Үкімет басшысы тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту критерийі бойынша әкімдердің нақты жұмысына KPI енгізуді тапсырды. Ол үшін «Отбасының цифрлық картасы» платформасы негізінде шұғыл және дағдарыс деңгейінен қанағаттанарлық және бақуатты деңгейге дейінгі бес санат бойынша барлық отбасының әл-ауқатына тұрақты мониторинг пен талдау жүргізілетін болады. Отбасылардың қанағаттанарлықсыз санаттан жақсаруға көшу динамикасына және керісінше көрсеткішке байланысты жергілікті атқарушы органдардың жұмысы бағаланады. «Отбасының цифрлық картасының» қазіргі нәтижелерін БҰҰ мен жетекші халықаралық институттар оң бағалап отырған көрінеді.
Әкімдерге бұл құралды орта және ұзақмерзімді шараларды жоспарлап, іске асыру үшін қажетті негізгі нұсқаулық ретінде пайдалану тапсырылды. Мұқтаж отбасылардың өмірде қиын жағдайға тап болу қаупінің алдын алу мақсатында, сондай-ақ кедейлікті, жұмыссыздықты, халықтың жасырын жұмыспен қамтылуын азайту үшін оларды белсенді түрде анықтау қажет. Үкімет басшысы өңір әкімдеріне орталық мемлекеттік органдармен бірлесіп әр отбасымен жеке жұмыс жүргізуді әрі «дағдарыс» және «шұғыл» санаттардағы отбасыларды жыл соңына дейін 31,2 мың отбасына дейін қысқартуды қамтамасыз етуді тапсырды.
«Мемлекет басшысының алдымызға қойған міндеті – еліміздегі өмір сапасын жақсарту. Тетік бар, мемлекеттік қолдау шаралары жұмыс істейді, мемлекет қажетті қаражатты бөледі. Біз әкімдердің халық әл-ауқатын жақсартуға қосқан үлесін нақты бағалау критерийіне көшеміз. Индикаторлардың орындалу мониторингі тұрақты болады. Онлайн режімде динамиканы көріп, қорытынды жасаймыз», деп атап өтті Олжас Бектенов.
Айта кету керек, республикалық бюджеттің басым бөлігі әлеуметтік міндеттемелерді толық іске асыруға, өңірлерді дамытуға бағытталған. Осыған байланысты кеңесте азаматтарға мемлекеттік қолдау шараларының уақтылы көрсетілуін әрі ашықтығын қамтамасыз ететін «Әлеуметтік әмиян» жобасы қаралды. Әлеуметтік әмиян арқылы тұрғындарға пилоттық режімде мектептерде тегін және жеңілдікпен тамақтану, дәрі-дәрмек ұсынылады. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін сатып алуға, мүгедектігі бар адамдар үшін оңалтудың техникалық құралдарын сатып алуға атаулы көмек көрсету жөніндегі пилоттық жобаны, сондай-ақ жанар-жағармаймен тауарлы газға бағаның өсуін өтеу мақсатында халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған ваучерлерді іске қосу қосымша пысықталып жатыр.
Үкімет басшысы мемлекеттік органдарға әлеуметтік әмиянға және Цифрлық картаға түсетін деректердің өз саласы мен бағыты бойынша дәлдігі мен дұрыстығын қамтамасыз етуді тапсырды. «Әлеуметтік әмиян» жобасын кеңейту, заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу мәселелерін пысықтау тапсырылды. Бұдан басқа, қаражатты мақсатты есептеуді, оның ішінде электронды ақша мен цифрлы теңге платформаларын пайдалана отырып пысықтау қажеттігі атап өтілді.
Сондай-ақ білім беру қызметтерін көрсету сапасын арттыруға бағытталған «Мектепке дейінгі ұйымдарды ваучерлік қаржыландыру» жобасы таныстырылды. «Ақша баланың соңынан жүреді» тұжырымдамасы мемлекеттік тапсырыс қаражаты ата-аналардың таңдауынан кейін ғана мектепке дейінгі ұйымдарға аударылатынын білдіреді. Бұл балабақшалар арасында бала үшін бәсекелестікті арттыруға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді. Оқу-ағарту министрлігіне Тараз және Шымкент қалаларында ваучерлік қаржыландыру бойынша пилоттық жобаны аяқтау және оны 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап бүкіл ел бойынша таратуды қамтамасыз ету тапсырылды.