Спорт • 02 Тамыз, 2024

Төрешілер көкпар ережелерін пысықтады

69 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Шымкентте Rixos Khadisha қонақүйінде V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына арналған көкпар спортынан төрешілік білімін меңгеру бойынша халықаралық тренинг өтті.

Төрешілер көкпар ережелерін пысықтады

Іс-шараны ұйымдастырушы – Дүние­жүзілік этноспорт конфедерациясы, Қазақстанның «Ұлттық спорт қауым­дастығы» заңды тұлғалар бірлестігі, елі­міздің «Көкпар» федерациясы» респуб­ликалық қоғамдық бір­лестігі. Халық­аралық семинарға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия, Тәжікстан, Ресей, Түркия, Мажарстан, Грузия, Пәкістан мемле­кеттерінен 35 төреші қатысты. Ауған­стан, Ма­жарстан, Түркия, Грузия ел­дерінің төрешілері семинарға онлайн қосылды. Тренингте

V Дүниежүзілік көшпелілер ойын­дарын дайындау және өткізу дирекциясы басшысының орын­­басары Мұратбек Қып­шақ­баев, Дүниежүзілік көкпар қа­уымдастығының вице-пре­зиденті Еркін Абзалов, Қазақ­стан ұлттық және ат спорты ор­та­лы­ғы директорының орынбасары Қарлығаш Рамазанова, лектор Намазбай Әбдіқұлов баяндама жасады. Семинарға V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының көк­пардан бас төрешісі Ғани Ахмет­баев модераторлық жасады.

Бас төреші көкпар ойындарына әзірлік пен ерекшеліктері туралы айтып берді. Соларды рет-ретімен баяндасақ, мәселен, көкпар ойыны – ұйымдастырушылықты талап ететін спорт. Сондықтан бұған тың­ғылықты дайындалу керек. Осы ретте аттарды шекарадан өткізу әжептәуір мәселе болып тұр. Оның шешімі – Қырғызстан командасы ғана аттарын өздерімен бірге алып келсе, басқа командаларға көкпар жылқыларын осындағы жігіттер өздері дайындап береді. Дүниежүзілік талап бойынша көкпаршылар серкенің орнына муляж, яғни жасанды серкені тартады. Көкпар жарысына қатысуға 11 мемлекеттен өтініш келіп түскен. Жалпы,

V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында спорттың 21 түрі бойынша спортшылар жарысады. Тағы бір ерекшелігі, бұл сайыста камералары бар дрондар қолданылады. Олар шабандоздардың қасында ұшып жүріп, әрбір қимылды бейнеге түсіріп отырады. Кейбір тартысты, күмән тудырған жағдайлар бола қалса, төрешілер бейнені қай­талап көреді. Сондай-ақ дрон көмегімен ойындардағы ең әсерлі, әдемі сәттер баяу ре­жімде көрермендерге қайталап көр­­сетіледі. Спорттағы заманауи технология, арнайы эффектілер осылайша тұңғыш рет көкпар ойын­дарында да қолданылады.

Басында дүниежүзілік ойын­дарда 20 спорт түрі еді. Оған қыр­ғыздардың өті­нішімен көкбөрі этноспорты 21-інші болып ен­гі­зілді. Сонда алдағы ойындарда бұл ат спортының екі түрінен жарыс өтеді. Бірі – қазақша көкпар, екін­шісі – қырғыздардың көкбөрісі. Екеуінде де біршама ерекшелік бар екенін айтты бас төреші. Мәселен, қазақтың көкпарында серке шең­берге тасталады. Қырғыздарда қазандыққа салынады. Сондай-ақ жетекке алу, қамшы басу секілді ережелер қазақ көкпарында жоқ. Дегенмен ертеңгі жарыста көкпар мен көкбөрінің шабандоздары ұзындығы мен ені жағынан ауданы бірдей алаңда жарысқа түседі. Себебі қазақ пен қырғыздың серке тарту ойынында алаңдардың да айырмашылықтары бар екен. Қазақтың көкпаршылары бұл ат спортының екеуіне де қатысады. Қазір еліміздің көкпардан құрама коман­дасы Алматы жерінде да­йындық жат­тығуларын жасап жүр. Олардың ішінде Түркістан облысынан Нышанбай Абылай, Дәулет Айтанов секілді мықты шабандоздар бар. Оңтүстіктің он шақты оғланы қазір ұлттық құрама құрамында жаттығып жатыр. Көкпар ойындарындағы басты фавориттер – Қазақстан мен Қыр­ғызстан командалары. Қазақстан құрам­асының басты қарсыласы да – қырғыздың көкпаршылары.

Дүниежүзілік көшпелілер ойы­нына қатысуға өтінімді қабылдау 11 шілдеде тоқтатылды. 90-нан аса ел спортшыларын жіберуге келісім берген. Енді алдағы ойындарға 3 мыңнан аса спортшы қатысады деп күтіліп отыр. Бұл туралы V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарын дайын­дау және өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Мұ­ратбек Қыпшақбаев баяндап берді. Оның айтуынша, бүгінгі семинарда ұйымдастырушылар қазақша көкпардың ережелерін 35 елден келген төрешілерге түсіндіреді. Түске дейін теориялық түрде дәріс өтсе, түстен кейін тәжірибе жүзінде көрсетіледі. Әрбір спорт федерациясы енді осыған ұқсас семинар-тренингтер өткізеді. Мәселен, бұл семинарда көкпардың негізгі ережелері айтылды. Қазақы көкпарда атты алыс­тан орағыта шауып кеп, со­ғып кетуге болмайды. Осы секіл­ді түрлі ереже-талап төреші­лерге жан-жақты баяндалды.

Көкпарға бас-аяғы 12 команда қатысады деген үміт бар. Жо­ғарыда айтқанымыздай Қазақ­стан мен Қырғызстан командаларынан бөлек барлық елдің көкпаршылары атпен қам­тама­сыз етіледі. Одан бөлек, аттың ер-тұрманы, әбзелдерінен де ешқандай мәселе туындамайды. Көкпаршылар киетін киімдер де дайын. Егер командалар онға жетсе, олимпиадалық әдіспен, оған жетпей 5-6 команда болып қалса, айналма тәсілімен жарысқа түсіп, жеңімпаздар анықталады.

Осы Дүниежүзілік көшпелілер жарысында Қазақстан атынан 274 адам делегация ретінде қатысады. Оған спортшылар да, төрешілер де, спорттың басы-қасындағы ұй­ым­дастырушы азаматтар да кіреді.

Бұл жарыста Қазақстан ко­мандалық есепте бірінші орын алатын шығар деген үміт басым дейді М.Қыпшақбаев. Түр­кияда өткен алдындағы са­йыста командалық орындар есеп­тел­мегенімен, көкпардан, садақ атудан, қазақша күрестен қазақ спортшылары алтын жүлде жеңіп алған екен. Сол жетістік осы жолы тағы да қай­таланса деген тілек бәрімізде бар.

Ақпарат үшін біле жүрген абзал, жалпы, дүниежүзілік көшпелілер ойындарын өткізу идеясы ең бірінші қырғыз ағайын­дардан шықты. Осыған бай­ланысты араға екі жыл салып өтетін ойындардың үшеуі де Қырғызстанның Шолпан-ата жерінде ұйымдастырылды. Ең алғашқы дүниежүзілік көшпелілер ойындарының жалауы 2014 жылы желбіреді. Содан кейін төр­тінші ойын Түркия жерінде өтсе, енді, міне, бесінші мәрте көшпелі халықтардың спортшылары қазақ елінде жарысқалы жатыр.

Көшпелілер ойындарының ауқымы жылдан-жылға кеңейіп келеді. Себебі оған тек түркі, көшпелі болған елдер ғана емес, тарихында отырықшы саналған мемлекеттер де қатысуға ниет танытып отыр. Бұл бірұлттық, яки этноспорттың жазғы дүниежүзілік олимпиадасы іспетті. Негізінде о баста көзделген мақсатта да сондай болған екен: көшпелілер ойындарын әлемдік жазғы олим­пиаданың ұлттық спорт бо­йын­ша баламасына айналдыру. Ұйым­дастырушылар көшпелілер ойындарын сол дәрежеге жеткізу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтады.

ШЫМКЕНТ