Төртжылдықтың басты додасы 26 шілде мен 11 тамыз аралығында Париж қаласында өтеді. Франция астанасында Қазақстан құрамасы сапынан 80 спортшы спорттың 25 түрінен бақ сынап, 81 медаль жиынтығы бойынша додаға түседі. Спортшыларымыз 1991 жылдан бері сегізінші мәрте жазғы Олимпиадаға қатыспақ.
Салтанатты іс-шарада Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев спортшылар және жаттықтырушыларға сәттілік тілеп, қалың жанкүйердің үмітін ақтау маңызды екенін айтты.
«Сіздердің алдыңызда елімізді Париж Олимпиадасында таныстыру, ел намысын абыроймен қорғау сияқты маңызды әрі өте жауапты міндет тұр. Чемпиондық мінез, табандылық, жеңіске деген ерік-жігер, жиған тәжірибе һәм жаттықтырушылардың, дәрігерлердің, массаж жасаушылардың қажырлы еңбегінің арқасында үлкен нәтижеге жететінімізге сенімдімін. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан жазғы және қысқы Олимпия ойындарының 79 жүлдесін олжалады. Оның ішінде 15 Олимпиада чемпионы жарқырап көрінді. Олимпиададағы әр жетістік – бүкіл елдің әлемдегі имиджі, мемлекеттің әл-ауқатының көрсеткіші», деді Е.Маржықпаев.
Қазақстан спортшыларының арасында алғаш рет Олимпиада бағдарламасына енген брейкинг және бадминтон сияқты спорт түрлерінен өнер көрсетеді. Брейкингтен Әмір Закиров сайысқа түссе, бадминтон спортынан Дмитрий Панарин бақ сынайды. 205 елден 10 мыңнан аса спортшы қатысатын жазғы Олимпиаданың салтанаты ашылу іс-шарасы Сена өзенінде өтеді.