Суретті түсірген – Юрий БЕККЕР
Зауыттың іске қосылуы 2026 жылға жоспарланған, оның қуаттылығы жылына 16 мың тонна дайын өнімге дейін, кейіннен 2027 жылдан бастап 21 мың тоннаға дейін өседі. Жобаның мақсаты – облыста тамақ өнеркәсібінің және жалпы экономиканың дамуына оң әсер ететін тұзды тағамдар өндірісін жолға қою. Жобаны жүзеге асыру барысында компания қызметкерлері мен мердігерлерді қосқанда 1 000-ға жуық қызметкерді тарту жоспарланған. Нәтижесінде, облыста 350-ге жуық тұрақты жұмыс орны ашылады.
Алатау қаласының әкімі Әркен Өтенов «PepsiCo» секілді әлемдегі ең жетекші трансұлттық компанияның келуі жаңа жұмыс орындарын ашуға, инвестиция мен технология және қосымша қаржы тартуға, кәсіпкерлік белсенділікті дамытуға, салық түсімдерін ұлғайтуға мүмкіндік беретінін, бұл өз кезегінде өңірдің инвестициялық тартымдылығы мен экономикалық тұрақтылығын жақсартуға ықпал ететінін айтты. «Жоба жас қала үшін халықаралық деңгейдегі №1 жоба. Қала әкімдігі компанияның әлеуметтік бағыттағы кез келген жобасына қолдау білдіруге дайын», деді ол.
«Kazakh Invest» Ұлттық компаниясы Басқарма төрағасы Ержан Елекеев «PepsiCo сияқты ірі инвестордың келуі еліміздің жоғары инвестициялық тартымдылығын растайды деді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, жаңа өндіріс орындарының іске қосылуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына қолайлы жағдай жасалып, бұл үшін барлық деңгейдегі мемлекеттік органдар нәтижеге бағытталған бір ұжым болып жұмыс атқарып жатыр. «Бүгін біз «PepsiCo» компаниясымен жобаны дамытудың жол картасына қол қойдық, онда Қазақстанда ресурстық емес секторда жаңа кәсіпорын салу жобасын іске асыруды қамтамасыз ету және одан кейін оның экспорттық әлеуетін іске асыру бойынша барлық тараптардың жауапкершілігі мен мерзімдері нақты көрсетілген», дейді.
Жобаға Алматы облысының әкімдігі мен Өңірлік даму орталығы айтарлықтай қолдау көрсеткен. 2023 жылдың қараша айында жобаға «Инвестиция» мәртебесі беріліп, аймақтық үйлестіру кеңесінен сәтті өтіп, жер телімін тіркеудің барлық рәсімдері аяқталған. Компания қазір зауыт жобасын жасап жатыр. Ресми іргетасын қалау салтанаты биыл қыркүйек айына жоспарланған.
«PepsiCo» компаниясы FMCG секторындағы көшбасшылардың бірі және отандық нарықта 20 жылдан астам қызмет етіп келеді. Компания бүкіл ел бойынша қызметін ұсынады. Орталық Азияның бизнес аудиториясына арналған негізгі кеңсе Алматы қаласында орналасқан. Оның құрамына тағы екі елде – Қырғызстан мен Өзбекстандағы өкілдіктер кіреді. Қазіргі уақытта «PepsiCo»-ның еліміздегі ұжымында – 250-ден аса, ал Орталық Азия аймағында 500-ден астам қызметкері жұмыс істейді. Компания 2024 жылы қатарынан 7-ші рет жаһандық «Top Employers» институтының беделді «Үздік жұмыс беруші» сертификатын иеленді.
2024 жылдың соңына қарай «PepsiCo» отандық ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін серіктестік бағдарламасын іске қосады. Оның аясында «PepsiCo» фермерлерді картоптың арнайы «чип» сорттарының тұқымдарымен қамтамасыз етеді, ал компанияның агрокомандасы серіктестерге заманауи технологияларды енгізу бойынша тұрақты түрде кеңес береді.