Білім • 23 Шілде, 2024

Үміт сыйлаған білім бағдарламасы

168 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Шымкенттегі Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педа­го­гикалық университетінде мемлекеттік «Серпін» бағдар­ла­­ма­сының 10 жылдығына арналған мазмұнды іс-шара өтті. Оған академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу уни­­вер­­ситетінің ректоры, академик Нұрлан Дулатбеков қатысты.

Үміт сыйлаған білім бағдарламасы

«Елімізде он жылдан бері «Серпін» бағдарламасы жүзеге асып келеді. Бағдарламаның мақ­саты маман даярлау ғана емес, сонымен бірге оның астарында саяси-әлеуметтік, экономикалық үлкен идея жатыр. Бүгінгі таңда «Серпін» бағдарламасымен елімізде 19 жо­ға­ры оқу орны мамандар даяр­лайды. Еліміздің оңстүстігі мен батыс өңірлерінің талапкерлеріне жыл сайын 3-4 мың грант бөлініп, оларға бар әлеуметтік жағдай жа­салған. Осы орайда «Серпінмен» оқуға түскен студенттер солтүстік, шығыс аймақтардағы жоғары оқу орындарында педагогикалық, инженер-техникалық, ақпа­рат­тық технология, ауыл шаруа­шылығы мамандықтары бойынша білім алады. Солтүстік өңірде «Серпінмен» бітірген мамандарға сұраныс өте жоғары. Себебі олар – бұл аймақтарға қажет мамандарды толтыратын жұмыс күші. Қазір академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінде 2000-ға жуық студент «Серпін» бағдарламасымен оқиды. Олардың жұмысқа орналасу көрсеткіші де 80 пайыздан асады. Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде оңтүстік жастары солтүстік аймақтарда жұмысқа орналасып, сол жерде орнығып қалуы ел экономикасының күшеюіне оң септігін тигізеді. Ал «Серпінмен» оқуға түсуге қарастырылған жеңілдіктің бірі – ол төменгі тест балымен грантқа түсу мүмкіндігі жоғары болуы. Сонымен бірге студенттер оқитын университеттерде шәкіртақы мен тегін немесе бағасы арзан жатақ­ха­на­лар қарастырылған», деді Н.Дулатбеков.

Сондай-ақ Е.А.Бөкетов атын­­дағы Қарағанды зерттеу уни­вер­ситеті ректорының айтуынша, «Сер­пін» бағдарламасы бо­йын­ша, әсіресе педагогикалық ма­ман­дықтарға сұраныс көп. Бұдан бөлек, биыл шәкіртақы көлемі де өскен. Бағдарламада қаралған тағы бір жеңілдік: бұрын гранттың өтемі ре­т­інде оқу бітірген студент 3 жыл сон­да қалып жұмыс істесе, қазір бұл мерзім 2 жылға қысқарған. Соны­мен қатар бір ғана облыспен шек­телмейді. Республиканың 11 өңі­­­рінің біріне жолданады. «Сер­пін­­нің» енді бір пайдасы – оңтүстік пен батыс өңірлерінің студенттері сол­түстік пен шы­ғысқа оқуға барып, түбінде сол жақта тұрақтап қалса, ішкі көші-қон мәселесі де реттеледі.

Академик Е.А.Бөкетов атын­дағы Қарағанды зерттеу уни­вер­ситетінің ректоры Н.Ду­лат­беков Instagram әлеуметтік же­лісі арқылы ата-аналар мен та­лап­­керлерден сауал көп түсе­тінін айтады. Міне, оңтүстікке арнайы келуінің бір себебі осы. Ректор күн сайын жеке өзі университеттің Instagram желісінің парақшасында 40-50-ге жуық талапкермен тіл­десетінін жеткізді. Бұл мектеп түлектері мен олардың ата-ана­ларының мемлекеттік «Серпін» бағдарламасына қызы­ғу­шылығы жоғары екенін айғақтайды.

Ал «Серпінмен» бала оқы­тып жатқан республикадағы 19 жоғары оқу орнының ішінде академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды зерт­теу университетінің бәсі биік. Себе­бі бүгінде елімізде 6000-дай сту­дент аталған бағдарламамен білім алса, соның 2000-ы Қарағанды зерт­теу университетінің үлесіне тиесілі. Ал талапкерлердің дені 19 жоға­ры оқу орнынан академик Е.А.Бөке­тов есімін иеленген оқу орнын таң­дауы – білім сапасы мықты болса ке­рек. Сондай-ақ мұнда сту­денттерге барлық әлеуметтік жағ­дай жасал­ған.

Ал Ө.Жәнібеков атын­да­ғы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің құжат қабылдау бөлмесі нағыз қарбалас. Осын­да құжат өткізіп жүрген талап­кер­лерді ата-аналарымен көп кез­дес­тірдік. Соның бірі – Түркістан облы­сы Бәйдібек ауда­нының орта­лығы Шаян елді мекеніндегі С.Жап­паров атын­дағы орта мек­теп­тің түлегі Ләйлә Әсет. Ол ұлттық бір­ың­ғай тестілеуден 89 балл жинап, грантқа іліге ал­ма­ған­нан кейін «Серпін» арқылы оқуға тү­су­ге құжатын арқалап осында кел­ген.

«Анамның ақылымен әрі өзім­нің қалауыммен мемлекеттік бағдарламаның мүмкіндігін пайдаланып көрсем деймін. Сол мақсатпен үмітімді үкілеп, құжатымды әкеп тапсырдым. Өтінімге Арқалық, Өскемен, Семей, Қарағанды, Көкшетау, Петропавл қалаларын таңдадым. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша білім алғым келеді. Бәрінен бұрын мені тегін оқу қызықтырды. Студенттерге де жақсы жағдай жасалған деп естідім. Сондықтан туған жерімнен жырақта оқуға бел байлап отырмын. Оның үстіне қазақ­тың зиялы қауы­мы­ның алтын бесігі болған Арқа мен Семей өңірінің жоғары оқу орында­рында білім сапасы мықты екені белгілі. Сондықтан ұлт қаймақтарының ізі қалған жерде білім қуып, нағыз маман иесі атансам деген ниетім бар», деді ол.

Айта кетейік, жалпы грант конкурсына құжат қабылдау рәсімі биылғы 13-20 шілде ара­лығында өтсе, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қос­танай, Солтүстік Қазақстан облыс­тарының талапкерлері үшін бұл мерзім 13-24 шілдеге дейін жалғасады.

ШЫМКЕНТ