Спорт • 02 Тамыз, 2024

11 спортшы – үміткер

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Парижде өтіп жатқан XXXIII жазғы олимпиа­дада Алматы облысынан 5 спортшы ел намы­сын қорғап жатыр. Олар 3 спорт түрінен олимпиа­да ой­ындарының лицензия ие­герлері атанғаны ту­ралы облыстық дене шы­нық­тыру және спорт бас­қармасының басшысы Ерболат Сарабеков мәлімдеді.

11 спортшы – үміткер

«Лицензия алған спортшылар саны бойынша Алматы облысы республикалық рейтингте 6-орында. Олимпия ойындарында Алматы облысынан стенд атудан – Әсем Орынбай, Едуард Ещенко, Дмитриенко Мария, оқ атудан – Чирюкин Никита, грек-рим күресінен Демеу Жадраев сынға түседі», деді басқарма басшысы.

Аймақтың оғландары бақ сы­наған спорттық сайыстар қатары олимпиадамен шектелмейді. Күні кеше 25 маусым – 7 шілде күндері аралығында Якутияда VIII Халықаралық «Азия бала­лары» спорттық ой­ын­да­ры­на өңірден 7 спорт түрінен

9 спорт­шы қатысты. Ауқымды іс-ша­раның қорытындысы бойыншы Алматы облысының спортшылары 2 күміс, 2 қола ме­дальдарға ие болды.

Сондай-ақ өңір спортшылары республикалық және халық­ара­лық жарыстарда жалпы саны

1 344 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 482 алтын, 384 күміс, 478 қола жүлде қанжығаға байланды.

Олимпия ойындары аяқ­­­талғаннан кейін спорт­шылар көзге түсетін тағы бір ау­қым­ды шара – V Дүние­жү­зілік көш­пелілер ойындары. Спи­кердің айтуынша, халық­ара­лық деңгейдегі дүбірлі додаға Қазақстан ұлттық құрама коман­дасының сапында өнер көрсетуге Алматы облысының 11 спортшысы – үміткер.

«Жоғарыда аталған жетіс­тіктердің негізі – мемлекет та­рапынан көрсетілген қол­даудың нәтижиесі. Биыл денешы­нықтыру мен спортты да­мы­туға бюджеттен 14,9 млрд теңге бөлінді. Бұған қоса халық­ара­лық ареналарда ел намысын қорғайтын үздік спорт­шыларды ынталандыру мақсатында, аймақтағы 239 спорт­шыға

51 000-500 000 теңгеге дейінгі аралықта Алматы облысы әкім­дігінің стипендиясы төленіп отыр», деді Е.Сарабеков.

Алматы облысында «ха­лық­тың 1000 адамға шаққандағы спорт инфрақұрылымымен қамтамасыз етілуі» көрсеткіші 49 пайызды құрайды. Осы жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 50,2 пайызға жеткізу жоспарланған.

Қазіргі таңда спорт инфра­құрылымын дамыту мақсатында «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры арқылы «Ангар» үлгідегі спорт кешенін салу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

 

Алматы облысы