Мәдениет пен ғылымның мәйегі
Ұлттық спорт түрлерінен додаға ғана емес, мәдени ғылыми бағытта өрбитін көшпелілер ойындарының ел руханиятына қосар үлесі орасан. Мәдени бағдарлама аясында Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының салтанатты ашылу рәсімінен бір күн бұрын, яғни 7 қыркүйекте «Көшпелілер ғаламы» деп аталатын этноауылдың салтанатты ашылу рәсімі ұйымдастырылмақ.
Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының салтанатты ашылу рәсімі 8 қыркүйек күні «Астана Арена» стадионында өтеді. Осы күні «Астана – көшпелілер астанасы» атты жарқын театрландырылған қойылым көпшіліктің назарына ұсынылмақ. Мәдени іс-шараға Дүниежүзілік көшпелілер ойындарын тамашалауға келген шетелдік қонақтар мен халықаралық спорт ұйымдарының басшылары қатысады. Этноауылдың бірегей концерттік алаңында күн сайын мәдени іс-шаралар өткізіледі. Соның ішінде еліміздің үздік қолөнершілерінің ең ірі көрме-жәрмеңкесі және шеберлер өз қолөнерінің қыр-сырымен бөлісетін шеберлік сабақтары болады. Елге аты мәшһүр белгілі айтыскерлер қатысатын дәстүрлі ақындар айтысы Этноауылдағы мәдени бағдарламаның мерейін асырмақ. «Көшпелілер ғаламы» фестивалі мәдениет әлеміндегі заманауи үрдістерді көрсетеді.
Іс-шаралар бағдарламасында этноауылдың ең жеткіншек қонақтары – балаларға да ерекше көңіл бөлінеді, олар көптеген ойын-сауық және танымдық ойын алаңы мен этностық стильдегі аттракциондарды тамашалайды.
Сондай-ақ Этноауылда сән көрсетілімі өтетін арнайы подиум құрылады. Этностық сән фестивалі аясында ұлттық киімдердің түрлі үлгілері, оның ішінде осы трендтің көшбасшысы – Global Nomads үлгілері қала тұрғындары мен қонақтардың назарына ұсынылады.
Этноауылда жыртқыш құстарды салудан жарыстар мен ұлттық күрес түрлерінен көрнекі қойылымдар өткізіледі. Ұлттық тағамдар фестивалі қазақ халқының қонақжайлылығы мен ақкөңілдігін көрсетеді дейді ұйымдастырушылар. Мұнда шеберлік сабақтары өткізіліп, әрбір келуші тамақ пен сусын дайындау үдерісіне өзі де қатыса алады.
Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының үшінші тармағы – ғылыми бағытта өрбімек. V Дүниежүзілік көшпелілер ойындары аясында 9-11 қыркүйек аралығында Ұлттық мұражайда этноспортты дамытудың түрлі аспектісі зерттелетін «Көшпелі халық: тарих, таным, тағылым» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізіледі. Ғылыми басқосуда тарих және мәдениет бағыты бойынша түркі әлемінің көшпелі дәстүрлері мен рухани байлығы, көшпелі мәдениет пен ұлттық спорт дәстүрлерінің еларалық ынтымақтастықты дамытудағы рөлі айқындалады. Спорт ғылымы негізінде елімізде және Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына қатысушы мемлекеттерде ұлттық спорт түрлерін дамытудың қазіргі жағдайы: ұлттық спорт түрлерінің қалыптасу тарихы мен идеологиясының мәселелері, саланың қазіргі даму өрісіне баға берілмек. Сонымен қатар Орталық Азиядағы көшпелілерінің тамақтануы: қазіргі көшпелілердің ас-ауқаты; тамақтану мен адам микробиомасы арасындағы байланыс; сүт қышқылды бактериялар және оларды қолданудағы жаңалық айқындалмақ.
Билет құны қанша?
Этноспорт аламанының ашылу рәсімінің һәм ұлттық спорт түрлері бойынша өтетін сайыстарды тамашалаушы жанкүйерлер үшін билет сатылымға түсті. Стадионды дүбірге бөлейтін ашылу рәсімінің салтанатын көремін дейтін жандар билетті 15 000 теңгеден 50 000 теңге аралығында сатып алады. Спорт бағдарламасына 21 спорт түрі кіреді. Спорт жарыстарына орташа билет құны – 3 600 теңге аралығында. Қазақ күресі, алыш және көрәш Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтеді және билеттер бағасы 2 500 теңге мен 7 500 теңге аралығында болады. «Алау» мұзайдынында асық ату, ордо, мас-рестлинг, күрәш, арқан тарту және ашыртмалы аба гүреші бойынша жарыстар өтеді. Билет құны – 1 000-3 000 теңге аралығында.
Көкпар, көк бөрі және бәйге бойынша тартысты жарыстар «Қазанат» ипподромында өтеді. Көкпар мен көкбөрі бойынша іріктеу кезеңдеріне билеттер құны 2 000-15 000 теңге аралығында болса, финалдық кезеңінің билеттері де сол баға мөлшерінде сатылады.
Бәйге жарыстарына билет құны 3 000-15 000 теңге болмақ. Этноауылда жамбы ату, теңге ілу, аударыспақ, құсбегілік, сондай-ақ алыптар сайысы – «Powerful Nomad» жарыстарын көруге болады. Аталған спорт түрлері бойынша билеттер 1 000 теңгеден басталып, 2 000 теңге аралығында сатылады. Көрермен көзайымына айналған дәстүрлі садақ ату спорты бойынша бәсекелер «Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешенінде өтеді. Билеттер құны 600 теңгеден басталып, 3 000 теңгеге дейін болады. Дәстүрлі зияткерлік ойындар саналған тоғызқұмалақ, мангала және овари жарыстары көрермендерсіз өтеді. Азаматтардың жекелеген санаттары үшін әртүрлі жеңілдіктер қарастырылған. 50% жеңілдік мектеп оқушылары (6 жастан 18 жасқа дейін) мен зейнеткерлер үшін қолжетімді. 5 жасқа дейінгі балалар (орынсыз) мен I және II топтағы мүгедектер билеттерді тегін ала алады. Жеңілдік билеттерін растайтын құжатты көрсеткеннен кейін оффлайн кассалардан сатып алуға болады. Бес күнге ұласатын ұлттық спорт додасында 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынбақ.