Қоғам • 18 Шілде, 2024

Лудомандарды емдеудің жаңа тәртібі енгізіледі

222 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында ойын бизнесі және лотерея қызметін реттеу бойынша қабылданған заңнамадағы негізгі жаңашылдықтар туралы тарқатып айтып берді, деп жазады Egemen.kz.

Лудомандарды емдеудің жаңа тәртібі енгізіледі

Фото: tenbook.ru

Ойын бизнесі мәселелері туралы жаңа заңға сәйкес, жеке тұлғаларды құмар ойындар мен бәс тігуден өз бетінше шектеудің ең ұзақ мерзімі 10 жылға дейін ұлғайтылды.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елде 19 лудоман ресми тіркелген. Мирас Төлебаев бұл практикалық тұрғыда нақты санды көрсетпейтініне назар аударып, оларды емдеудің жаңа тәртібі енгізілетінін хабарлады.

«Лудомандар мемлекеттік клиникалардан көмек сұрамайтыны белгілі. Есепке алынған азаматтар ЖОО-ға түсе алмайды, әскерде қызмет ете алмайды және жұмысқа орналаса алмайды. Пациенттердің көбі өте көп ақша жұмсап, жеке ұйымдарда оңалтудан өтеді. Енді мемлекеттік клиникаларда да анонимділік қамтамасыз етіледі», деді вице-министр.

Заң күшіне енгеннен кейін онлайн-казино ұйымдастырушылар Қылмыстық кодекстің 307-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Ал ойын бизнесін заңды ұйымдастырушылардың тізімі министрліктің сайтында және Е-лицензиялау порталында жарияланған.

«Лотерея терминалдары мен тираждық электрондық лотереяларға тыйым салынды. Лотерея операторының электрондық өнімдері оның ресми интернет-ресурсында және мобильді қосымшасында ғана болады», деді Мирас Төлебаев.

Соңғы жаңалықтар