Биыл «E-Petition.kz» ресми порталында «Біз Қазақстандағы ЛГБТ-ны ашық және жасырын насихаттауға қарсымыз» петициясы жарияланып, 9 маусымда ол ресми қаралуы үшін қажетті 50 мың қолды жинаған еді. Әкімшілік рәсімдік-процесстік кодекстің 90-5-бабына сәйкес петицияны қарау мерзімі – оны тіркеген сәттен бастап 40 жұмыс күніне дейінгі уақыт аралығын қамтиды. Осыған орай Мәдениет және ақпарат министрлігі мүдделі тараптардың, мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктер өкілдерінен құралған жұмыс тобын ұйымдастырып, үш отырыс өткізді.
«Бұл мәселе қоғамда үлкен резонанс туғызып, қызу пікірталас болды. Өйткені қазіргі кезде мемлекет тарапынан адам құқықтарына көп көңіл бөлініп отыр. Сондай-ақ қазақстандықтар қоғамдық маңызды тақырыптарды талқылауға және мемлекеттік саясатты қалыптастыруға белсенді атсалысып жатыр. Қазақстанда президенттік реформалар аясында демократиялық даму, адам құқықтарын қорғау және заң үстемдігін нығайту үшін барлық қажетті заңнамалық жағдай жасалған. Соның бірі – петиция институты», деді А.Балаева.
Ол Конституция нормаларына және халықаралық міндеттемелерге сәйкес біздің еліміз кемсітуге қарсы саясатты жүзеге асыратыны, соның негізінде қоғамда конституциялық кепілдік, жанжал тудырмау және толеранттылықтың сақталуын қамтамасыз ету міндеттелгенін атап өтті. «Қоғамдағы осындай маңызды петицияны талқылауға көптеген отандасымыз қатысып, көтерілген мәселелер бойынша пікірлер екіге жарылды», деді ол.
Мәдениет және ақпарат министрі аталған жұмыс тобына қоғамның түрлі топтары арасынан 45 адам кіргенін, атап айтқанда, құзырлы мемлекеттік орган өкілдері, Парламент депутаттары, қоғамдық бірлестіктер, сарапшылар мен барлық мүдделі тарап қатысып, қоғамның үлкен бөлігі мәселені талқылауға белсенді араласқанын айтты.
«Жұмыс тобының екі отырысын және ауқымды сараптамалық талқылаулар өткізу кезінде өтініш бойынша келіп түскен ескертулер талданып, жүйелі жұмыс жүргізілді. Ұлттық және халықаралық нормативтік-құқықтық актілерге салыстырмалы талдау жасалды. Петицияда көтерілген мәселелерді реттеудің халықаралық тәжірибесі зерделенді. Жетекші ұлттық ғылыми-зерттеу ұйымдарымен және сарапшылармен кеңес өткізілді. Петиция тақырыбы бойынша халықаралық және қазақстандық үкіметтік емес ұйымдар ұсынған пікірлер, ұсыныстар мен дәлелдер, зерттеу материалдары мен үндеулердің барлығы назарға алынды», деп атап өтті министр.
Оның айтуынша, бұл жұмыс петиция бойынша түпкілікті шешім қабылдауға жеткіліксіз. Зерттеулер мен талқылаулар қазіргі уақытта бұл бағыттағы ауқымды жұмыстарды жалғастырып, мәселені жан-жақты зерттеп, оны реттеудің нақты тетіктерін әзірлеу керектігін көрсетті. Бұл уақыт алады.
«Дегенмен, Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұстанымы – кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан петицияны ішінара қолдау. Балалардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы қылмыстардың өсуі аясында «Жасөспірімдер мен балаларды жыныстық қатынастарды, оның ішінде дәстүрлі емес қатынастарды насихаттау мен культ жасаудан қорғау» талабы өзекті әрі қажет. Балаларымыздың қауіпсіз ақпараттық ортада өсіп, дамуы өте маңызды. Біздің ұрпақ алдындағы парызымыз – оларға дұрыс рухани-адамгершілік бағыт-бағдар беріп, дәстүрлі отбасылық құндылықтарды бойына сіңіру. Сондай-ақ ұлттық мәдени мұраны ұстануға және генетикалық кодты сақтауға жағдай жасау өте маңызды», деді А.Балаева.