Қоғам • 09 Тамыз, 2024

Жақсылық жерде қалмайды

54 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысында 75 мың оқушы білім алатын 458 мектеп бар. Соның ішінде биылғы оқу жылында 10879 оқушы әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардан шыққан. Былтыр олардың саны 9560 болған еді.

Жақсылық  жерде қалмайды

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Биыл қоғам тарапынан қайы­­рымдылық көмек күтетін әлеуметтік қорғалмаған және аз қамтылған отбасылардан шық­қан мектеп жасындағы балалар саны былтырғыдан 1 300-ге артып отыр. Бұл туралы облыстық білім басқармасының басшысы Айнагүл Сұрағанова айтты.

Бұрын қоғам тарапынан мате­риалдық көмек «Мектепке жол» атты акция арқылы мемле­кеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардың балаларына, мұндай көмек алмаса да жан басына шаққандағы табысы ең төмен күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың балаларына, отбасыларда тұратын жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға берілетін. Ал биыл осы санаттарға төтенше жағдай салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отба­сылардан шыққан балалар кірді. Көк­т­емдегі тасқынның әлегімен көп­теген отбасының балалары мектепке қа­жетті дүниелерінен айырылып қалды. Мем­ле­кет тарапынан отбасына мате­риал­дық көмектер берілгенімен оқушы­лар­дың қажеттіліктері ескеріл­меген еді. Енді сол олқылықты «Мектепке жол» акция­сы арқылы өтеу қолға алы­нып отыр. Сон­дық­тан биылғы қайы­рым­дылық көмек алуға тиісті балалар саны былтырғыдан асып түсті. Акция 1 та­мызда басталып, 30 тамызға дейін жал­ғасады. Былтыр көмек қоры ­337,4 млн теңге болса, биыл көмек көлемін 472,2 млн теңгеге жеткізу жоспарланған. Акция ұраны «Жақсылық жасаңыз!» деп аталады.

«Мектепке жол» акциясы аясындағы көмектің негізгі бөлігі бюджет қаражаты есебінен (жалпыға бірдей білім беру қоры) және қайырымды азамат­тар­дың демеушілік қаражаты есебінен көрсетіледі. Жалпыға бірдей білім беру қоры аясында білім алушылар мен тәрбиеленушілерге киім, аяқ­киім, мектеп керек-жарағын сатып алу үшін ата-аналардың есепшотына ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен емес мөлшерде қаржылай және материалдық көмек көрсетіледі.

Былтыр акция аясында бар­лығы 15 236 оқушыға көмек көрсетілді. Көрсетілген көмектің жалпы сомасы 404,8 млн теңгені құрады, соның ішінде 5 676 оқушыға бюджеттен тыс қаражаттан 17,0 млн теңгеге көмек көрсетілсе, 9 560 бала бюджет қаражатынан 387,8 млн теңгеге көмек алды. Бұл қаражатқа мектеп, спорт формалары, аяқкиім және кеңсе тауарлары сатып алынды.

Қысқасы, осы акцияның арқасында 15 мыңнан астам оқушының әлеуметтік себептермен мектепке бармауына жол берілмейді. Облыс кәсіпкерлері арасында тұрақты демеушілік көмек көрсететін ақ жүректі азаматтар да бар. Білім басқармасының басшысы Айнагүл Сұрағанова осындай көмекті үнемі көрсететін «Мамбетов және К» серіктестігіне, «Петропавл арақ зауыты» АҚ, «АЗКО», «Буденное СК», «Раисовское» ЖШС, «Астық Привольный», «Западное СК», «ES Global agro», «Тахтаброд», «Адани Агро», «Достастық» серіктестіктерінің, «Эдил» компаниясы, «Азия-Тарангул» ЖШС, Визигина ЖК, «Хантемір-Агро», «Заградовское», «Прометей-Агро», «Бромот С.В.» ЖК және тағы басқа ұйым басшыларына алғыс айтатынын жеткізді. «Олардың көмектері – ел болашағына құйылған капитал. Еліміздің өркендеуі – оқушылардың ештеңеден тарықпай жақсы білім алуына тіке­лей байланысты. Сондықтан жан­ашыр азаматтарға айтар алғы­сымыз шексіз», деді А.Сұрағанова.

Әлеуметтік қолдауды қажет ететін оқушылардың ата-аналары тиісті құ­жаттарын мектепке өткізгеннен кейін жәр­демақы тағайындалады. Оның мөлшері 43 407 теңге. Бүгінгі таңда облыс­та осындай біржолғы жәрдемақы алуға үміткер 10 879 оқушы анықталып отыр. Олардың саны әлі өсері сөзсіз. Алайда жәрдемақы алған ата-аналар қара­жатты алған күннен бастап 10 жұ­мыс күні ішінде білім беру ұйымына қаражаттың нысаналы пайдаланылуын құжаттармен растауы талап етіледі.

 

Солтүстік Қазақстан облысы