Қан рагін емдеуде діңгекті жасушаларды егу әдісін қолданады. Бұл – күрделі әрі қауіпті медициналық шара. Бірақ Германияда тұратын науқас содан ақ қаннан да, ЖИТС-тен де жазылып кеткен. Жалпы, сүйек миын ауыстырып, ЖИТС-тен жазылған бұл – бірінші науқас емес. Оның алдында Браун деген адам 2008 жылы өзінің ЖИТС-ті жеңгенін мәлімдеген. Ол да әлгіндей медициналық әдіс жасатқан. Бірақ 2020 жылы қатерлі ісіктен көз жұмады. Дегенмен жазылып кеткен науқасты емдеуші дәрігер әрі зерттеуші Кристиан Геплер ЖИТС әсері оның бойынан толық жойылды деп айту ертерек дейді. Сондықтан медицина сарапшылары әлі соңғы қорытындысын жасаған жоқ. Бірақ Геплер бұл жағдай келешекте ЖИТС-ті емдеуге болатынына үміт сыйлайтынын жеткізді. Өз кезегінде халықаралық ЖИТС қауымдастығының президенті Шарон Луин науқас бес жылдан бері дәрі ішпей келеді, демек ол қатерлі аурудан толық айықты деп жариялайтын күн жақын қалды дегенді мәлімдеді.
Бір қызығы, өмірде ЖИТС жұқпайтын адамдар болады екен. Оның себебі олардың бойында CCR5 дельта 32 деген арнайы ген бар. Бұл ген ЖИТС вирусының адам клеткасына өтіп кетуіне тосқауыл жасайды. Және мұндай ген екі нұсқада жүреді. Бірі адамның өзінде, екіншісі әкесінде болады. Бірақ бұл ген жүзден біреуде ғана, яғни өте сирек кездеседі екен. Германияда жазылған жеті адамның алтауына осындай гені бар донорлардың сүйек миын салдырған. Ал жетіншісі, біз әңгіме еткен науқас жалғыз нұсқадағы жай CCR5 гені бар донордың сүйек миына жүгінген. Соның өзінде айықпас инфекциядан жазылып кетіп отыр. Бұл деген сөз сүйек миын ауыстыру арқылы ертеңгі күні науқастардың ЖИТС-тен жазылуға керемет мүмкіндігі болады дегенді білдіреді.
Біз осы орайда аталған мәселе жөнінде Шымкент қалалық ЖИТС орталығының бас дәрігері Бекен Сырбекұлынан пікірін білдіруін сұраған едік. Маманның айтуынша, жаңа әдіс ЖИТС-ті емдейді деп кесіп айту әлі ертелеу екен. Оның үстіне 7 адамның жазылуы – медицинада клиникалық дәлел емес. Ол үшін кемі мың адам тәжірибеден өтіп, соның 900-ден астамы айықса, онда қабылдауға болады. Соның өзінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұйғарым, кеңесі немесе нұсқауы қажет екен. Сонымен қатар мұндай қатерлі әдіске бармай-ақ қазіргі препараттарды күнделікті ішіп жүрсе, соның өзі инфекцияның қауіпті белгілерін қайтаратын көрінеді. Мәселен, кейінгі екі жылда Шымкентте ЖИТС жұқтырып туған бірде-бір нәресте тіркелмепті. Дәрісін уақтылы қабылдаса, анадан сап-сау бала туады, ауырған ер немесе әйел препараттардың көмегімен қорғанбай-ақ жыныстық қатынасқа түсіп, болашақта отбасын құра алады.
Сондай-ақ Б.Сырбекұлының айтуынша, 1982 жылы медициналық есептер мен БАҚ-та ЖИТС туралы алғашқы ақпарат жарияланған екен. Көп ұзамай 1987 жылы қатерлі дерт Қазақстанда да тіркелген. Жаңа аурудың алдын алу мен күрес жұмыстарын жүргізу мақсатында 1989 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау бөлімінің Шымқалада ЖИТС орталығы ашылып, зертханалық диагностикасы енгізіледі. Алғашқы кезде орталықта 3 құрылымдық бөлім болыпты. Олар – профилактикалық және әдістемелік жұмысты ұйымдастыру, халықты эпидемиологиялық тексеру, зертхана бөлімдері.
Ал арнайы клиникалық және эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша жүргізілген тексерулер барысында 1993 жылы Шымкент қаласында алғашқы АИТВ жұқтырған науқас анықталады. Зертхананың кеңеюі, қызметкерлердің көбеюіне байланысты орталық 1998 жылы Кремль көшесіндегі жаңа ғимаратқа ауысады. Орталықтың қысқаша жетістіктеріне тоқталсақ, 2000 жылдың басынан бастап инемен есірткі тұтынушылар, тәнін саудалаушылар арасында профилактикалық іс-шараларды қолға алды. Оның ішінде инфекцияның анадан балаға берілуіне қарсы жұмыстар жүргізді. Ағымды цитометрия әдісімен иммунитет деңгейін анықтайтын аппарат алды. 2006 жылы ретровирусқа қарсы препараттармен ем жүргізіле бастады. Сол жылы жедел-тест әдісімен АИТВ-диагностикасы енгізілді. Қатынастан кейінгі алдын алу емі жүрзілді. Ретровирусқа қарсы терапия тиімділігін бақылау үшін ПТР-диагностикаға көшті. 2021 жылдан бастап сау адамдарға АИТВ-ны жұқтырып алмау үшін қатынасқа дейінгі алдын алу емі бойынша шаралар қабылданды.
Бүгінгі таңда ЖИТС орталығында 123 медицина маманы жұмыс істейді. Олардың көпшілігі – шетелде оқып, тәжірибе алмасып келгендер. Зертхананың өндірістік қуаты – тәулігіне 2 мыңнан аса тексеру жүргізуге қауқарлы. Сондай-ақ АИТВ диагностикасында 4 буынды сезімтал тесттер қолданылады.
«Қазақстан азаматтарына, қандастарға АИТВ инфекциясын диагностикалау, емдеу, алдын алу шаралары тегін жүргізіледі. Диспансерлік есепте 1 821 науқас тіркеуде тұр. Олардың 1 773-і вирусқа қарсы үздіксіз терапия қабылдап жатыр. Емдеу барысында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған, сапасы сертификатталған, клиникалық сынақтардан өткізілген препараттар қолданылады. АИТВ жұқтырған жүкті әйелдерді профилактикалық емдеу нәтижесінде 668 сау нәресте дүниеге келді. Заманауи емдеу технологияларын қолдану нәтижесінде АИТВ жұқтырған адамдардың өмір сүру ұзақтығы сау адамдармен теңесіп қалды. Мәселен, диспансерлік бақылаудағы пациенттердің ең жасы үлкені 90 жасқа таяды. Қазір АИТВ жұқтыру қаупі жоғары 189 адамға қатынасқа дейінгі алдын алу емі жүргізіліп жатыр. АИТВ-мен ауыратын 17 жас жұптарымен некелесіп, отбасын құрып, өмірге сау ұрпақ әкелді. Жоғары кәсібилігі мен халық денсаулығын қорғаудағы жетістіктері үшін орталық қызметкерлері мемлекеттік, кәсіподақ атынан, салалық наградалармен марапатталған. Сонымен бірге біздің мамандар жыл сайынғы медицина қызметкерлерінің спартакиадасында жүлделі орындардан көрініп жүр», деді орталық басшысы Бекен Сырбекұлы.
ЖИТС-тің таралуын тежеуде көп еңбек сіңірген орталықтың бұрынғы басшыларын да атай кеткен жөн. Құрылғанына 35 жыл толған емдеу мекемесін бүгінге дейін Мадияр Алтынбеков, Сәкен Ниязбеков, Рысқұлбек Байхарашев, Сүлеймен Беккужинов, Келесбай Жұмағұлов, Наталья Бабина, Артур Әбдіразақов, Талғарбек Мейірханов сынды азаматтар басқарған екен.
Ендігі жерде орталық 2030 жылға қарай алдына үлкен мақсаттар қойып отыр. Ол АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың 95%-ы өз мәртебесін білуге тиіс. АИТВ инфекциясымен ауыратын адамдардың 95%-ы антиретровирустық терапияны тұрақты алып отыруы керек. Антиретровирустық терапия алатын адамдардың 95%-ында вирустық супрессия байқалуы қажет.