Сараптама • 07 Тамыз, 2024

Субсидия сабағы

135 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ұлттық қордан аударылатын аударымдар азайған тұста теңгенің долларға шаққандағы бағамы бір-екі айдың ішінде 480-ге дейін әлсіреп кеткенін бәріміз көрдік. Доллар бағамы сабасына түскенмен, жағдай мәз емес. Дәл қазір теңге бағамынан да маңызды проблема жетеді. Ең бірінші кезекте 2025 жылға дейінгі бюджет тапшылығының қалай шешілетінін ойлауымыз керек.

Субсидия сабағы

Тапшылықты шешуге мүмкіндік беретін кіріс көздері әртараптандырылмаған, тіпті мұны шешуге жаңа Салық кодексінің әлеуеті жетпейді. Себебі бізде мәселе шешім қабылдауға байланысты. Талқылау, сыни талдау жоқ. Өз басшысына бұлай істеуге болмайды деп айта алатын мамандар да аз. Мұның кері әсері қоғамдық санада да, экономикада да дамуға тежеу болды. Бізге ұлттық инвесторлар институтын құруға жеткілікті уақытты тиімді пайдалана алмадық. Бизнес мемлекеттің субсидиясына тәуелді, субсидиясыз екі қадам алға жылжи алмайды. Экономика субсидиядан құтылған кезде ғана бизнестің де, нарықтың да тынысы ашылады. Субсидияға тәуелділік пен орта табыс тұзағына деген тәуелділіктің аражігі бірігіп кетті.

Мен бизнесті субсидиялауға қарсы екенімді осыған дейін талай рет айтқанмын. Үкімет кей жерлерде бұрмалау барын, ал кей жерлерде саланың дамымағанын көріп отыр. Егер нақты өсімге қолжеткізгіміз келсе, жеңілдетілген бағдарламалардан бас тартуды кезең-кезеңімен жүзеге асыруы­мыз қажет. Сол кезде ғана субсидиялау елдің ішкі жалпы өнімін өсіруге жол ашады. Субсидияларды бөлудің ашық тетігі үшін бұл үдерісті түсінікті және ашық ететін қағидаттар болуы керек: Жекелеген салаларды бір-бірінен алалауға, бөлуге болмайды. Егер шартты түрде алып қарасақ, субсидия 7% болса, онда компания үшін мөлшерлеме банктің тәуекелі мен маржасына байланысты өзгереді. Кейбір банктер 14%, кейбіреулері 12%, 16%-ды ұсынады. Содан кейін түпкілікті мөлшерлеме 5-тен 9%-ға дейін өзгереді. Бұл қисындырақ, өйткені компаниялардың тәуекел профилі әртүрлі. Субсидияларды қабылдаудың негізгі критерийі қосымша құн болуы керектігі жиі айтылады. Бұл қиын емес.

Халықаралық тәжірибеде субсидия алу­ға құқығы бар локализацияланған тауар­ өндіру­ші­лерді тізілімге енгізудің нақ­ты цифрлық тетігі бар. Мұндай тетікті Стратегиялық жос­парлау және реформалар агенттігінің шең­бе­рінде дайындауға болады. Егер шырын өн­діруші қытай концентратын, ресейлік қантты және түрік орамдарын пайда­ланса, шырын өн­ді­­рі­сінің маңыздылығына қарамастан, оның локализациясы ел үшін төмен болады, сон­дықтан мұндай өнімге субсидия берудің ма­ғынасы жоқ. Осыған байланысты, субсидия алушының есептерді тексеруге кірісуі, дирек­торлар кеңесін құруы және белгілі бір кезең­де, мысалы, ESG қағидаттарын қолдана бас­тауы маңызды. Бұл болашақта дұрыс кор­поративтік басқаруға ие тұрақты кәсіп­орын­ға ие болуға мүмкіндік береді. Егер кіріс өссе немесе шығын төмендесе, онда кәсіпкер та­быс салығы мен қосымша құн салығы төлем­де­­рін көбейтеді. Егер жұмыс орны өссе, онда жа­­ла­қыға салынатын салық өседі. Мұның бә­рін құ­зырлы орындар арқылы тексеру өте оңай.

Жыл сайын субсидияларды 1%-ға азайтып, 5-7 жылдан кейін субсидиялардан толық бас тарту керек. Қазіргі модель экономиканы жылына 6% өсіруге мүмкіндік бермейді. Егер субсидиялық саясатты қайта құрмасақ, компаниялар субсидия күтіп, жаңа жобаларды бастамайды, ал субсидия алған компаниялар нарықты монополиялап, тұтастай алғанда салалардың дамуына кедергі келтіреді. Бәсе­келестік және бәріне ортақ заң ғана өсімге мүмкіндік береді. Ал бізде керісінше болып келді. ШОБ сегментінде біреулер мемлекеттің демеу қаржысын көбірек, енді бірі азырақ алады. Бизнес субъектілеріне берілетін көмектің қандай шартпен берілетіні – жеке тақырып. Шын мәнінде, бұл қаржы бизнесті қаржыландыруға емес, инфрақұрылымды дамытуға бағытталса, әңгіме басқаша болар еді. Барлығы қандай реформалар қажет екенін шамамен түсінеді, бірақ өкінішке қарай, бұл реформаларды іске қосудың тетігі әлі жоқ.

Инфрақұрылымға инвестицияны ұлғай­­­тып, барлық экономикалық агенттер­ге тең мүмкіндік жасасақ субсидияға деген қажеттіліктің салмағы жеңілдейді. Экономиканы сауықтырумен айналыспасақ, дамуға кедергі келтіретін түйткілдердің түйіні шиеленісе бермек.