Аймақтар • 19 Шілде, 2024

Су тасқынынан зардап шеккен Қостанай облысының тұрғындары баспаналы болды

125 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Үш айдың ішінде Қостанай облысында 57 отбасы үшін тұрғын үй салынды, тағы 315 отбасы үшін үй мен пәтер сатып алынды. Жөндеуді қажет еткен 815 үйді қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр, деп жазады Egemen.kz.

Су тасқынынан зардап шеккен Қостанай облысының тұрғындары баспаналы болды

Фото: primeminister.kz

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Арқалықта салынып жатқан көппәтерлі үйдің құрылыс барысын және мердігерлердің жұмысын тексерді. «Базис А» компаниясының қаражаты есебінен салынып жатқан тұрғын үй 50 отбасына арналған. Сондай-ақ вице-премьер Арқалық ЖЭО-ның алдағы жылыту маусымына дайындығын тексерді.

Жангелді ауданының Көлқамыс ауылында 19 үй салынып жатыр. Үйлер «Қазақстан халқына» қоры есебінен салынып, шілде айының соңына дейін пайдалануға беріледі. Бүгін Жангелдин ауданының Тауыш ауылында су тасқынынан зардап шеккен  22 отбасы баспаналы болды.

Қостанайда да 14 отбасы пәтер кілтін иеленді. Салтанатты жиында Қанат Бозымбаев пәтер иелерін құттықтап, оларға төзімділік пен шыдамдылық танытқаны үшін тағы да алғыс айтты. 

Қостанай тұрғындарымен бірге Алтынсарин ауылының тұрғындары да қоныс тойын тойлады. 21 үйдің кілтін «Қазақстан халқына» қоры төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева табыс етті.

Өңірде су тасқыны салдарын жою жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Қанат Бозымбаев Алтынсарин ауылындағы жөнделген тұрғын үйлерді аралап, бизнесі зардап шеккен жергілікті кәсіпкерлермен және тұрғындармен кездесті.

Қостанай облысына жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Қанат Бозымбаев жергілікті атқарушы органдар мен бейінді министрліктерге бірқатар тапсырма берді.