Екі дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай 50 кг салмақ дәрежесінде рингке шығады. Оның салмағында әлемнің таңдаулы боксшылары жетерлік. 18 жасынан-ақ ересектер сапына өтіп, ұлттық құрама мүшесі атанған Назым Қызайбай аса жеңіл салмақта (49 кг) жасындай жарқылдады. 19-ға толғанда 2012 жылы Қытайда өткен әлем чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізді. 2014 жылы Оңтүстік Корея ұйымдастырған әлем чемпионатында 21 жастағы қазақ боксшысының тегеурінін 48 кг салмақта ешкім тоқтата алған жоқ. Қазақ спортының тарихында бұған дейін қыздардан әлем чемпионы атанған ару шықпай тұр еді. Осы олқылықты қалақтай ғана боксшы бүтіндеді. Бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионаты 2016 жылы Астана қаласында ұйымдастырылды. Аса жеңіл салмақта Қызайбайдың қызы қарсыластарын айқын ұтып, екі дүркін әлем чемпионы атағын еншіледі. Әзірге қыздар арасында мұндай биікке шыққан – Назым ғана.
Әлемде теңдессіз боксшы екенін екі мәрте дәлелдесе де саңлаққа жазғы Олимпиада ойындарына бару бұйырмады. Ол 48 кг салмақтан олимпиадалық 50 кг салмаққа өтті. Дегенмен де Рио Олимпиадасына, 2021 жылы Токио жазғы Олимпиада сынына жолы түспеді. Жаңа салмаққа 2015 жылы түбегейлі ауысқан саңлаққа талай от пен судан өтуге тура келді. Париж жазғы Олимпиада ойындарының жолдамасы таратылған жазғы Азия ойындарында боксшының жолы болмады. Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен додада ширек финалға жетіп сүрінді. Одан кейін Италияда өткен әлемдік іріктеу турниріне бапкерлер құрамы Назымды емес, Алуа Балқыбекованы қосты. Соңғы іріктеу турнирі Таиландта өтерде Қызайбай мен Балқыбекова арасында спаррингтік жекпе-жек ұйымдастырылды. Қарсыласын талассыз жеңген Назым лицензиялық турнирде барын салды. Отыздан асқанда бұйырған жолдаманың жолы да, бағасы да ерекше.
50 кг салмақта Париж рингінде 22 боксшы күш сынасады. Олардың ішінде Токио жазғы Олимпиадасының күміс жүлдегері түрік Бусе Наз Чакыроглу, әлем чемпионатының қола жүлдегері испан Лаура Фуэртес, әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері таиландтық Чутамат Раксат, Панамерика ойындарының чемпионы бразилиялық Каролина де Алмейда, Азия чемпионы өзбекстандық Сабина Бобокулова, Рио Олимпиадасының қола жүлдегері колумбиялық Ингрит Валенсия сынды сыралғы боксшылар бар. Назым Париж Олимпиадасына қатысатын боксшылардың кейбірімен бұған дейін де жекпе-жекке түсіп, әлеуетін байқап көрді.
«Менің арманым – еліміздің көк байрағын Олимпиада шыңында желбірету. Әйтпесе 2016 жылы кәсіпқой боксқа ауысуға ұсыныс жасап, сауын айтып келгендер болды. Бірақ мен бокс спортын таңдағанда Олимпиада чемпионы атансам деп армандадым. Ұлттық құрама сапында 15 жылға жуық уақытымды сарп етіп, сол межеге жетуге барымды саламын», деді Н.Қызайбай.
Боксшының жеке бапкері Долкунжан Камеков тактикалық тұрғыдан тың бағытты таңдап, физикалық әлеуетті арттыруға да күш салып жатқанын жеткізді.
«Назым олимпиадалық салмаққа ауысқанына он жылдың жүзі болды. Ол қарсыластарының басым көпшілігінің шама-шарқын, жұдырықтасу тәсілін біледі. Кейбірімен тіпті жұдырықтасып та көрді. Назым бір емес, екі олимпиадалық кезеңді уыстан шығарып алды. Енді шегінерге жол жоқ, жолдаманың өзін иелену үшін ішкі бәсекелестіктегі тартыс оңайға соққан жоқ. Барымызды саламыз, жанкүйерлерді қуантуға тырысамыз», деді екі дүркін әлем чемпионының жеке бапкері.
57 кг салмақ дәрежесінде Карина Ибрагимова додаға қосылады. Әлем чемпионатының екі дүркін қола және күміс жүлдегері, Азия чемпионы Каринаның салмағында әлем чемпионы италиялық Ирма Теста, Еуропа ойындарының жүлдегері ирландиялық Микаэла Уолш, кәсіпқой боксты да тартысын көрген француз Амина Зидани, әлем чемпионы филиппиндік Нести Петесио, Еуропа чемпионатының жүлдегері түрік Эсра Йылдыз да осы салмақ дәрежесінде сынға түседі.
75 кг салмақта Валентина Хальзова маусым айында Таиландта өткен соңғы лицензиялық турнирде жолдама иеленді. Әлем чемпионы, әлем біріншілігінің екі дүркін жүлдегері Валентина Париж жазғы Олимпиада ойындарының медалі үшін кіл мықтымен айқасады. Бұл салмақта әлем чемпионы үндістандық Ловлина Боргохайн, Рио жазғы Олимпиадасының қатысушысы, әлем чемпионы марокколық Хадиджа Эль-Марди, 2022 жылы Түркияның Ыстанбұл қаласында өткен әлем чемпионатында жеңіске жеткен канадалық Таммара Тибо да бар. Демек Валентинаның да қарсыласы осал деуге әсте болмайды.