Олимпиада • 10 Тамыз, 2024

Жүлденің ауылы алыс

45 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Франция астанасын дү­бір­ге бөлеген ХХХІІІ жаз­ғы Олимпия ойындары мә­­ре­сіне таяп қалды. Он үшін­­ші сайыс күнінде ел қор­жы­ны­на медаль түс­кен жоқ. Саңлақ­тары­мыз­­дың дені іріктеу сайы­сын­да сүрініп, аламанды аяқ­тады.

Жүлденің ауылы алыс

Елжанадан ел үмітті

Көркем гимнастикадан сынға түскен Ел­жана Таниева ірік­теу кезеңінде 7-орынға тұрақ­тап, фи­налдық сайысқа жолдама ал­ды. Енді жоғары ұпай жинаған 10 гимнаспен медальға таласады. Ұршықпен өнер көрсетуде Елжананың шеберлігін төрешілер 32.300 ұпаймен бағалады. Үш снарядтан кейін 95,150 ұпай жинады.

Ұлттық олимпиадалық комитетке берген сұхбатында көркем гимнастикадан команданың бас бапкері Әлия Юсупова шәкірті­нің аламанға алғаш рет қосылғаны­на қарамастан жаттығуды жоға­ры шеберлікпен орындағанын жеткізді.

«Елжана өте еңбекқор гимнаст, өзі алғаш қатысқан Олимпия ойындарынан керемет әсер алып отыр. Нәтижесі де жақсы деп санаймын, дегенмен де төрешілер ұршық жаттығуында төмен ұпай жазғаны түсініксіз. Ал доппен жаттығу жасауда қолынан түсіріп алып, қателікке бой алдырды. Ұршық жаттығуын мінсіз орындаса да ұпайы аз болды. Бас бапкер ретінде төрешілерге шағым түсіріп едім, өкінішке қарай, қанағаттандырмады», деді Ә.Юсупова.

Бас бапкер тек Елжана ғана емес, әлем чемпиондары, Олим­пиада жүлдегерлерінің өзі де жаттығуды орындау мезетінде қателікке ұрынып жатқанын айтты. 18 жастағы шәкіртінің келе­шекте жоғары жетістікке қол жеткізіп, жанкүйерлерін қуан­татынын атап өтті.

Су спортынан да көрсеткіш көңіл көншітпей тұр. Мария Бровкова каноэмен есуде жекелей сында сайысты ширек финалдан аяқтады. Әр топтан үздік нәтиже көрсеткен екі спортшы ғана жартылай финалға жолдама алатындықтан Бровкова өз тобында 4-орынды місе тұтып, жүлдеге таласу мүмкіндігінен қол үзді.

Байдарка мен каноэде есуден Тимур Хайдаров пен Сергей Емельянов В тобында сайысқа түскен. 500 метрге жүзуден өз тобында үшінші жеткенімен, жалпы есепте 11-сатыға тұрақтады.

 

Саңлақ сүрінді

Спорттық құзға өрмелеу­ден Әмір Маймұратов та жазғы Олимпия ойындарына тұңғыш рет қатысқан. Іріктеу сынында ол тіпті Олимпиада рекордын да жаңартқан. Бірақ ширек фи­налдық тартыста ирандық Реза Алипурмен сынға түсіп, 6,14 секунд қалып қойды. Оған себеп – аяғының тайып кетуі. Қателікке бой алдырған жерлесіміз қай­та ұмтылғанымен уақытты ұза­­тып алды. Әмір Париж жазғы Олим­пия ойындарының жол­да­ма­сын маусым айында Мажарстан­ның Будапешт қаласында өткен ­ли­цен­зиялық турнир­де олжала­ған еді. Сол доданың фи­нал­дық тартысында жерлесі­міз­ден басым түскен қытайлық У Пэнг Париж жазғы Олимпия ойын­­дарының күміс медалін иеленді. Бұйырмай тұр екен, егер Әмір ирандық қарсыласымен сайыста қателікке ұрынбағанда медаль үшін де тартысқа түсер еді.

Спорттық құзға өрмелеуден Париж жазғы Олимпия ойын­дарының алтынын Индо­незия спортшысы олжаласа, күміс медаль Қытай, қола АҚШ спортшысына бұйырды.

Қазіргі бессайыстан да көр­сет­кіш көңіл көншітпейді. Әйелдер арасында сынға түскен Елена Потапенко алғашқы сын – семсерлесуде 200 ұпаймен 27-сатыны місе тұтты. Жартылай финалдық тартысты А тобында өткізіп, 200 метрге суда жүзуде еркін әдіспен сынға түседі. Одан кейін конкурдан шеберлігін байқап, жүгіру барысында лазерлі тапаншамен нысана көздеуден бағын сынайды. Қазіргі бессайыстан Париж жазғы Олимпия ойындарына 72 спортшы қатысып, медальға таласады.

 

Өзбек оғланы – екі дүркін Олимпиада чемпионы

Таеквондодан Батырхан Тө­леу­ғали Париж жазғы Олимпия ойын­дарын сәтті бастаған. 80 сал­мақ дәрежесінде сынға түс­кен жерлесіміз алғашқы айна­лымда Мали елінің үміті Ис­маэль Кулибалиден басым түс­ті. Ширек финалда екі дүркін әлем чемпионы, осы салмақтың көшбасшысы италиялық Симоне Алессиоға қарсы айқасты. 18 жасында жазғы Олимпия ойындарына қосылған жерлесіміздің тәжі­рибесі кемшін соққаны бай­қалды. Батырхан – жастар арасын­да әлем чемпионатының күміс жүл­десін олжалаған спортшы. Таек­вондодан ұлттық құраманың аға бап­кері Нұрсұлтан Мамаев спорт­шылардың Олимпиада дода­сындағы айқасына пікір білдірді.

«58 кг салмақ дәрежесінде Самир­хон Абабакиров үшін Париж жазғы Олимпия жарқы­райтын шағы еді. Бірақ алғашқы айналымда Токио жазғы Олим­пиадасының чемпионы, әлем чемпионатының жеңімпазы, Еуропа біріншілігінде топ жар­ған италиялық Вито Дел Акила­ға есе жіберді. Самирхон да жазғы Олимпия ойындарына тұңғыш рет қатысып, даңқты қарсыласы­нан қаймықпай айқасты. Тіпті бірінші кезеңде алда тұрған, одан кейінгі кезеңде жеңісті уысынан сусытып алды. Батырхан Төлеуғали – елімізден барған спортшылардың ішіндегі ең жас саңлақ. Мұндай ірі доданың мысы болады, бұған дейін қатысып көрмегендіктен де қобалжыған шығар. Бірақ қарсыласынан тай­салған жоқ. Келешекте спортшыларымыз ел үмітін ақтайды», деді Н.Мамаев.

Біз таеквондошыларымыз­дың келешегінен үміт күтеміз, әрине. Бірақ біз ертеңге сенім­мен қарауды місе тұтқанда Өзбек­станның спортшысы Ұлықбек Рашитов екі дүркін Олимпиада чемпионы атанып үлгерді. 2021 жылы Токиода өткен жазғы Олим­пия ойындарының чемпионы атанғанда Ұлықбектің жасы 18-де еді. Арада өткен үш жыл ішінде ол өзінің екпініне екпін қосып, күш-қайратын толықтырды. Париж төрінде де жеңісті сапарын жал­ғап, 68 кг салмақтың үздігі атанды. Өзбекстан спортының тарихында жазғы Олимпия ойындарының екі дүркін чемпионы деген атақ та осы Ұлықбектің еншісіне жазылып отыр.

Әзірге спортшыларымыз 1 ал­тын, 3 күміс, 3 қола медаль көрсет­кішімен 29-сатыда тұр.