Мазмұнды іс-шараның мақсаты – «Өркен» білім беру грантына үміткерлер арасында резервтік тізімде тұрған ауыл мектебінде оқитын, соның ішінде әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыдан шыққан 7-сыныптың бір оқушысына NIS түлектері атынан Зияткерлік мектепте оқуға қажетті қаражат жинау. Былтыр Түркістан облысы Шәуілдір аулының оқушысына дәл осындай грант беріліп, оның оқу ақысын толық төлеу үшін екі қайырымдылық балы өткен еді. Биыл бұл оқушы Шымкент қаласындағы химия-биология бағытындағы Зияткерлік мектептің оқу жылын үздік бітірді.
Қайырымдылық балда сөз алған «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин іс-шараның маңызына тоқталып, оған келіп қатысқан түлектерге ризашылығын білдірді.
– «Alumni NIS» қауымдастығы – біздің үлкен байлығымыз. Біз тәжірибе алмасып, бір-бірімізді қолдау арқылы биік белеске қол жеткізе аламыз. Біз – үлкен отбасымыз, сондықтан біздің күшіміз бірлікте екенін естен шығармайық. Әлемді ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық арқылы жақсы жаққа өзгертуге болады. Бүгінгі бал тек қайырымды іс жасау ғана емес, сонымен бірге тамаша кездесу алаңы дер едім. Осы залға түрлі саланың өкілі жиналды. Сондықтан бұл іс-шара бәрімізге жылы шуағын төгіп, жаңа мүмкіндік сыйлайтынына сенемін. Шын мәнінде, Зияткерлік мектептер сіздерге көп мүмкіндік берді. Сапалы білім мен адами асыл құндылықты бойларыңызға сіңірді. Енді білім алған мектептеріңізді, оқушыларды жан-жақты қолдайтын уақыт келді, – деді ұйымның басқарма төрағасы.
Іс-шара барысында Назарбаев Зияткерлік мектептері мен «SmarTestPrep» компаниясы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Екіжақты келісім Зияткерлік мектеп оқушылары үшін жаңа мүмкіндік береді. Алдағы уақытта жүлде қоры 3 миллион теңге болатын байқау өткізілмек. Сонымен бірге оқушыларға емтиханға дайындалу үшін шағын курстан (IELTS/SAT/NUET) өту, шетелде оқу және т.б. қызмет түрі тегін ұсынылады.
Қайырымдылық балға Біріккен Ұлттар Ұйымы, Парламент Сенаты, Ұлттық банк, «Астана» Халықаралық қаржы орталығы, KPMG, «Ernst & Young», «Deloitte», «Binance», «Alstom», «Dyson», «PricewaterhouseCoopers», «Kaspi.kz», «Beeline» және басқа да жетекші отандық және халықаралық ұйымдар мен компанияларда қызмет ететін, сондай-ақ «Ivy League» мен QS рейтингіндегі үздік жоғары оқу орындарында оқитын түлектер қатысты.
Олардың арасында Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектептің түлегі Аделина Луценко да бар. Бүгінде ол Азаматтық авиация академиясының ұшқыш-нұсқаушысы болып жұмыс істейді. Биыл көктемде Аделина нұсқаушы және студент қыздардан құралған оқу ұшағын әуеге көтерді. Бұл оқу тәжірибесі тарихында алғаш рет болды.
– Қайырымдылық балы – тек достарымызбен кездесу ғана емес, түлектер қауымдастығының бастамасын қолдауға бағытталған ерекше іс-шара. Мен NIS-те сапалы білім алдым. Сондықтан бұл білім ошағы оқуға ынталы, бірақ қаржылық қолдауды қажет ететін балаларға қолжетімді болғанын қалаймын. Біздің әрқайсымыз өскелең ұрпақтың дамуына өз үлесімізді қосуға тиіспіз. Мен осындай маңызды істің басы-қасында болғанымды мақтан етемін, – деді ол.