Спорт • 13 Тамыз, 2024

Әмір Маймұратов спорттық құзға өрмелеу қабырғаларын салуға назар аударуды сұрады

176 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Әмір Маймұратов Париж Олимпиадасында спорттық құзға өрмелеу сайысының «жылдамдық» дисциплинасында табысты өнер көрсетті. Оның алғашқы іріктеу кезеңінде 4.89 уақыт көрсеткішімен Олимпиада рекордын жаңартуы көпшіліктің осы спортқа қызығушылығын сөзсіз арттырды, деп жазады Egemen.kz.

Әмір Маймұратов спорттық құзға өрмелеу қабырғаларын салуға назар аударуды сұрады

Фото: instagram.com/maimuratov

Әмір Маймұратов екінші мүмкіндігінде аяғы тайып біршама уақыт оздырып алғанмен, қорытынды есепте Олимпиа ойындарын бесінші орында аяқтады.

Спортшы дүбірлі додада қолдау білдірген халыққа алғысын білдіріп, спорттық құзға өрмелеу қабырғаларын салу үшін инвесторлар назарын аударды. 

«Мені қолдаған барлық жұртшылыққа, халқыма шын жүректен рақметімді айтамын. Осы Олимпиадаға баруыма атсалысып, қолдау көрсеткен Альпинизм және срорттық құзға өрмелеу федерациясының төрағасы Нұрсұлтан Нұрланұлына алғысым шексіз! Өзімнің алғашқы бапкерім Слуцкая Клара Минихановнаға менен спортшыға тән қабілеттерді танып, сенім артқанына рақметімді айтамын. Қолдаушылар мен жанкүйерлер өте көп болды. Сіздерге басымды иемін.

Менің Олимпиада ойындарындағы өнер көрсетуім бүкіл ел бойынша спорттық құзға өрмелеу қабырғаларының құрылысына инвесторлардың назарын аударады және көптеген балаларды спорттық құзға өрмелеу секцияларына тартады деп сенгім келеді», деп жазды Әмір Маймұратов әлеуметтік желідегі парақшасында.