамға жұтпас бұрын ойланатын сана берген. Бұл туралы Жұмекеннен асырып айта алмаймыз:
«Теңіз, теңіз, даңқ-атақтың құлы көп,
Шынында да сен не тындырдың ұлы боп?!
Толқын, тулап жарға қарғып, ал, шық, ал,
Жаралғаныңды ұмытпа тек тамшыдан.
Тебірен, теңіз, тебіренгенің далбаса,
Басың сүйеп құлайтын
қара жерің болмаса».
Екі ақын екі түрлі суреттеп жеткізсе де, бейнелеуі әртүрлі болса да, түсіндіруі бір. Көк теңізге айналудың қажеті шамалы. Адам болып қалғаннан абзалы жоқ. Теңізді де бағындырарлық ақыл-ой мен күш-қуат берген бізге, сосын соның даңқымен өмір сүрудің дәмін бір татқан соң, Сағи айтпақшы, «қайта айналып шығуың қиын болады». Демек бара-бара теңізге де, тауға да, темірге де айналуы кәдік жаратылыс сана-сезімімен ғана адам. Қалғанынан қайран жоқ.