ШЫҰ елдері мұнай-газ саласы, электр энергетикасы, жаңартылатын және төмен көміртекті энергия көздері, атом энергиясын бейбіт мақсаттарда пайдалану, көмір өнеркәсібі, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру сияқты негізгі бағыттар бойынша ынтымақтастықты тереңдетіп, тәжірибе алмасуды көздейді.
Құжатта ШЫҰ-ға мүше мемлекеттің аумағында өндірілетін мұнай мен газ ресурстары бірінші кезекте ішкі қажеттіліктерін қамтамасыз етуге негізделетіні атап өтілген. Бұдан басқа, стратегия транзиттік әлеуетті дамытуды, экспорттық бағыттарды әртараптандыру мүмкіндігін қарауды, мұнай-газ тасымалдау инфрақұрылымының қауіпсіздігі мен сенімділігін арттыруға жәрдемдесуді мақсат етеді.
Ұйымға қатысушылар сондай-ақ мұнай-газ химиясы өнімдерін қоса алғанда, көмірсутектер негізінде өнімдер өндіру бойынша бірлескен жобалар жасауға мүдделі. Тараптар ШЫҰ кеңістігіндегі электр қуаты инфрақұрылымының мүмкіндіктерін, сондай-ақ әртүрлі энергия көздерін интеграциялау, өңірлік электр энергиясы нарықтарын қалыптастыруды технологиялық мүмкіндіктер шеңберінде дамыту мүмкіндіктерін зерделеуге ниетті. Сондай-ақ елдер отынның жаңа түрлері секторындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселесін қарастыруға келіскен.
Бұдан басқа, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің атом ынтымақтастығы жөніндегі ғылыми-техникалық орталығын құру мүмкіндігі қарастырылмақ.