Құрылыс • 10 Тамыз, 2024

Құрылысшыларға елдің құрметі жоғары

155 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Құрылыс саласы еліміздің тұрмыс сапасы мен әл-ауқатының артуына және барша азаматтың баянды болашағын қамтамасыз етуге тың серпін беріп келеді. Құрылысшы қауымның қажырлы еңбегінің арқасында сәулетті де әсем ғимараттар бой көтеріп, әлеуметтік нысандар көптеп салынып жатыр. Сондықтан кәсіби мереке қарсаңында олардың табанды еңбегіне тиісті құрмет көрсетіледі. Мемлекет бұл үрдістен жаңылған емес.

Құрылысшыларға елдің құрметі жоғары

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Тұрғын үй саны көбейді

1991 жылдан бастап құрылыс индустриясы елеулі өзгеріске ұшырады. Саладағы ең қиын уақыт 1995-2000 жыл­дары болды. Тек бір жылда 1 млн шар­шы метр тұрғын үй құрылысы жүр­гізіл­ген. Алайда 90-жылдардың аяғында на­рықтық реформалардың енгізілуімен сала қалпына келе бастады. Мұндай шаралар тұрғын үй құрылысының дамуын тездетті. Өйткені мемлекеттің бірінші ке­зектегі міндетінің бірі халықтың әлеу­меттік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету болатын.

2012 жылы «Қолжетімді баспана-2020» бағ­дарламасы іске қосылды. Кейін жұ­мыс істейтін азаматтарды ипо­тека­мен қамтамасыз ету мақсатында «Нұр­лы жол», «Нұрлы жер» және «7-20-25» ипотекалық бағдарламалары на­рық­қа шықты. 2022 жылы тұрғын үй-ком­­муналдық инфрақұрылымды да­мыту­­дың 2023-2029 жылдарға арналған тұжы­рымдамасы күшіне енді. Оның негіз­гі мақсаты – халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға кешенді коммуналдық инфрақұрылым мен жайлы тұрғын үйді дамытуды қамтамасыз ету. Құжатта жаңа тә­сілдер мен қолдау шаралары бел­гі­ленді.

Қазір елімізде өте төмен пайыз­дық мөл­шерлемемен («2-10-20», «5-10-20»), сон­дай-ақ әлеуметтік жалда­малы тұр­ғын үймен қамтамасыз ету бойынша екі тұрғын үй бағдарламасы бар. Биыл ха­лықтың әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтуда сатып алу құқығымен және құқығынсыз 22 мыңнан астам жал­дамалы пәтер, сонымен қатар 16,7 мың­нан астам несиелік тұрғын үй беру жос­парланып отыр. Дәлірек айтсақ, тұрғын үй кезегінде 651 677 адам тұр, оның 256 572-сі халықтың әлеуметтік осал тобы сана­тына жатады. Кезекте тұрғандардың орташа өсімі жыл сайын 16%-ды құраған. Жалпы, 1991 жылдан бері барлығы 228 млн шаршы метрден астам тұрғын үй құрылысы жүрген. Бұл – 2 миллионнан астам пәтер деген сөз.

д

Биыл 18 млн шаршы метрді тұрғын үй (172 мың баспана) салу жоспарланған. Жыл басынан бері 7,4 млн шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Республика бойынша барлығы 67 498 тұрғын үй салынды. Оның 16 101-і жеке баспана болып есептеледі.

«Біздің түпкі мақсат – 2030 жылға қа­рай дамыған елдердің деңгейіне же­ту және 2030 жылға қарай тұрғын үй­мен қамтамасыз етуді жан басына шақ­қан­дағы 30 шаршы метрге жеткізу. Прези­дент тапсырмасына орай, алдағы жылдары тұрғын үйді пайдалануға беру көлемін қысқартпай, жыл сайынғы өсімді сақтап қалу және 2030 жылға қарай 111 мил­лион шаршы метрге жуық тұрғын үй салу және 1 млн отбасыны жаңа баспанамен қамтамасыз ету жоспарланды», дейді Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мамандары.

 

635 әлеуметтік нысан салынады

Мемлекет басшысы 2022 жылғы Жолдауында сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы заңнама­ны жүйелеу қажеттігін атап өтіп, тұ­жырымдамалық жаңа құжат – Қала құрылысы кодексін әзірлеуді тапсырды. Қолданыстағы заң­намаға сәйкес, қала құрылысын дамыту жобалары белгiленген тәртiппен бекiтiлген елдi мекеннің бас жоспары негiзiнде әзiрленедi. Жоспарлау жобасына өзгерістер мен толықтырулар жылына екі рет енгізіліп, бюджет қаражаты есебінен әлеуметтік, мәдени және бірегей нысандар құрылысын жүргізеді. Бүгінде Үкімет мемлекеттік бақылауды күшейту аясында қолданыстағы заңнамаға түзету­лер енгізуде тиісті жұмыстарды бастады. Құжатқа қатысты жаңа тәсілдер әзір­ле­ніп, саланы автоматтандыру мен цифр­ландыру бойынша жұмыстар атқарылып жатыр.

Сондай-ақ «Ауылдық денсаулық сақтау­­ды жаңғырту» ұлттық жобасы шең­­бе­рінде ауылдық елді мекендерде 655 дәрі­герлік амбулатория, фельдшерлік-пункт салу жоспарланған. Бұған қосымша Мемлекет басшысының тапсырмасымен елде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүріп жатқаны белгілі. Бұл жобамен 2025 жылдың соңына дейін 740 мың оқушыға арналған жаңа форматтағы 369 мектеп салынады.

 

Қиындықты жұртпен бірге еңсереді

Құрылысшылардың еңбегі мұнымен тоқтамайды. Елде дауыл, көшкін, су тас­қыны, сел, жер сілкінісі, орман және дала өрттері сияқты табиғи апаттар ха­лық­қа айтарлықтай зиян келтіріп отыр. Әрине, жұрттың төтенше жағдайда жо­ғалт­қан баспанасын қалпына келтіру мемлекеттің бірінші кезектегі міндетіне айналған.

Мысалы, 2019 жылы Арыс қаласында­ғы оқ-дәрі қоймасында болған жарылыстан кейін барлық өңірден жиылған құрылысшылар қаланы уақытында қал­пына келтірді. Деректерде бұған 3 мың­ға жуық адам қатысқаны айтылады. Төтен­ше жағдай нәтижесінде 7,6 мыңнан астам ғимарат (оның ішінде 500 нысан қай­та са­лынды, 7 155 үй жөнделді) пен 66 әлеу­­меттік нысанның құрылысы қайта жүрген еді.

2020 жылы Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы су тасқынынан зар­дап шеккен 5 елді мекенде де құры­лыс­шылар қолтаңбасы бар. 1000-ға жуық тұрғын үй мен 3 мектеп, 5 бала­бақша, 4 медициналық мекеме және мәдениет үйі қайта жаңғыртылды. Осы­дан екі жыл бұрынғы апат та ел есінде. Қостанайдағы ірі орман өртінен зардап шеккендерге 90-нан астам тұрғын үй салынды. Құ­ры­лысты 12 мердігер компания жүргізген.

Ал биылғы су тасқынының зардабы әлі тарқай қойған жоқ. Дегенмен Үкімет­тің ширақ қимылдауымен көп қиындық артта қалды. Еріген қар суы мен өзендер тасқынынан 11 облыстағы ел азаматтары үй-жайсыз, дүние-мүліксіз қалды. Қазір өңірлерде барлығы 19 360 тұрғын үйді қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Бұған 5 663 құрылысшы-жұмысшы мен 577 арнайы техника жұмылдырылған.

 

Құрылыс – талай маманға жұмыс көзі

Құрылыс көптеген жұмыс түрін қамтитын ауқымды ұғымға ие. Бұл орайда өнеркәсіптік нысандарды (зауыт, фабрика, өндірістік база), энергетикалық (АЭС, ЖЭС, электр желілері), гидротехни­ка­лық (бөгет, су электр стансалары), көлік инфрақұрылымы (жол, көпір мен теміржол), газ және мұнай құбырларын салуда сала мамандарының еңбегі үлкен.

Қазір құрылыс саласында 53 мыңнан астам компания, 648 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Былтыр құрылыстың нақты көлем индексі рекордтық көрсет­кішке жетті. Соңғы 15 жылда тұрғын үй, құрылыс жобалары мен оларды салу бойынша жұмыстар 115,1%-ға жетіп, 7,6 трлн теңгені құраған. Айта кетейік, құрылысшылардың кәсіби мерекесі жыл сайын тамыз айының екінші жексен­бісінде тойланады. Дәстүр бойынша бұл күні сала ардагерлері, алдыңғы қатарлы құрылыс компаниялары мен еңбек сіңір­ген қызметкерлер марапатталады. Осы мақсатта «Құрмет­ті құ­рылысшы» төсбелгісі де тағайындалған.

Сарапшылар елдегі құрылыс компа­нияларының халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті екенін айтады. Тәуел­сіз­дік алғалы бері салада көп нәрсе өзгер­ді. Әдепкіде шетелдік компания­лар мен мамандарға жүгінгеніміз рас. Келе-келе «көш жүре түзелді». Өйт­кені қазір біздің құрылысшылар тех­никалық жағынан күрделі, сәулет жағынан креативті ғимараттар салуға әбден төселген. Бұған тәжірибе мен біліктілік те жеткілікті. Оның үстіне, ста­тистикалық мәліметтерге сүйенсек, ел­дегі ең ірі құрылыс жобаларында шетел­дік мердігерлер соншалықты көп те емес.

Екіншіден, құрылыс жүрген жерде өзге саладағыдай емес, жұмыс көзі көптеп ашылатынын баса айту керек. Бір ғана мысал, зерттеулерде бір ғимарат салынса, соның маңайынан аралас түрде 8 жұмыс орны ашылады екен. Ал жаңадан пайдалануға берілген нысандардың ел азаматтарына тұрақты жұмыс көзін ұсынатыны тағы бар.

 

Жас құрылысшының жанашыр пікірі

«MMGroup» құрылыс тобының негі­зін қалаушы және жетекшісі Мөлдір Сүйі­нішәлінің айтуынша, бұрын мемлекет пен құрылыс компаниялары арасындағы қарым-қатынас онша болмады. Ал қазір мемлекетте ашықтық пайда болған.

«Мен елдегі құрылыс саласының ең жас өкілі болып саналамын. Рас, бұрын көптеген кедергіге тап болатынмын. Қуана­тыным, қазір мұның бәрі біртіндеп азайып келеді, өйткені мемлекетіміз кейбір кедергілер мен мәселелерді шешуде көмек көр­се­тіп отыр. Екінші айта кететін нәрсе, құ­рылысқа қажетті материал шығара­тын отан­дық өндіріс аз. Тіпті белгілі бір кезең­дерде бірде кірпіш, бірде темірбетон конструк­циялары жетіс­пей жатады. Бұған үй сыртына керек қасбеттік өнімдерді де айтсақ болады. Дегенмен кейінгі екі жылда құрылыс ма­териалдары өндірісінің біршама өске­нін айтуымыз керек. Оны шығаратын отандық зауыттар ашыла бастады. Мен білетін сапасы мықтылығымен өте танымал кәсіпорындар жеткілікті. Сондай-ақ кейбір өндірушілердің сапасы керемет болмаса да қалыпты деңгейде өз тауарларын шығарып жатыр. Демек, елдегі зауыттар құрылыс заттарын көптеп шыға­рып, сапасын уақыт өткен сайын же­тілдіре түссе, біз бұдан еш ұтыл­маймыз. Сыртқы импортқа да тәуелділік азаяды», дейді ол.

Сондай-ақ Мөлдір құрылысқа қатыс­ты мамандыққа құштар жас­тар легінің көбейіп келе жатқанына қуанатынын білдірді. Десе де өз қиын­дығы жетерлік салаға ешкімді үгіттемей­тінін де айтып отыр.

Әрине, жастардың бұл салаға үлкен қы­зығушылығы бар. Мен де қазір 29 жас­тамын. Құрылысты кезінде пәтерді жөндеуден бастап, солай жүріп өз компаниямды дамыттым. Бірақ мен жастарды құрылысшы болуға немесе өз құрылыс компанияңызды құрыңыз деп ешқашан кеңес бермеймін. Өйткені қазіргі уақыт­та бұл стрестік мамандықтардың бірі. Әділетсіздік те көп. Көптеген кедер­гіден өту керек. Көп жағдайда жер­гілік­ті басқару органдарымен арада мәсе­лелер туындап жатады. Алайда кейін­гі кездердегі Үкіметтің ашықтығы арқа­сында салада көптеген мүмкіндік пайда болды. Жұмыс істеу біршама жеңілдеді», дейді маман.

 

Сектор қарқыны артып келеді

Осыған дейін Президент те құрылыс саласының түйткілдеріне назар аударып, тиісті тапсырма берген еді. Нақтылап айтсақ, Үкіметтің жыл басындағы ке­ңейтілген отырысында құрылыс сапасына жасалатын бақылауды міндетті түрде күшейту керек деді. Президенттің айтуынша, қазір құрылыс саласында сараптама жасауды мемлекеттің иелігіне қайтару мәселесі қызу талқыланып жатыр.

«Азаматтардың қауіпсіздігін қамтама­сыз ету – ең басты міндет. Құрылыс сапасына жасалатын бақылауды міндетті түрде күшейту керек. Бұл – анық дүние. Алайда мемлекет осы нарықты түгел иемденіп алмауы қажет. Шынайы бәсеке болуға тиіс. Үкімет барлық тараптың мүддесін ескеруі керек», деген еді Мемлекет басшысы.

«Атамекен» ҰКП құрылыс және жер қатынастары департаментінің дирек­торы Нәзира Үсенованың айтуынша, отандық компанияларды бәсекеге қабілетті деп айтуға болады.

«Тәуелсіздік алғалы бері құрылыс сек­торының қарқыны еселеп өсті. Шетелдік компаниялар да нарыққа келді. Өзіміздің компаниялар да өсіп, жетілді. Саладағы отандық маман­дар­дың бәсекеге қабілеттілік деңгейі артты ма? Бұл өте нәзік сұрақ. Деген­мен біздің мамандарды шетелдік әріп­тес­тер­мен бәсекелесе алмайды деу қате болар еді. Біздің құрылысшыларға архи­тектуралық тұрғыда қызықты, тех­ни­калық тұрғыда күрделі нысандарды салу үшін біліктілік те, білім де, тәжі­рибе де бар. Бірақ статистикаға үңі­лер болсақ, халықаралық деңгейге көтеріл­ген нарық қатысушылары саны сон­шалықты көп емес. Алдағы жағдай оң көрсеткіштермен қалыптасады деп үміт­тенеміз. Әрине, қазіргі ахуал құбыл­малы болып кетті. Инфляция мен тұ­рақсыз сыртқы саяси жағдайларды ес­керер болсақ, азаматтардың сатып алу қабілетінің төмендеп кеткенін аңғарамыз. Қазіргі құрылыс секторының басындағы жағдайды тым керемет деуге келмес. Дегенмен осындай қиыншылықтың артынан жақсы күндер келетіні де рас», дейді сарапшы.

 

Атырау облысы алда тұр

Ұлттық статистика бюросының мә­ліметі бойынша, 2023 жылы құрылыс жұмыстарының көлемі 15,1 пайызға өсті. Теңгедегі көлемі 7 трлн 612,8 млрд теңге болды. Елдегі жалпы құрылыс жұмыстарының 82,2 пайызын жеке құрылыс компаниялары орындаса, 17,3 пайызын шетелдіктер атқарған. Мемлекеттік мекемелердің үлесі – 0,5 па­йыз. Бұл ретте құрылыс жұмыстарының басым бөлігін – 84,7 пайызын құрылыс-монтаж жұмыстары құраса, 7,6 пайызы – күрделі жөндеуге, 7,7 пайызы – қазіргі жөндеу жұмыстарына тиесілі.

Былтыр елімізде 38 017 жаңа нысан­ның құрылысы аяқталған. Оның 35 мың­нан астамы – тұрғын үй, 2 мыңнан астамы – басқа мақсаттағы ғимараттар. Пайда­лануға берілген тұрғын үй көлемі 17,8 млн шар­шы метрді құрап, алдыңғы жыл­мен са­лыс­тырғанда 13,8 пайызға өсім көрсеткен.

Ал биылғы төрт айда орындалған құрылыс жұмыстарының қаржылық көлемі 1,2 трлн теңгені құрап, алдыңғы жылдың ұқсас кезеңінен 12,2 пайызға асып түсті.

«Жүзеге асырылған мердігерлік жұмыстар ішінде басым үлесі тұрғын үй емес құрылыс нысандарына тиесілі болды – 24,3 пайыз. Одан кейінгі орында 14,9 пайызбен тұрғын үй құрылысы тұр. Үштікке жол және автомагистраль құрылысы кіреді. Аталған саланың жалпы құрылыстағы үлесі – 10,9 пайыз», делінеді Ұлттық статистика бюросы мәліметінде. Өңірлер бөлінісінде Атырау облысы алда тұр. Мұндағы орындалған құрылыс жұмыстарының құны 268 млрд теңгеге бағаланып отыр. Алайда бұл сома алдыңғы жылдағы көрсеткіштен 6,3 пайызға төмен. Сонымен қатар үздік үштікте Астана (127,4 млрд теңге) және Алматы (118,7 млрд теңге) қаласы бар.

 

Сала қандай игілікке мұқтаж?

Қалай десек те, құрылыс саласы – үлкендігі жағынан елдегі екінші сала. Еліміздегі компаниялардың 13 пайызы осы бағытта еңбек етеді. Нарықтың 70 пайыздан астамын отандық компаниялар иеленіп отыр. Әрбір үшінші жұмыс – құрылыс және тұрғын үй емес ғимараттардың жөндеу жұмыстарымен байланысты. Тек 12 пайызы баспана салумен айналысады. Салада шешуін күтіп тұрған түйткіл де жоқ емес. «PlanRadar» платформасы ұсынған дерекке сүйенсек, қазір елдегі құрылыс салушылардың 95 пайызы кешенді цифрландыруға мұқтаж.

«BI Group» секілді компаниялар ғана цифрлық шешім енгізіп жатыр. Көбі CRM-жүйесімен, сатылымға арналған құралдармен шектеледі. Ал құрылысты басқарудағы, сапаны бақылаудағы және құжат айналымындағы цифрландыру мүмкіндіктерін елемейді. Дегенмен жағдай өзгеріп келе жатыр. Маржаның төмендеуі және бәсекенің артуы компанияларды шығындарды оңтайландыруға және тиімділікті артты­руға мәжбүрлеп жатыр. Цифрлық техно­ло­гиялар әлде­қай­да тартымды бола түсті, алайда олар­ды енгізу кешенді тәсіл­ді қажет етеді. Қа­зір құрылысшылар мем­ле­кет­тен тұ­рақты құқықтық базаны, ұзақ­мер­зім­ді ережелерді және бюро­кра­тия­­лық барьерлерді азайтуды күтіп отыр. Со­нымен қатар кеңседе де, құры­лыс алаңын­да да кадр біліктілігі үлкен мәселеге айналып тұр», делінеді зерттеуде.