Суреттерді түсірген – Юрий КИМ
Шу ауданы аумағында орналасқан «Шатыркөл» кен байыту фабрикасы іске қосылады деген әңгіме біраз уақыттан бері айтыла бастаған еді. Күні кеше ірі кәсіпорын техникалық тұрғыдан іске қосылды. Жергілікті атқарушы билік келтірген дерекке жүгінсек, фабриканың өнім қуаты жылына 98,6 мың тонна мыс концентратын өндіре алады. Өндіріс ошағының техникалық мүмкіндігі де зор.
«Қазақмыс» ЖШС басқарма төрағасы Нұрахмет Нұриевтің айтуынша, мыс концентратын өндіретін кәсіпорын осы жылдың қазан айының аяқ тұсында толық жобалық қуатында жұмыс істейді. Қазір құрылыс жұмыстары 100 пайызға орындалған. Өндіріс ошағы техникалық тұрғыдан алғашқы өнімді шығаруды бастап кетті.
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жаңадан құрылған фабриканың жұмысын жандандыруға жергілікті билік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін айтып отыр. Аудандардағы атқарушы билік өкілдері де инвесторларға барынша көмектесуге ниетті.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірде біршама ірі инвестициялық жобалар қолға алынғаны белгілі. Сол өндіріс ошақтары толық қуатында жұмыс істесе, біздің ұтылмайтынымыз анық. Мыс концентратын өндіретін кәсіпорын шынында да іргелі зауыттың санатына кіреді. Жалпы, өңірде жұмысын бастаған кез келген өндіріс ошағы жергілікті халықты жұмыспен қамтуға басымдық беруге тиіс. Мұнда да талап сол екенін айта кеткен жөн. «Шатыркөл» кен байыту фабрикасы үздіксіз жұмыс істеуі үшін жергілікті атқарушы билік өкілдері қолдан келгенше қолдау көрсетеді», дейді Е.Қарашөкеев.
Жергілікті атқарушы билік өкілдері келтірген ресми дерекке жүгінсек, 2024-2028 жылдар аралығында жалпы құны 2,5 трлн теңгені құрайтын 70 инвестициялық жобаны іске асыру көзделіп отыр. Кезең-кезеңімен жүзеге асырылған нәтижелі жұмыстың арқасында мыңдаған тұрғынды жұмыспен қамтуға мүмкіндік тумақ. Ал осы жылы 228,4 млрд теңгеге 1 432 жұмыс орнын құру үшін 19 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген.
Қандай да бір өндіріс ошағы ашылған кезде жергілікті халық «экологияға зияны жоқ па?» деген сұрақты жиі қойып жататыны бар. «Қазақмыс» ЖШС басқарма төрағасы Нұрахмет Нұриевтің айтуынша, өнім өндірудің барлық қауіпсіз жолы қарастырылған. Экологияға ешқандай зиян келмейді.
«Өндірісте мыс кенін байытудың әлемдегі ең зиянсыз технологияларының бірін қолдануға бел буғанымызды айта кеткен дұрыс. Шаң тұту тиімділігі 99 пайыз коэффициентті құрайтын заманауи аспирация жүйесінің көмегімен жүзеге асырылады. Бұдан бөлек, тасымалдау көлемін азайтудың арқасында жол жиегіндегі шаң айтарлықтай төмендейтінін ескерген жөн. Сондай-ақ өндіріс ошағына жақын елді мекендер кәсіпорынның әсер ету аймағынан 20 шақырымнан астам қашықтықта орналасқан. Біздің фабрикада технологиялық үдерістерді басқарудың жаңа автоматтандырылған жүйесі енгізілген. Бұл қадам өз кезегінде жұмыс тиімділігін үстемелейді. Сонымен қатар өнеркәсіптік қауіпсіздік пен еңбекті қорғауға айтарлықтай ықпал етеді. Бір сөзбен айтқанда, қауіпсіздік шараларына айрықша басымдық беріп отырған жайымыз бар», дейді «Қазақмыс» ЖШС басқарма төрағасы Нұрахмет Нұриев мәселенің мәнісін түсіндіріп.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі келтірген мәліметке сүйенсек, ірі жобаны жүзеге асыру үшін 94 млрд теңге инвестиция салынған. Ал іргелі кәсіпорында жылына 94 млрд тонна кен өңделіп, 98,6 мың тонна мыс концентранты шығарылмақ. Концентраттағы мыстың құрамы шамамен 24 пайыз екен. Ал қажетті шикізат «Шатыркөл» және «Жайсан» кен орындарынан алынады. Ірі кәсіпорынның құрылыс жұмысын отандық «AAEngineering Group» ЖШС жүргізіпті. Жаңа жоба аясында 400-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Жауаптылардың айтуынша, жаңа жұмыс орындарының 60 пайызынан астамы жергілікті тұрғындарға бұйырады.
Зауытта өрт сөндіру депосы, медициналық пункт, заманауи өрт дабылы, өрт сөндіру және бейнебақылау жүйесі орналастырылған. Сонымен қатар ұсақтау-сұрыптау кешені, бас ғимарат, жатақхана мен асхана, зертхана, жөндеу-механикалық шеберхана, қалдық қоймасы және тағы басқа нысандармен қамтылған.
Өңір бойынша тау-кен өнеркәсібі саласында 125 кәсіпорын жұмыс істейді. Жаңартылған деректерге сүйенсек, алғашқы жартыжылдықта 54,2 млрд теңгенің өнімі өндіріліпті. Көрсеткішті өткен жылмен салыстырсақ, нақты индекс көлемі 102,8 пайызға жеткен. Ал сала бойынша нақты өндірістік өнім көлемінің үлес салмағы 13,1 пайызды құрап отыр.
Ербол Қарашөкеев облысқа инвестиция тартуға ерекше ден қойып отыр. Өзі бастап, жауапты мамандар қоштап, Қытай еліне арнайы сапармен барып келді. Біраз уақыт бұрын көрші мемлекеттегі тиімді жұмыспен танысты. Өңірге инвестор тартудың тың жолдарын қарастырды. Алдағы жылдары жаңа жобалар да өз нәтижесін береді деген үміт басым.
Аймақта тау-кен өндіру өнеркәсібінен бөлек, тамақ өнеркәсібін өрістетуге де басымдық беріліп отырғанын айта кеткен жөн. Облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы мамандары келтірген дерекке жүгінсек, 2027 жылға дейін жалпы құны 90 млрд теңгені құрайтын 26 жобаны іске асыру көзделіп отыр.
Жамбыл облысы