Ғылым • 17 Шілде, 2024

Қазақ аграрлық университетінде ақылды ауыл шаруашылығы орталығы ашылды

203 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің бас ғимаратында Қытай Халық Республикасының Ланьчжоу университетімен бірлесіп, Қазақстан-Қытай ақылды ауыл шаруашылығы орталығы ашылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақ аграрлық университетінде ақылды ауыл шаруашылығы орталығы ашылды

Бұл - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға ресми сапары  аясында қол қойылған 30-ға жуық келісімнің бірі.

Салтанатты іс-шараға ҚазҰАЗУ ректорының бірінші орынбасары Пірімқұл Ибрагимов, Ланьчжоу университеті делегациясының жетекшісі, партия комитетінің хатшысы Ма Сяоцзе, Алматы қаласындағы ҚХР Бас консулы Цзян Вэй, ғылыми-зерттеу институттары мен мемлекеттік органдар өкілдері қатысты.

Ректордың бірінші орынбасары Пірімқұл Ибрагимовтың айтуынша, орталықтың негізгі қызметі – Қазақстандағы ақылды ауыл шаруашылығы саласындағы озық технологиялардың трансфертін қамтамасыз ету. Мұнымен қоса орталық мамандары ауыл шаруашылығын дамытуға жәрдемдесіп, цифрландыру, генотиптерді зерттеу, жасыл және төмен көміртекті технологиялар, суды тиімді пайдалануда бірлескен жобаларды іске асырады.

Тт

«Осы мәселелерді шешу үшін орталық ғылыми-зерттеулер мен білім беру барысында оқытушылармен және студенттермен алмасу, бірлескен ғылыми жобалар мен жарияланымдарды, ғылыми материалдарды бірлесе даярлап, ақпарат алмасып, білім беру бағдарламалары мен оқу жоспарларын әзірлеуді, семинарлар, конференциялар және шеберлік сабақтарын, бірлескен академиялық іс-шараларды ұйымдастыруды жүзеге асырады», деп атап өтті Пірімқұл Шолпанқұлұлы.

Осы ретте ҚазҰАЗУ басқарма төрағасы-ректор, ҰҒА президенті, академик Ақылбек Күрішбаевтың ғылым, білім беру және аграрлық салада Қазақстан мен Қытайдың сенімді серіктес ретінде ынтымақтастығының дамуындағы зор үлесін, осы жұмыстарды халықаралық деңгейде ұйымдастырғанын атап өткен орынды. Ректордың бастамасымен университет ҚХР-дың 20-дан астам жетекші білім беру, ғылыми ұйымдарымен тығыз байланыс орнатып, бірқатар кездесулер өткізіп, нәтижесінде өзара ықпалдастық келісімшарттары жасалған еді.

Ми

Алматы қаласындағы ҚХР Бас консулы Цзян Вэй өз сөзінде екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамыту барысына тоқталып, ғылым және білім беру байланыстарын тереңдетудің тиімді тетіктерін бірлесе іздестіру мен іске асыруда қолға алынған бастамаларға қолдау білдірді. Орталықтың ашылуы екі елдің ғалымдарына ауыл шаруашылығы өнеркәсіптік кешені мәселелері бойынша бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге, жаңа технологиялар трансфертін жүзеге асыруға, бәсекеге қабілетті мамандарды бірлесе даярлауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Өз кезегінде Ланьчжоу университеті делегациясының жетекшісі Ма Сяоцзе Қытайдың ауыл шаруашылығын дамытудағы тәжірибелерін пайдалана отырып, Қытай технологиясын Қазақстанға енгізу барысына, ауыл цифрландырудың маңыздылығына назар аударды.

Ланьжоу Университеті – жүз жылға жуық тарихы бар, ҚХР білім министрлігінің тікелей қарамағындағы және Double First Class құрамына кіретін жетекші оқу ордасының бірі. Мұнда 31 факультетте ауыл шаруашылығы ғылымдары, фармакология және токсикология, инженерия, экология, математика, химия, физика, ботаника және зоология, биология, биохимия, клиникалық медицина, әлеуметтік ғылымдар, компьютерлік ғылымдар, өңірлік экономика және ядролық ғылым салалары бойынша мамандар даярланып жатыр.

Орталық қызметін әрі қарай дамыту мақсатында зертханаларды құрып, оларды жабдықтауды,  бірлескен зерттеулер жүргізуді Қытай тарапынан қаржыландыру көздерін қарастыру, білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруды жеделдету сияқты кешенді мәселелер талқыланды.

Тараптар Қазақстан-Қытай ақылды ауыл шаруашылығы орталығының ашылуы және өзара әріптестік ынтымақтастықты одан ары дамыту туралы келісімге қол қойып, оқу орнының ғылыми-инновациялық инфрақұрылымымен,  ғылыми жетістіктермен танысты.

Мм

 

АЛМАТЫ