Біраз боксшының бағы жанбады
Алдымен боксшыларымыздың бәсекесі жөнінде. Мырзағали Айтжанов бокстан ұлттық құраманың бас бапкері лауазымын арқалап, осымен үшінші мәрте жазғы Олимпия ойындарына қатысып отыр. Білікті маманның 2012 жылғы Лондон, 2016 жылғы Рио Олимпия ойындарында боксшыларды зау биікке шығарғанын мақтан тұтамыз. 2009-2018 жылдар аралығында екі олимпиадалық циклда бас бапкерлік қызметтің жауапкершілігін арқалаған маман 2023 жылдың қаңтарында осы қызметке қайта тағайындалды. Бірақ бас бапкердің үміт артқан 7 боксшының үшеуі аламанның алғашқы айналымында-ақ сүрініп, Олимпия ойындарын аяқтады. Ұлттық құраманың капитаны, Париж жазғы Олимпиадасының салтанатты ашылу рәсімінде Сена өзенінің үстінде туымызды алып шыққан Асланбек Шымбергенов (71 кг), аса ауыр салмақта (+91 кг) Токио жазғы Олимпия ойындарының қола жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаевтың жеңілісі жөнінде жазылды.
Кеше Париж рингіне әлем чемпионы, әлем біріншілігінің күміс жүлдегері Махмұд Сабырхан (57 кг) шықты. Қарсыласы – Еуропа чемпионы испаниялық боксшы Хосе Бротонс Квилес. Үш раундтың нәтижесін түзген төрешілер жеңісті испаниялық боксшыға берді. Махмұд жазғы Олимпия ойындарына тұңғыш рет қатысып отыр. Бұған дейін ол 54 кг салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанды. Бұл салмақ Олимпиадалық ойындарға енбегендіктен де 57 кг салмаққа былтыр ауысты. Бір жылдың бедерінде жаңа салмаққа түбегейлі бейімделіп, аурасын толық бағамдай алмағаны анық байқалды. Ал қарсыласының бойы да биік, қолы да ұзын, жерлесіміздің жақыннан орай соққан соққыларын өзіне мейлінше дарытпады. Рингтен ұзаған соң Махмұд жеңілісі туралы пікірін айтты.
«1-раундта сөзсіз барымды салдым, тіпті жеңіс маған берілетініне сенімді болдым. Бірақ бес төрешінің төртеуі қарсыласымның ұпайын молайтты. Сол бәрін тас-талқан етті, психологиялық тұрғыда сындырып жібергендей болды. Төрешілердің қысастық жасағанын алғашқы раундта-ақ білдім. 2-раунд та солай болды. Үшінші раундтың нәтижесі ештеңеге әсер етпейтіні белгілі еді. Десе де жеңілгенді де мойындау керек, қарсыласым оңайдан емес, физикалық қуаты да мығым екен, бойшаңдығы, қолының ұзындығы да айтарлықтай кедергісін келтірді», деді М.Сабырхан.
Елдос Сайдалин баптайтын әйелдер құрамасының мүшесі Валентина Хальзова 75 кг салмақ дәрежесінде Олимпия ойындарына алғаш рет қосылып, бірінші жекпе-жегінде есе жіберді. Панамалық Атейла Байлонға қарсы айқастың 1-раундында төрешілер Валентинаның соққысы көбірек дарығанын бағамдағанымен, қалған екі раундта жеңісті қарсыласына бұрды. Валентина екінші раунд басталғанда қарсыласы басымен соғып, мұрнына зақым келгенін айтты. Тіпті екі раунд бойы тынысы тарылып, өкпесі қысқанын жеткізді.
«Қарсыласым – 35 жасқа толған өте тәжірибелі боксшы. Бірінші раундта басым түскен соң, 2, 3-раундта барымды салдым. Төрешілердің шешімі солай болса, не шара? Бапкердің айтқан тактикалық жоспарын толыққанды орындадым. Мен үшін алғашқы Олимпия ойындарының осылай аяқталғаны өкінішті. Көк туымызды желбіреткім келіп еді», деді Валентина.
2016 жылы Рио жазғы Олимпиадасында 9-орынға тұрақтап, 2021 жылы Токио додасында ширек финалда сүрініп, 5-сатыны місе тұтқан панамалық Атейла Байлон тісқаққан боксшы екенін көрсетті.
Әлем чемпионатының екі дүркін жеңімпазы Назым Қызайбай (50 кг)
алғашқы айналымда италиялық Джорданна Соррентинодан басым түсті. 31 жасында жазғы Олимпияға тұңғыш рет ат байлаған жерлесіміз кеше 1/8 айналымда бразилиялық Каролин де Алмейдамен айқасты. Кездесудің алғашқы раундында Назым қарсыласынан 5:0 алға шығып, кейінгі раундтарда осы қарқынынан қайтпады. Екінші және үшінші раундта бірдей 4:1 есебімен ұтты. Осылайша сенімді жеңіске жеткен боксшымыз енді ширек финалда күш сынайды. Қарсыласы – колумбиялық Валенсия Виктория Ингрит Лорена.
Орта жолдан қайтты
Үстел теннисінен ұлттық құраманың мүшесі Кирилл Герасименко Париж жазғы Олимпиадасының 1/8 финалдық сынында сүрінді. Мысыр спортшысы Омар Мұхаммади-Ассардан аса алмады. Бірінші, екінші сетте 11:8, 11:6 есебімен айқын ұтқан жерлесіміз үшінші, төртінші сетте қарсыласының шабуылына қауқар таныта алмады. Шешуші бесінші сетте де мысырлық Омардың мерейі үстем түсіп, жерлесіміз жарыс жолынан шығып қалды. Кирилл бірінші айналымда чилилік Николас Варгасты айқын ұтқан. Екінші кезеңде германиялық Дан Цюдан басым түскен еді. Африка құрлығының чемпионы Омар Кирилл үшін сыралғы қарсылас, екеуі бұған дейін де бірнеше мәрте тартысқа түсіп, жеңісті алма-кезек иеленіп жүрді.
Стенд атудан трап бағдарламасында сынға түскен Мария Дмитриенко 120 ұпай еншілегенімен, жалпы есепте 10-сатыға тұрақтап, финалдық додаға өте алмады.
Нысана көздеу тартысында винтовкамен 50 метрден үш позицияда нысана көздеуден жекелей сайысқа қатысқан Ислам Сәтбаев 588 ұпаймен 18-орынды місе тұтты. Тағы бір спортшымыз Константин Малиновский 586 ұпайға иелік етіп, 25-сатыға орнықты.
Екатерина Шабалина триатлоннан сайысқа қосылған. Сена өзенін жүзіп өтуде қою шаңның арасынан көрінген жерлесіміз велосипедпен жүйткуде жарысты жалғастыра алмай, орта жолдан аяқтады.
Спорттық гимнастикадан ерлер додасында Милад Каримидің шеберлігінен қалың жанкүйер орасан олжа күткені белгілі. Себебі Париж жазғы Олимпиадасына дейін қатысқан әлемдік додаларда топ жарып, талантымен дараланды, көрерменнің көзайымына айналды. Көпсайыста бақ сынаған жерлесіміз өзіне оңтайлы жаттығуларын орындауда сүрініп, ұпай жоғалтты. Милад Карими үшін көпсайыста күш сынау оң жамбасына келмейді. Десе де ол осы алты жаттығуда 76.065 ұпаймен 24-орынға тұрақтады. Снарядтағы жаттығуда жоғары ұпайға қол жеткізе бермейтін Милад бұл жолы керісінше тәуір ұпай жинады. Енді ол еркін жаттығудан Олимпиада медалі үшін тартысқа түседі.
Садақ атудан жекелей сайыста Дәулеткелді Жаңбырбай іріктеу кезеңінде колумбиялық Хорхе Энрикемен бәсекеге түскен. 7:3 есебімен колумбиялық мергеннің мерейі үстем болды. Дәулеткелді бұған дейін командалық тартысқа да қатысып, Италия садақшыларына есе жіберді. Жекелей сында Ильфат Абдуллин канадалық қарсыласынан аса алмай Олимпиада сапарын аяқтады.
Дзюдо күресінен ерлер сынында Нұрлыхан Шархан (100 кг) жазғы Олимпиада додасының екінші айналымында сүрінді. Алғашқы белдесуінде бельгиялық Тома Никифорофпен күрескен жерлесіміз қарсыласынан басым түсті. Төреші бельгиялық балуанның сылбыр белдескені үшін үш шидо (ескерту) беріп, додадан қайтарды. Бірақ екінші айналымда Нұрлыханның әлем чемпионы, өзбек алыбы Мұзафарбек Тұробаевқа күші жетпеді. Бойы әлдеқайда ұзын, күші де мығым қарсыласы жерлесімізді иппон ұпайымен айқын жеңді.