Төрткүл дүние назарын аударатын этноспорт аламанында қазақ пен қырғыздың көкпар тартысын асыға күтушілер көп. Себебі үнемі итжығыс түсіп, бір-бірінің тақымындағы серкені алма кезек өңгеріп кетіп жүр. Әлем чемпионаты, халықаралық турнирлерде, Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында бас жүлде үшін тартыс екі елдің көкпаршылары арасында өрбитіні заңды да.
Көкпардан еліміздің ұлттық құрамасында бас бапкері ауысты. Бұған дейін көкпаршыларды әлемдік додаларға баптап қосқан білікті бапкер Қуанышбек Құрамаевтың орнына Ақылбай Манкеев тізгін ұстады. Ақылбай көкпаршының есім-сойы аталғанда, көпшіліктің есіне буллит сериясы оралатыны белгілі. Ұлттық құрама сапында, елішілік көкпар додасына қатысқанда Ақылбай Манкеев көбіне буллитте қарсыласынан басым түсетін. Тәжірибелі спортшыға ұлттық құраманың бас бапкері лауазымы зор сеніммен тапсырылды.
«V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына көкпардан ұлттық құрама мүшелерінің оқу-жаттығу жиыны Алматы облысындағы Олимпиадалық даярлау орталығында өтіп жатыр. Орталық басшылығы көкпар алаңын даярлап, барлық мүмкіндікті тудырып отыр. Әзірге физикалық дайындықты, аттарды көкпар тәртібіне бейімдеп келеміз. Жалпы, көкпардан ұлттық құраманың өзіне тиесілі аттары болмайды. Әр өңірдегі атбегілерден жалға алып, жүйріктерімізді түгендедік. Балуандар бірнеше аймақтан жеткізілген 40 атты додаға үйретіп жатыр. Жаттығу жиынына 29 шабандоз келді. 12 спортшы көкпардан, яғни шеңберге салым салу сайысы бойынша алаңға шықса, қалған 12 балуанымыз қырғыздың көкбөрі додасынан тартысқа түседі. Көкпарға қатысқан шабандоз көкбөрі бойынша тартысқа шықпайды. Бір айдан аса уақытымыз бар, жаттығуды әлі де пысықтай түсеміз», дейді көкпардан ұлттық құраманың бас бапкері Ақылбай Манкеев.
Маман көкпардан Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында топ жаруды көздейтінін жеткізді. Ал көкбөрі сайысында қырғыздың шабандоздары да, аттары да тегеурінді екенін алға тартты.
«Төл спортымыз көкпардан өз жерімізде өтетін Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында чемпион атануға барымызды саламыз. Ал көкбөріден негізгі қарсылас қырғыз балуандары оңайдан олжа ұстатпайды. Оның үстіне біздің құраманың белді аттары саналған «Намыскөк», «Лазер» сынды үстіндегі көкпаршының ойын айтқызбай ұғатын, есті жүйрігіміз жоқ. Аймақтан жинап әкелген аттарды жекпе-жек сынына, буллитке, жалпы, көкпардың ережесіне сай даярлауға аз күш кетпеді. Ел чемпионатында, басқа да турнирлерде көкпаршылардың мінген аттарының әлеуетін саралап іріктедік. Негізінен Жамбыл облысының «Әулиеата» көкпар командасының аттарына назарымыз ауды. Көкпаршылар астындағы атын өзінің ыңғайына икемдеп бейімдеп жатыр. Қырғызстан көкпар құрамасына шақырту алған шабандоздардың да тізімі белгілі. Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына көршімізден кімдердің келетіні анық болған соң, біз де басты бәсекелес құраманың мүшелеріне қарсы әзірлікті күшейттік», деді А.Манкеев.
Оқу-жаттығу жиынына шақырту алған спортшылардың басым көпшілігі Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына алғаш рет қосылмақ.