«Крендельдің» өнімін білмейтін павлодарлық жоқ. Дәл осы жерде сан алуан тәтті, дәмді тоқаштар, торт, бауырсақ, самса, құймақ, жартылай піскен және дайын, мұздатылған өнімдер пісірілетінін ауыл-қаладағы жұрттың бәрі біледі. Туған күн, әртүрлі мереке-мейрамдарда дәстүрлі түрде «Крендель» тәттілері дастарқанда тұрады.
Компания отандық нарықта 29 жылдан бері қанатын кеңге жайып келе жатыр. Бүгінде оның өнім пісіру цехтары ғана емес, кофехана, дүкен мен мейрамхана желілері табысты жұмыс істеп тұр. Кәсіпорында шамамен 600 қызметкер еңбек етеді. Күн сайын цехтарда 5-7 тонна өнім дайындалып, бірден сауда сөрелеріне жөнелтіледі.
Өнімдері еліміздің барлық қаласында, сондай-ақ Қытай мен Ресей елдерінде танымал. Мұндағы сауатты даму мен басқару формасы бүгінде көп компания үшін үлгі болып отырғаны да мәлім. Кәсіпорынның қазақ халқының қонақжайлылық қасиетін гастрономиялық мәдениет тұрғысынан арттыруға да аса мән беріп отырғаны байқалады.
Сауда-саттық саласы мен менеджерліктің құпиясын әбден меңгеріп үлгерген Мәдина Тоқжанқызы қызмет мансабын қарапайым бухгалтер болып бастаған. Кейін ауыл шаруашылығында, соның ішінде асыл тұқымды мал өсіру ісімен айналысқан. Біраз жылдар бетон, темір-бетон өнімдерін өндіру, құрылыс материалдарын сату, цемент пен инертті материалдар тасымалын, құрылыс-монтаждау жұмыстарын ұйымдастырумен шұғылданыпты. Ал 2020 жылдан бері «Крендель» компаниясына қосылып, кәсіпорынның жұмысы бойынша шешімдер шығаруға атсалыса бастаған. Арада төрт ай өткенде ол «Крендель» ЖШС атқарушы директоры, одан көп ұзамай бас директоры қызметін атқара бастады. Осылайша, отандық нарықта тәтті өнімдерімен танымал компанияның сауда-саттық бойынша даму стратегиясын әзірлеп, оны батыл түрде іске асыра бастады. Қазіргі уақытта мұнда 1000-нан астам атаулы өнім бар. Олардың барлығы тұтынушылар тарапынан сұранысқа ие.
«Біздің салада, соның ішінде Павлодар қаласында бәсекелестік жоғары деңгейде өсіп келеді. «Крендель» тек аймағымызда ғана емес, еліміздің аумағында тәттілер пісіруден нөмір бірінші компания болып отырғаны айқын. Бұл деңгейден түспеу үшін бізге нарықтағы түрлі қиындықтан жол тауып шығуға тура келеді. Жұмыстағы басты қағидам – өз ісіңнің патриоты болу. Сүйіп істеген еңбек қана жетістікке әкеледі. Екіншіден, ұрпағымыз дені сау болып жетілуі үшін олар сапалы әрі табиғи тағамды ішіп-жеуі керек. Бұл тұрғыда біздің компанияның тұтынушылар алдындағы ары таза. Технологтерімізден үнемі өнімдеріміздің табиғи әрі құнарлы болуын талап етемін. Үшіншіден, тұтынушылардың сатып алу мүмкіндігін ескеру. Өздеріңіз байқап отырғандай, кейінгі жылдары елде қымбатшылық үрдісі байқалады. Коммуналдық тарифтер жеке тұтынушыларды қоспағанда, заңды тұлғалар үшін биылдың өзінде 46 пайызға көтеріліп кетті. Мұның барлығы өнімдеріміздің қымбаттауына әкеп соқтырады. Бірақ біз компания өнімдерінің бағасын өсірмеуге тырыстық. Пайда бұрынғыдан аз түсетінін біле тұрсақ та, тұтынушылардың сатып алу мүмкіндігімен санасамыз. Себебі айналаның бәрінде қымбатшылық үрдісі пайда болғанымен, елдің бәрінің еңбекақысы көтерілген жоқ. Осыны ескеру маңызды», дейді ол.
Биыл кәсіпорын өз қызметкерлерінің еңбекақысын біртіндеп көтере бастады. Ендігі ретте мемлекет бизнестің коммуналдық шығындарын төмендетуге көмектессе деген тілегі бар кәсіпкердің. Мемлекет басшысының отандық бизнесті жан-жақты қолдау туралы тапсырмасын Үкімет пен жоғарыдағы жауапты ведомстволар ескерсе екен дейді.
Бүгінде отандық тәтті тағамдар саласын сапалы шикізатпен қамтуда біраз мәселе бар. Мысалы, өнімдерге қосылатын көптеген шикізат, соның ішінде маргарин, сүт, кілегей, шоколад Ресейден жеткізіледі. Олардың өнімі шындап келгенде қымбат. Сондықтан кондитерлік өнімдер мен тәттілер дайындайтын компанияларды отандық шикізатпен қамтитын арнайы бағдарлама жасалса, жаман болмас еді.
«Көп дүниені елімізде жасауға болатынына көзіміз жетіп тұрып, ішім удай ашиды. Мәселен, кейінгі жылдары Павлодар облысындағы үй аулаларына, балаларға арналған алаңдарға ресейлік ойын және жаттығу жабдықтары орнатыла бастады. Неше түрлі құрал-жабдық көздің жауын алады. Дәл мұндай сападағы өнімді өзіміздің кәсіпорындар да дайындап шығара алар еді. Жалпы, өзге мемлекеттерден көп көлемде сатып алып отырған тауарларды өзімізде өндіретін уақыт жетті. Есесіне миллиондаған бюджет қаражатын елде қалдыратын едік», деп өзін толғандырып жүрген мәселемен бөлісті.
Мәдина Тоқжанқызы бүгінде Павлодар қалалық мәслихатының депутаты қызметін де абыроймен атқарып жүр. Адамдардың жеке мәселесін шешуде алдына жан салмайды. Дейтұрғанмен онысын әлеуметтік желілерде жарнамалағанды ұнатпайтыны байқалады. Бұған қоса жергілікті мешіт-медреселерге, жалғыз басты аналарға материалдық тұрғыдан тұрақты көмек көрсетіп келеді. Өмірлік қиын жағдайға тап болған кейбір жандарды кәсіпорынға жұмысқа шақырып, аяғына тұрып кетуіне жәрдемдескенін де естіп білдік.
Сөз соңында ол тұтынушылар ризалығының өлшемі арқылы өз компаниясы өндіретін өнімдердің сапасын таразылап отыратынын жеткізді. Тұтынушы – өнім сапасының барометрі. Ал бұл сауда-саттық саласында маңызды рөл ойнайды. Өз тұтынушыларын жақсы көру, туған елді, жерді сүю кәсіпкер үшін бүгінде өмірлік кредоға айналған.
Павлодар облысы