Мұралдың биіктігі – 16 метр. Онда бүркіттің томағасын сыпырып, балақбауын шешіп, аспанға еркін қоя берген бүркітшінің бейнесі бедерленген. Бұл көрініс көшпелілер ойындарын білдіреді. Суреттің мазмұнында асқаралы тау, оның етегіндегі ақ боз киіз үйлер, жайқалған көк майса, қысқасы, осы сайын далада еркін өмір сүріп, өз дәстүрі мен мәдениетін дамытқан көшпелілердің бекзаттығы, тектілігі, ер көңілділігі шынайы көркемделген. Бір сөзбен айтқанда, «Бүркітші» бейнесі адамға рух береді.
Айта кетейік, Дүниежүзілік көшпелілер ойыны – этникалық спорт түріне арналған халықаралық жарыс. Оған көшпелі өмір рухын көрсететін Орталық Азия этностарының халықтық ойындары кіреді. Бас шаһарда өтетін үлкен іс-шараға әлемнің 89 елінен 2000-ға жуық спортшы қатыспақ.