Виртуалды шындықта оқыту
Ақтаулық Расул Абуов достарымен бірігіп виртуалды шындықта оқыту платформасын жасаған. Тапқыр жастар әзірлеген «Qmeta» көмегімен жаратылыстану бағытындағы пәндердің тәжірибесін іске асыруға болады. Білімді білікке айналдыратын жобаның дайындалуына бір жыл, ал платформаның өзін жасап шығуға бес ай уақыт кеткен. Нәтижесін көру үшін мектептерге орнатып, сынақтан да өткізген. Бір құрылғының құны – 230 мың теңге.
– Теория мен тәжірибе қатар жүрмесе, білім сапасы төмендейді. Оқушылар мұғаліммен бірге есеп шығарып, формула мен терминологияны үйренсе, артынша «Qmeta» көмегімен сол есепте жазылғанды тәжірибеге айналдырады. Біздің құрылғыны химия, биология, физика және математика пәндеріне қолданған тиімдірек. Десе де шайқастар мен белгілі бір оқиғалардың моделін жасап, гуманитарлық пәндерге де қолдануға болады, – деді Расул.
Күзетші-робот
13 жастағы Едіге Төлебай, Мейіржан Садвахасов үй мен бағалы заттарды күзететін «Bee Security» роботын құрастырған. Бұл робот-күзетшінің қолданыста бар құрылғылардан бір айырмашылығы бар. Ол үй мен аулада жүреді әрі камерасы 360 градуста бақылау жасайды. Тіпті үйге ұры түссе, дабыл береді. Бір қызығы, қуат алу мәселесін өзі реттейді.
– Бастапқы кезде бағалы заттарды сақтайтын робот-сандық жасаймыз деп ойладық. Сол себепті дәл қазір жобамыз жәшікке көбірек ұқсайды, бірақ оның сыртқы моделін клиент қалағандай етіп өзгерте аламыз. Бұл құрылғыны адам ұялы телефонындағы қосымша арқылы қашықтан басқарады. Мұндай бір роботтың өз бағасы телефон мен камераны қоспағанда 80-90 мың теңгені құрайды, – деді Едіге.
Озон қабатын зерттейді
Индонезияда өткен жас өнертапқыштар байқауында бас жүлде алған Шолпан Аманкелді озон қабатын зерттейтін наноспутник жасаған. Оның құрылғысы дәлірек нақты бөлшектер мен стратосферада газдардың бар-жоғын анықтайды. Жобасына Малайзия мемлекеті қызығушылық танытып, ұсыныс та жасаған. Аталған наноспутниктің ерекшелігі – көрші елдердің территориясына өтпейді. Яғни белгіленген радиустан шығатын болса, спутник ұшқан жеріне қайта оралады.
– Алдағы уақытта техниканы 50 шақырым қашықтықтағы стратосфера қабатына жіберуді көздеп отырмыз. Осыған ұқсас спутниктер ұшырылды, бірақ олардың жүктемесі дәл мұндай пайдалы болмаған еді. Мысалы, аталған құрылғының көмегімен аграрлық өнеркәсіп саласына қажет көптеген пайдалы ақпарат алуға болады. Сонымен қатар қала құрылысы мен ғарыш туралы білімді толықтыруға қажет көптеген ақпарат аламыз. Басқалар да жасай алуы үшін барынша қолжетімді материалды пайдаландым, – дейді Шолпан.
Робот-жылыжай
Жас өнертапқыш Жәңгірхан Шалабаев өсімдіктер мен көкөністерді үй жағдайында өсіруге болатын робот-жылыжай жасаған. Робот көкөніс пен өсімдікті небәрі бір айда өсіруге көмектеседі. Не өсіретініңізді өзіңіз таңдайсыз.
– 2020 жылы біраз уақыт азық-түлік сатып алу үшін дүкенге бара алмаған кезіміз болды. Сонда неге өсімдікті үйде жылдам өсіруге болатын робот жасамасқа деп ойладым. Ең алдымен, тәжірибе жасап, құрылғының өсімдікті қаншалықты жылдам өсіре алатынын тексеріп көрдік. Нәтижесінде, уақытты 25 пайызға үнемдеуге болатынын көрдік. Мұның барлығы қашықтан басқарудың арқасы деп ойлаймыз. Яғни арнайы қосымша арқылы азаматтар бұл жылыжайдағы жарықты қосып-сөндіріп, қажет кезде суарып отырады, – деп түсіндірді Жәңгірхан.
Автоматтандырылған касса
Әділжан Қадыров болса автоматтандырылған касса әзірлеген. Оның қолданыста бар кассалардан ерекшелігі – әр тауарды жеке өткізудің қажеті жоқ. Тіпті дүкендердегі ұрлықты азайтуға көмектеседі.
– Біз жасап отырған құрылғы сатушы және сатып алушы тарап үшін де өте тиімді. Екі тараптың уақытын үнемдеп қана қоймай, дүкендердегі кадр тапшылығы мәселесін шешеді. Бұдан өзге, дүкендердегі майда ұрлықтардың тоқтауына себепші болады. Шамамен құрылғыны құрастыруға, жалпы кодты жазып шығуға әріптестерім Ерсерік Маханбет, Нұрасыл Амантұр үшеуімізге бірнеше айдай уақыт керек болды, –
деді Әділжан.
Уақыт үнемдейді
«Qarapaiym emdeu» дейтін де робот бар. Оны отандастарымыз жасаған. Жоба иелерінің бірі Ұлан Айтпайдың айтуынша, бұл коронавирус секілді жұқпалы аурулардан қорғану үшін тиімді. Сонымен қатар ауруы бойынша тек анықтама алғысы келетіндердің уақытын үнемдейді.
– Бұл роботты жасау туралы идея 2020 жылдары келді. Ол кезде біз ғана емес, бүкіл әлем коронавирустан қиналған еді. Яғни құрылғы бірінші кезекте түрлі вирустық аурудан қорғайды. Екіншіден, Қазақстанның медицина саласындағы кадр жетіспеушілігі және осыдан туындайтын ұзын-сонар кезек мәселесі шешіледі. Робот келген адамды ЖСН нөмір және камера арқылы сәйкестендіреді. Дене қызуы, жүрек соғысы, алкогольді ішімдік ішкен-ішпегені туралы ақпарат береді. Мұнымен қатар науқас қай жері ауырып тұрғанын айтқан кезде робот қандай аурулар болуы мүмкін екенін пайызбен анықтайды. Бұдан өзге оқу мен жұмысқа арналған анықтаманы жылдам шығарып береді, – деді Ұлан.