Президент • Бүгін, 11:13

Орталық Азия көмір өнді­ру­ден әлемде 10-орында тұр

34 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған «Орталық Азия ренессансы: орнықты даму және өркендеу жолы» атты мақаласында атап өтті, деп жазады Egemen.kz.

Орталық Азия көмір өнді­ру­ден әлемде 10-орында тұр

фото: finnewsnetwork.com.au

«Көпжақты ықпалдастықтың берік экономикалық негізін қалыптастыру мәселесі біздің елдеріміздің айнымас міндеті болып қала беретіні сөзсіз. Өңірдегі мемлекеттердің бірлескен күш-жігері мен қуатты экономикалық әлеуетінің арқасында Орталық Азия аумағы сауда, инвестиция, ғылым және инновация саласында зор мүм­кін­діктері бар кеңістікке айналып отыр.

Елдеріміздің жалпы аумағы – 3 882 000 шаршы шақырым, хал­қының саны 80 миллионнан асады, ал ішкі жалпы өнімі 450 миллиард долларға жуықтайды. Әлемдегі уран қорының шамамен 20, мұнай­дың 17,2, табиғи газдың 7 пайызы – біз­дің аймақтың еншісінде. Орталық Азия көмір өнді­ру­ден әлемде 10-шы, электр энергиясын өндіруден 19-орында тұр», деп жазды Президент. 

Мемлекет басшысының айтуынша, біздің экономикаларымыз бірін-бірі толықтырып отырады. Бұл жағ­­дай елдеріміздің сыртқы фак­­­тор­ларға лайықты төтеп бе­руін қам­там­а­сыз етіп, сауда-өнді­ріс сала­сында­ғы цикл­дерді әртарап­танды­руға мүмкіндік береді. Бірлескен эко­­но­микалық жобаларды тиімді іске асы­ру осы үдеріске оң ықпал ете алады.

«Экономикаларымызды техноло­гия­лық жағынан дамыту – маңызды міндет. Біз табиғи ресурстарға тәуел­діліктен біртіндеп арылуымыз қажет. Осы ретте медиа, кино, музыка, дизайн, білім беру және ақпараттық тех­нологиялар саласын қамтитын креативті индустрия мен цифрландыру ісі экономикаға тың серпін беретін күшке айнала алады. Өңір елдерінің осы бағытта бірлескен жобалар әзірлеуге әлеуеті де жетеді», деп жазылған мақалада. 

Сондай-ақ цифрлық және креативті индус­трия­ның жаппай қарқын алуы ши­кізатқа сүйенген экономикадан зият­­керлік сипаттағы өндіріске дәйек­ті түрде көшуге ықпал ете­тін бола­ды.

«Ор­­талық Азияның ық­пал­дас­ты­ғы біз­­дің елдеріміздің ұлт­тық эконо­ми­­ка­лық өсімінің басты себеп­шісі бол­ма­ғанымен, оның негізгі қай­нар көзінің бірі бола алатынына сенім­дімін», деді Қ.Тоқаев.