Үкімет • 19 Шілде, 2024

Су тасқыны: Жол мен көпірлерді жөндеуге 22,7 млрд теңге бөлінді

174 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Үкімет көктемгі су тасқыны салдарын жоюға және зақымдалған инфрақұрылымдық нысандарды қалпына келтіруге төтенше резервтен қосымша 22,7 млрд теңге бөлді.  Премьер-министр Олжас Бектенов тиісті қаулыға қол қойды, деп жазады Egemen.kz.

Су тасқыны: Жол мен көпірлерді жөндеуге 22,7 млрд теңге бөлінді

Фото: wrm.kz

Бөлінген қаржы Ақмола, Ақтөбе, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы жолдарды, сондай-ақ көпірлер мен су өткізгіш құрылымдарды қалпына келтіруге, реконструкциялауға және құрылыс жұмыстары үшін әкімдіктерге үлестіріледі.

Су тасқынының салдарын жою бағытында Ақтөбе облысында 31 жоба жүзеге асырылып жатыр. Олардың ішінде Ырғыз – Нұра, Ырғыз – Құттыкөл, Құмтоғай автожолдарындағы су өткізгіш құбырларды, Ойыл ауылына апаратын автожолды жөндеу, Ойыл өзеніндегі көпірді қайта жаңғырту, сондай-ақ Әйтеке би ауданы Әйке ауылындағы көпір өткелінің құрылысы бар.

«Ақмола облысында Атбасар қаласына апаратын жол бөлігін, Атбасар – Сочинское автожолын қайта жаңарту, Жалтыр – Макинск автожолын, Қалқұтан ауылына, Жамбыл және басқа да елді мекендерге кіреберіс жолдарын жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Барлығы – 14 бағыт.

Қостанай облысында қаражат 22 бағыт бойынша жолдарды, көпірлерді және 10-ға жуық су өткізгіш құбырды жөндеуге және реконструкциялауға жұмсалады», делінген Үкімет хабарламасында.

Сонымен қатар осы қаржы есебінен Солтүстік Қазақстан облысында 10 жолды, оның ішінде Көкшетау – Омбы бағытындағы жолды жөндеу, сондай-ақ 22 шақырым су өткізгіш құбырларға орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.