Ел үмітін арқалаған Демеу
Қай жағынан безбендегенде де Париж жазғы Олимпия ойындарының он екінші күні еншімізге бұйырған қос күмістің де салмағы зіл батпан, десі басым. Әттеген-ай да ішімізде кетті бірақ. Демеу Жадыраевтың 44 жылдан бері қазақ балуандарына жалынан ұстатпай келе жатқан жазғы Олимпия ойындарының алтын жүлдесін жұлып алатын мүмкіндігі туып-ақ еді. Нұрбектің де төрт жылдан бері тайғанақтық танытып, теңселіп тұрған қазақ боксының рухын көтеріп, кеткен есемізді бүтіндейтін мезеті еді. Бір кем дүние...
Алдымен грек-рим күресінен бұйырған күміс медаль жөнінде бірер сөз. Париж жазғы Олимпия ойындарына бұл салмақта Демеу Жадыраев лицензияны да бертінде Қырғызстанның Бішкек қаласында өткен соңғы іріктеуде иеленді. Оқу-жаттығу жиынын да жоғары деңгейде өткізіп, тас-түйін барған балуанға жазғы Олимпия ойындарының алтыны бұйырмай тұр екен. Бірақ Демеудің ат байлаған бұл биігі де аз олжа емес. Тіпті бұл межеге жетуде талай «тар жол тайғақ кешулерден» өтті. 2021жылы болған Токио жазғы Олимпия ойындарына қатысып, алғашқы айналымда-ақ жарыс жолынан ығысқан балуанның арада өткен үш жылда буырқанып шыға келетінін күллі әлем күте қойған жоқ. Тіпті бірінші белдесуінде колумбиялық Хаир Алексис Куэроны айқын ұтқанда да жауырыншылар екінші кезеңде екі дүркін әлем чемпионы, Токио жазғы Олимпия ойындарының күміс жүлдегері, қырғыздың мақтанышы Ақжол Махмұдовтың мысын баса алмайды деп те тон пішті. Өзінен 9 жас кіші «қырғыз акуласына» Жадыраевтың бұған дейін де жіберген есесі аз емес еді. Қырғыз елінде өткен Азия чемпионатында жеңілді. Соны малданған сәуегейлер ширек финалда Демеудің Ақжолды ығыстырады дегенге аса сенім арта қойған жоқ. Ал біздің оғлан жердің астын үстіне аударып, тарихи жеңісті жұлып алды. Салқынқанды балуан асығып-аптыққан жоқ, байыппен белдесіп, даңқты қарсыласынан айласын асырды. Жартылай финалда әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері, Еуропа чемпионы әзербайжан балуаны Санан Сүлеймановты да сансыратып кетті. Бұған дейін осы балуанға екі рет есе жіберіп, жалы жығылған Жадыраев бұл жолы мінез танытып, тегеурінді қарсыласынан басым түсті. Париж жазғы Олимпия ойындарының финалдық белдесуінде жерлесімізді Жапонияның үміті, 23 жастағы оғлан Нао Кусака күтіп тұрды. Азия чемпионы, әлемдік рейтингте 77 кг салмақтың көшін бастап тұрған Нао ноян жастық жігерімен Олимпиаданың алтын медалін иеленді. Сөз жоқ, Демеу тарихи жеңіске жететін, 44 жыл бұрын Жақсылық Үшкемпіров пен Шәміл Серіковтің Мәскеу Олимпия ойындарында алтын медаль олжалап, шыңға шыққан жеңісін қайталаған үшінші қазақ оғланы атанатын мүмкіндікті уысынан сусытып алды. Тіпті бірінші кезеңде 1 ұпай алып, алға ұзаған да еді. Төреші жапонның қимылы сылбыр деп төрттағанға қойды. Демеу үшін ең оңтайлы сәт осы еді. Бұған дейін жазғы Олимпия ойындарының жүлдегері, әлем чемпионы деген атаққа ие қарсыластарын олай да, былай да бұрай аунатып, айқын жеңген жерлесіміздің Кусакаға келгенде қолының қары талғандай көрінді. Екінші кезеңде тіпті күтпеген жерден Наоның тұзағына түсіп қалды.
Марапаттау рәсімінен кейін Олимпия ойындарындағы белдесуіне, финалдық тартыс турасында пікір білдірген балуан өзіне жүктелген жауапкершіліктің тым жоғары болғаны да көңілін толқытып жібергенін жасырмады.
«Дайындық бәрі ойдағыдай өтті, тас-түйін әзір болдым. Финалдық белдесуге дейін бар күшімді сарқа күрестім, соңғы асуға келгенде қайратымды көрсете алмағаным өкінішті. Бұған дейін де әлем чемпионатының финалында белдестім, Азия біріншілігі, басқа да халықаралық сайыстарда жығылсаң, өкініш аса қатты қыса қоймайды, ал Олимпиаданың дуы, мысы мүлде бөлек екен. Тегеурінді балуандарды жығып, финалға жеткеннен-ақ жанкүйерлер Олимпиада чемпионы деп қабылдап қойды ғой деймін. Өзімнің ішкі буырқанысымды басқара алмай қалдым. Марапаттау кезінде «Жапонияның туы орнында біздің көк байрағымыз желбіреуге тиіс еді ғой» деген өкініш өзегімді өртегенде, ішім алай-дүлей болды. Бірақ күміс медаль бұйырған екен, бұған да шүкіршілік етемін. Қазақ еліне алтын медаль тарту еткім келіп еді, амал қанша», деді Демеу.
Демеудің алғашқы бапкері Жұмахан Тұрғанбеков шәкіртінің финалдық белдесуіне қатысты пікірін айтты. Қонаев қаласындағы саябақта көпшілікпен қатар отырып белдесуді тамашалаған білікті маман қазақ оғланының орасан жетістігіне разы екенін жеткізді.
«Демеу бала күнінен төрттағанда ұпай алуға самдағай еді. Қарсыласын аш белінен қапсыра ұстап, кеудесінен асыра лақтыруға асық болатын. Жапон балуанымен бұған дейін де белдесіп есе жіберген еді, қыр-сырын терең біледі. Өзіне де айтқанмын, ақылмен белдесу керек деп. Ішкі сезімді, толқыныстың бәрін де сабырмен байыптап, ақылға жеңдіру қажет. Сәл асығып кеткендей көрінді. Күміс медаль да аз олжа емес. Алақандай ғана Үшарал аулынан екінші шәкіртім жазғы Олимпия ойындарының күміс медалін олжалады. 2008 жылы Бейжіңде шәкіртім Нұрбақыт Теңізбаевқа бұйырған Олимпиада медалі, міне, араға 16 жыл салып Демеудің кеудесінде жарқырады. Жаратқанға сансыз шүкіршілік айтамын», деді білікті маман.
Бейжің жазғы Олимпия ойындарының күміс жүлдегері, жастар арасында әлем чемпионы Нұрбақыт Теңізбаев Париж кілемі Демеу Жадыраев үшін құтты екенін қайыра еске салды.
«Балуандарымыз Францияға аттанарда, Париж кілемінен Демеу олжасыз оралмайтынына сенімді екенімізді айтып, тілеулестік білдірдік. 2017 жылы әлем чемпионаты Парижде өтіп, Демеу финалда неміс балуанына есе жіберіп, күміс жүлдегер атанып еді. Енді, міне, жазғы Олимпия ойындарының күміс медалін олжалады. Барша жанкүйер шыны керек, Демеуден алтын күтті. Оның финалға дейін өткерген белдесулері алтын медаль алады деген сенімімізді нығайтты. Дегенмен күрес болсын, басқа спорт болсын, финалға тек мықтылар шығады. Сол мықтының арасында біздің Демеу де болды. Осындай тарихи сәтте еліміздің жетістігімен құттықтаймын. Бұл жеңісті Демеудің елімізге, туған ауылымызға сыйлаған үлкен сыйы деп білемін», деді Кеген ауданының әкімі Н.Теңізбаев.
Грек-рим күресінен ұлттық құраманың бас бапкері Юрий Мельниченко Демеудің финалдық белдесуде барын салғанын, бірақ сәл айылын ерте босатып босаңдық танытқанда жапон Кусака ұрымтал сәтті оңтайлы пайдаланып кеткенін жеткізді.
Париж жазғы Олимпия ойындарына грек-рим күресінен 60 кг салмақ дәрежесінде Айдос Сұлтанғали екінші айналымда екі дүркін әлем чемпионы қырғыз Жоламан Шаршенбековке есе жіберіп, жарысты аяқтаған. 130 кг салмақта Әлімхан Сыздықов та бірінші белдесуінде румын алыбы Алин Алексусты жығып, ширек финалда әзербайжан балуаны Сабах Шариатиге есе жіберді. 87 кг салмақта Париж жазғы Олимпиадасының додасына қосылған Нұрсұлтан Тұрсынов та екінші асудан аса алмады. Ол 8/1 финалда египеттік Мохаммед Медваллиді 10:1 есебімен айқын жеңген. Ширек финалдық белдесуде екі дүркін әлем чемпионы, Токио жазғы Олимпия ойындарының жеңімпазы, Украина елінің намысын қорғаған кубалық Жан Беленюкке есе жіберді.
Нар тұлғалы Нұрбек
Боксшылар үшін Париж жазғы Олимпия ойындарының аламаны мәресіне жетті. Еліміздің ерлер құрамасы Париж төріне төңірегі түгел барған. Олимпиадалық 7 салмақта жеті жампоз додаға қосылған. Алты оғланның жартылай финалға жетпей, атынан ауып қалғаны аз сыналмады. Ерінбегеннің бәрі қазақ боксының «жаназасын шығаруға» асықты. Басынан алағай да бұлағай күйді кешіп жатқан бокс спортының айналасындағы дау одан бетер өрши түскендей. Париж жазғы Олимпия ойындарында төрешілердің қысастығы талай саңлақтың сағын сындырып, етегін жасқа толтырғаны және анық.
Бокстан ұлттық құраманың бас бапкері лауазымын үшінші мәрте тізгіндеген Мырзағали Айтжанов Парижге жүрер алдында үш медаль (1 алтын, 1 күміс, 1 қола) олжалауға барын салатынын айтқан. Бірақ маманның дегені болған жоқ. Жеті жігіттің тек біреуі ғана сенімге селкеу түсірмей үмітті ақтады. 80 кг салмақта жазғы Олимпия ойындарына алғаш қатысқан Нұрбек Оралбай финалда украиналық Александр Хижнякқа есе жіберіп, күміс медальды місе тұтты. Салтанатты марапаттау рәсімінен кейін Нұрбек медалін мойнынан алып тұғырдан көңілсіз түсіп кетті. Ішіндегі алай-дүлей топалаңды қалың жанкүйері де түсінді. Ұлттық құрамадағы боксшылардың кейбірін төрешілер белден басып, жеңісін ұрлағаны да жампоздың жанына батқаны анық. Амал қайсы, бес қазы Хижняктің десі басым түсті дегенді алға тартты. «Бекер адам таз болмайтыны» секілді украиналық боксшыны осал деуге келмейді, қашанда шын мықтыға тұсау жоқ. Жиып-терген тәжірибесі жағынан да жоғары болды. 2021 жылы Токио жазғы Олимпия ойындарының финалында бразилиялық Консесаон сұлатып түсірмегенде Хижняк Олимпиада чемпионы атанар еді. Өршелене алға ұмтыламын деп оңбай соққы алып омақаса құлаған. Одан бері ол өзінің осы олқылығын бүтіндеп, қателігін түзеуге барын салғанын паш етті. Қанжығасында жазғы Олимпия ойындарының күмісі мен алтыны бар енді.
Әлем чемпионы Нұрбектің осындай қарсыластың тегеурінін тойтарып, барын сала айқасуы да – жеңіске пара-пар іс. Жазғы Олимпия ойындарының күмісін боксшыларымыз үнемі көсіп олжалап жатқан жоқ. Өзінің алғашқы Олимпиадасына ат байлаған Нұрбек бірінші жекпе-жегінде аустралиялық Каллум Питерсті айқын ұтты. Ширек финалда әзербайжан боксшысы Мұрат Аллахбердиевті ығыстырды. Жартылай финалда доминикандық Кристиан Пианлесті 2:3 нәтижесімен еңсерген. Нұрбектің олжалаған күміс медалінің мысы алтынмен пара-пар. Қазақстан тәуелсіздігін алған 1991 жылдан бері жазғы Олимпия ойындарына сегізінші мәрте қатыстық. Соның ішінде алты бірдей аламаннан боксшыларымыз алтын медальсыз қайтқан жоқ. Тек Токиодағы (2020) екі қола медальды місе тұтқан соң-ақ қазақ боксының айналасындағы абың-күбің әңгіме үдей түсіп еді, Парижден кейін де қырық атанға жүк болар сын айтылатыны анық.
Жазғы Олимпиада ойындарынан Нұрбектің салмағында олжа салған оғландарымыз санаулы ғана. 1996 жылы Атланта жазғы Олимпия ойындарында Василий Жиров (81 кг) чемпион атанып, Олимпиаданың үздік боксшысына берілетін Вэл Баркер кубогін иеленді. 2008 жылы Бейжің жазғы Олимпия ойындарында Еркебұлан Шынәлиев 81 кг салмақта қола жүлдені қанжығасына бөктерді. 2012 жылы Лондон және 2016 жылы Рио жазғы Олимпия ойындарында Әділбек Ниязымбетов (81 кг) екі мәрте күміс медаль еншіледі. Арада өткен 8 жылда Нұрбек Оралбай олқы тұсымызды бүтіндеп, бұйырмай тұрған күмісті тарту етті.
Ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов Париждегі тартысты қорытындылап, боксшылар барын салғанын айтты.
«Франциядағы бұл жазғы Олимпиада біз үшін, яғни боксшыларымызға өте сәтсіз болды. Жеңілістің себебін біреуге аудармаймыз, бұйырмаған екен алтын медаль. Көпшілік жігіттердің физикалық дайындығына қатысты сын айтып, шаршап қалатынын сынап жатыр. Боксшылар барын салып айқасты, шаршаған жоқ. Ешқайсысының да жеңісті қолдан беретіндей жігері жасыды дей алмаймын. Дегенмен де бұл – үлкен сабақ. Бұдан ары қарай мықты, қайратты болуға қамшылайды. Қазақ боксы аяғынан нық тұрып, еңсесін тіктейтініне сенімдімін», деді бас бапкер.
М.Айтжановтың күйінетіндейі де бар. Ол ұлттық құраманың бас бапкері лауазымын алғаш тізгіндеп, Лондон жазғы Олимпия ойындарына барды. Ұлттық құрама боксшылары 1 алтын, 1 күміс, 1 қола медаль олжалады. 2016 жылы Бразилияның Рио қаласында өткен жазғы Олимпия додасында Айтжанов үкілеп қосқан боксшылар 1 алтын, 2 күміс, 1 қола медальға қол жеткізді. 2009-2018 жылдары екі олимпиадалық циклда ұлттық құраманы баптаған Айтжановқа 2023 жылдың қаңтар айында осы қызмет тағы да жүктелген еді. Нәтижесі – 1 күміс медаль ғана. Қазақ боксының алтын буыны келіп, еңкейген еңсемізді тіктеп, қашан жарқырайтыны – уақыттың еншісінде.
Іріктеуден аса алмады
Париждегі кезекті жарыс күнінде додаға қосылған спортшыларымыз үмітті ақтай алмады. Велотректен спринт бағдарламасында іріктеу додасына қосылған Андрей Чугай 30-сатыға орнығып, қою шаңның ішінде қалды. Таеквондодан Самирхон Абабакиров үшін жеребе ауыр түсті. 58 кг салмақ дәрежесінде Олимпиада тартысына шыққан жерлесіміз алғашқы айналымда-ақ есе жіберді. Токио жазғы Олимпия ойындарының чемпионы, әлем біріншілігінің жеңімпазы әйгілі италиялық Вито Делльаквилға жол берді. Тартысты айқаста ұпай санымен алда тұрған Самирхон соңғы 40 секунд қалғанда босаңдық танытып, жеңісті уысынан сусытып алды.
Байдарка мен каноэ есуде де әзірге еншімізге медаль бұйырмай тұр. Сергей Емельянов каноэде 1 000 метрге жарыс жолына шығып, өз тобында 4-орынды қанағат тұтты. Байдаркада (1 000 метр) Бекарыс Раматулла іріктеуде жоғары нәтижеге қол жеткізе алмады.
Әзірге Қазақстан спортшылары Париж жазғы Олимпия ойындарынан 1 алтын, 3 күміс, 3 қола медаль олжалап, жалпы есепте 28-сатыға орнықты.
Еркін күрес балуандары да Олимпиада додасын сәтсіз бастады. 86 кг салмақта белдескен әлем чемпионатының жүлдегері Азамат Дәулетбеков алғашқы айналымда америкалық Аарон Бруксқа 3:4 есебімен жол берді. 57 кг салмақта Мейрамбек Қартбай қырғыз балуаны Бекзат Алмасұлынан аса алмай жеңіліс тапты.