Өндіріс • 14 Тамыз, 2024

Берекелі кәсіпорын

51 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік алғалы бері елі­­мізде ашылған ірі өнді­рістік ком­пания­лар­дың бірі – «Масло-дел» ком­паниясы. Бұл Отаны­мыздағы тамақ өнімде­рін шыға­ратын ірі кәсіпорын санатында. Компанияның мақ­са­ты – тұтынушыға жоғары сапалы өнім ұсыну.

Берекелі кәсіпорын

1999 жылдан бері ширек ға­­сыр уақытта бұл компа­ния өзі­нің мақсатын орындап, тұты­нушылар тарапынан дәм­ді, сапалы өнімдері үшін сый-құр­метке бөленіп келеді. Ком­па­ния құрамына енетін 24 бөлім еліміздің түкпір-түкпірінде ор­наласқан. Барлық зауыты ең жаңа еуропалық жабдықтармен жарақталған. Ал орталық кеңсесі Алматы қаласында орналасқан.

Сауда нүктелерін жаулаған «Масло-дел» 100-ге жуық азық-түлік өнімін шығарады. Соның ішінде сары май, өсімдік майы, өнеркәсіп майы, ірімшік, маргарин, майонез, кетчуп, томат пастасы, ұнтақталған сүт, қою­латылған сүт өнімдері көп­шілікке кеңінен танымал. 

«Масло-дел» компаниясының бірнеше кәсіпорны біздің өңірде де бар. Петропавлдағы «Масло-дел» сүт зауыты 2004 жылы ашыл­ған. Бұл зауыт сарымай, ультра пас­тер­ленген сүт, айран, қаймақ, ірім­шік және ашытылған сүт өнім­­дерінің басқа да түрін өндіреді. Өндірістің қуаты жы­лына 66 мың тоннаға дейінгі ши­кі сүтті өңдеуге жетеді. Ондағы шетелдік өңдеу құралдарының қуаты тәулігіне 200 тоннадай сүтті өңдеуге шақталған.

Кәсіпорын шикізаттың 70 пайызын шаруашылықтардан, 30 пайызын жеке адамдардан қабылдайды.

Қазір өңірде 100 агроқұры­лым сүт өндірумен айналысады. Соның 36-сы – заманауи тауар­лы-сүт кешені. Биыл тағы 9 тауар­лы-сүт фермасы салынып жа­тыр. Ол үшін Еуропа ел­дері­нен, Ре­сейден 1 500-ден астам тұяқ қара мал жеткізілді. Былтыр ғана «Солтүстік» ӘКК-нің же­ңілдетілген несиесі арқылы «Атамекен-Агро Корнеевка», «Азия Торанғұл», «Гердт», «Не­жин­ка Ерке», «Зеленые луга» ЖШС тауарлы-сүт фермаларын тұр­ғызуға ниет білдіріп, биыл олардың көбі қаржыландырылып, іске кіріскен. Әрқайсысы 400-ден 1 300 тұяққа шақталған кешендер салған. Облыста барлығы осындай 18 кешен тұрғызылмақшы. Оған 17 млрд теңге қарастырылған.

Ауыл шаруашылығы министр­лігі биылғы жартыжылдықта былтырға қарағанда сүт өндіру 4,8 пайызға ұлғайғанын жариялаған еді. Осы жетістіктің негізін қа­ла­ғандардың бірі – солтүстіктің сүт өндірушілері. Қазір мұнда барлығы 700 мың тоннадай сүт өн­діріліп, одан 215 мың тоннаның дайын өнімі алынады. Республика бойынша барлық сүт өндіру мен өңдеудің 25 пайызы терістікке тиесілі.

Міне, осындай тауарлы сүт ке­шендерінің шикі сүті «Масло-­делге» жеткізіліп, өңде­ліп, дайын өнімге айналған соң, еліміздегі 50 мыңнан астам сауда нүктесінде тұтынушыға ұсынылады. Соны­мен бірге, кәсіпорын сүт, айран және қаймақ өнімдері бойынша тәуліктік қуаттылықты 60 тоннадан 450 тоннаға дейін жеткізе алатын жабдықтармен жаңғыртуды көздеп отыр. Қазір зауыт жылына 104,8 мың тонна дайын өнім шығарады.

Компанияның Петропавлдағы филиалының басшысы Инна Пискунованың айтуынша, былтыр фирма облыста ірі салық төлеушілердің қатарына қосыл­ған. Өнім сапасына да ешкімнен шағым түспеген.

«Өнімдеріміздің сапасы жо­ғары. Кез келген әділетті бәсекеге төтеп бере аламыз. Елімізге сырттан әкелінген, нақты айтсақ Ресейден енгізілген сүт өнімдеріне қарағанда біздің өнімдеріміздің сапасы әлдеқайда жоғары екенін зертханада арнайы тексеруден өткізіп, көзімізді жеткіздік», дейді.

Отандық сүт өнімдері сапасын анықтайтын «Dosmart.kz» кэшбэк-сервис» ұйымы 2021 жылы 313 азық-түлік дүкенінен сатып алынған 74 мың сүт чектерін саралаған қорытындыны жариялады. Сөйтіп, сүт өнімдері рейтингін анықтаған еді. Сонда «Петропавлдың сүті» атауымен сатылған Қызылжар сүті Алматы, Семей, Өскемен, Шым­­кент, Талдықорған, Қы­зыл­­орда қалаларында бірінші орын алған. Жалпы, «Масло-дел» ком­паниясының иелігінде сүт зауыт­тары ғана емес, элеватор, май пресс зауыты және май комбинатын қоса алғанда бес өндірістің желісі бар. Бұл интеграцияланған құрылым өнімдердің жоғары сапа стандартын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

 

Солтүстік Қазақстан облысы