Спорт • 18 Шілде, 2024

Көшпелілер ойындары

179 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Астанада 8-13 қыр­күйек аралы­ғында өтетін V Дү­ниежүзілік көшпелілер ойын­дары­на (ДКО) әзір­лік қызу жүр­гізіліп жа­тыр. Ұлттық спорт түр­лерін қамти­тын дү­бірлі додаға 89 елден 2 мың­­­нан аса қа­тысушы ке­луге ықылас танытты.

Көшпелілер ойындары

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Көктемгі қызыл судың тасқы­ны бірнеше өңірдің тұрғындарын әбігерге салғаны белгілі. Мем­ле­кет басшысы Қасым-Жо­март Тоқаев Дүниежүзілік көшпе­лі­л­ер ойындарын өткізуге жұмса­латын қаржыны қайта есептеп, үнемдеуді тапсырған еді. Шығынды оңтайландыру бойын­ша жұмысшы топ құрылып, 1,7 млрд теңге үнемделді. Осы­лайша, Көшпелілер ойында­рының ашылу салтанаты мен жабылу мерекесі арасында өте­тін іс-шараға 5,7 млрд теңге жұмсалады.

ЮНИСЕФ Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының ком­мер­циялық емес ресми серіктесі атанса, айтулы аламанның бас демеушісі болып «Alageum Electric» компаниялар тобы танылды. Елорда төрін апта бойы ұлы дүбірге бөлейтін маңызды іс-шара үш бағыт бойынша өр­биді: спорт, мәдениет және ғы­лым. «Қазанат» атшабары мен Этно ауыл аумағында ат бәйгесі, дәстүрлі садақ ату және құс са­лу түрлерінен, ат үстіндегі сайыс­­тар бойынша жарыстар өт­кізіледі. Ж.Үшкемпіров атын­дағы Жекпе-жек сарайы мен «Алау» мұз сарайында ұлттық күрес түрлерінен, жекпе-жек түр­лерінен және халық ойындарынан дода өтеді. «Думан» кешенінде дәстүрлі зияткерлік ойындар бойынша жарыстар өткізіледі. «Qazaqstan» жеңіл атлетика спорт кешенінде көшпелі­лер ойындарына аккредиттеу және жабдық­тау орталықтары орналасады. «Қазанат» ат­шабарының оңтүстік-батыс жағындағы іргелес қоныс тебетін «Көш­пелілер ғаламы» этно ауы­лы ДКО мәдени бағ­дарла­масының ошағына айнал­мақ. Мәдени бағдарлама Астана қала­сының әртүрлі нысандарында (алаңдарда, саябақтарда, басқа да қоғамдық орындарда, театр­ларда, концерт залдарын­да, кино­театрларда, мұражайларда, көрме павильондарында) өтеді.

2014 жылдан бері тұрақты өткізіліп келе жатқан Дүние­жүзілік көшпелілер ойындарын Қырғызстан үш мәрте ұйымдастырса, екі жыл бұрын Түркия мемлекеті сән-салтанатын келістіре өткізді. Жыл озған сайын аламанға қосылуға көңілі құлаған елдер қатары артып келеді. Мәселен, Астанада түңлігі түрілетін этноспорт сайысына алғаш рет Бруней-Даруссалам, Либерия, Венесуэла, Ирландия, Доминикан, Гамбия, Бруни, Эфиопия, Перу елінің спортшылары қатысады. Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына келетін спортшылар мен қонақтардың ат байлап, аяқ суытуына елор­дадағы 20 қонақүй бекітіліп, іс-шара барысында 343 көлік жұмылдырылады.

Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына билеттерді ресми билет операторының сайтынан сатып алуға болады. Жалпы билет құны – 500-25 000 теңге аралығында. Көшпелілер ойындарының ашылу салтанатын тамашалаймын деген көрермен билетті 15 000-нан бастап 50 000 теңгеге дейін сатып алады. Ересектерге арналған билеттің орташа құны – 4 000 теңге. Көрер­мендердің жекелеген санаттары үшін жеңілдік те бар. Мысалы, алты жасқа дейінгі балалар кез келген ойын түрін тегін тамашалай алады. 6-18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер үшін 50 пайыздық жеңілдік жасалады. «Теңге ілу» мен «Құсбегілік» жарыстарына билет құны 500 теңге болса, мектеп оқушылары үшін билет – 250 теңге.

Дүниежүзілік көшпелілер ойындарын жалпақ жұртқа жария ететін бұқаралық ақ­парат құралдарын тіркеу 1 қыр­күйекке дейін жалғаспақ. Ал ерік­тілерді іріктеу жұмысы жүйелі жүргізіліп, таңдау түс­кен жастар да әзір­лікті бас­тап кетті. Дүниежүзілік көш­пелілер ойындарын дайындау және өткізу дирекциясының орынбасары Абылай Қондыбаев еріктілерді ірік­теу бірнеше кезеңмен өткенін айтады. Тіпті көршілес Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан, Түрікменстан ел­дерінен ғана емес, АҚШ, Түркия, Германия, Франция, Испания, Корея, Беларусь және Гана Республикаларынан да ерікті болуға ынталы жастар өтініш жолдаған.

«Астана қаласындағы 13 жо­ғары оқу орнының барлығын қамтып, ақпараттық, насихат жұмысы жүргізіліп, еріктілер бағдарламасының таныстырылымы өтті. Ұйымдастыру дирекциясының ресми сайтына әрбір талапкер өтінім жіберіп ерікті болуға ықыласын танытты. Іріктеудің бірінші кезеңінде 4 600 өтінім қабылданды. Наурыз, сәуір айында өткен екінші кезеңде әрбір үміткермен дидарласып, сұхбат құрып ынта-ықыласын, таным-көкжиегін, өзге тілді қаншалықты игергенін байқадық. Осындай сұрып­таудың нәтижесінде іріктелген 1 300 ерік­тіге таңдау түсті. Өзге тілді білуде ағылшынша һәм түрікше еркін сөйлеп, ойын жеткізе алатындарға баса назар аударылды.

Себебі Дүниежүзілік көш­пелілер ойындарына 90-ға тарта мемлекеттен спортшылар қатысуға ықылас танытып отыр. Бұған қоса сырттан келетін туристер тағы бар. Көшпелілер ойындарына қатысуға ықылас танытқан елдің басым көпшілігі – түркітілдес. Еріктілерді іріктеу кезінде олардың бұл бағытта бұған дейін қаншалықты ысылып тәжірибе жинағаны да ескерілді», дейді А.Қондыбаев.

«Көшпенділер ғаламы» этноауыл­да көрсетілетін«Астана – көш­пелі­лердің астанасы» атты жарқын театр­ландырылған қойы­лымды алыс­тан арнайы ат тер­летіп келген шетелдік қонақ­тар мен ха­лықаралық спорт ұйым­дарының жетекшілері де тама­ша­лайды. Этно­ауылдың бірегей кон­церттік алаңында күн сайын мәдени іс-шаралар өткізіліп, еліміздің үздік қол­өнершілерінің көрме-жәрмеңкесі көп­шілік назарына ұсынылмақ. Сонымен қатар зергерлер мен ісмерлер қолөнерден шеберлік сабағын да ұсынады. Іс-шаралар бағ­дарламасында этноауылдың ең кіш­кен­тай қонақтарына ерекше назар ауда­рылмақ. Олар үшін сауық және таным­дық ойын алаңдары мен ұлттық стильдегі аттракцион құрылады. Сондай-ақ этноауылда сән көрсетілімі өтетін подиум ұйымдастырылады. Ұлттық сән фестивалі аясында ұлттық киімдердің түрлі үлгілері, оның ішінде осы трендтің көшбасшысы Global Nomads үлгілері ұсынылмақ. Мәдени бағдарлама аясында кинофестиваль өткізу жоспарланып отыр. Этноауылда жыртқыш құстарды шырғаға салудан жарыстар және ұлттық күрес түрлерінен көрнекі қойылымдары өткізіліп, ұлттық тағамдар фестивалінде қазақ халқының қонақжайлылығы паш етілмек.

Дүниежүзілік көшпелілер ойындары аясында (9-11 қыркүйек аралығында) Ұлттық мұражайда этноспортты да­мытуға бағыт­талған халықаралық ғы­лыми-тәжірибелік конференция өте­ді. Алқалы басқосуда тарих және мәдениет – түркі әлемінің көшпелі дәстүрлері мен рухани байлығы, көшпелі мәдениет пен ұлттық спорт дәстүрлерінің еларалық ын­тымақтастықты дамытудағы рөлі айқын­далады. Қазақстанда және Дүние­жүзілік көшпелілер ойындарына қаты­сушы елдерде ұлттық ойын түр­лерін да­мытудың қазіргі жағ­дайы, қалыптасу тарихы мен идеологиясының мәселелері, даму үдерісі талқыланады.

Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында 97 медаль жи­ынтығы сарапқа са­лы­нады. Ме­дальдың жалпы саны – 581. Медальда спорт, мәдениет, ғылым салаларын қамтитын не­гізгі 3 сим­вол бедерленген. Осының барлығын Қа­зақ­стан халқының бірлігін сипаттайтын шаңырақ көмкеріп тұр. Медальдың ортасында көш­пе­лілер өркениетінің белгісі – ат үстіндегі Күн басты адамның таңбасы бар.