Сараптама • 14 Тамыз, 2024

Ең танымал әрі беделді кәсіп

158 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгінде еңбек нарығында күрделі трансформация жүріп жатыр. Өз кезегінде бұл қоғамның әлеуметтік құрылымында жаңа топтардың пайда болуына әсер етеді. Аталған өзгерістерді көбіне технологияның өркендеуімен және жаппай цифрландыру үдерісімен байланыстырамыз.

Ең танымал әрі беделді кәсіп

Фото: zharar.info

Қазір еңбек нарығында жұмыспен қамтудың жаңа түрлері (мысалы, фриланс) пайда болды, цифрлық платформалар арқылы білім алу және табыс табу мүмкіндігі кеңейді, өндірісте автоматтандыру және роботтандыру кезеңі басталды. Ғылыми ортада жасанды интеллект, тауар интернеті, Big Data, роботтехника және өзге де терминдер қолданысқа еніп жатыр. Еңбек нарығында жұмыс берушілердің қызметкерлерге қоятын талаптары өзгеріп, ақпараттық технологиялармен, цифрлық платформалармен жұмыс істеу дағдылары бар икемді мамандар үлкен сұранысқа ие бола бастады.

Жұмыс үдерісін оңтайландыратын бұл өзгерістердің кері әсері де бар екенін атап өткен жөн. Қоғамның әлеуметтік құрылымында жаңа шынайылыққа бейімделу мен әлеуметтену кезеңінен өтпеген және еңбек нарығындағы бәсекеге қабілетсіз топтар пайда болды. Жаһандық ауқымда трансұлттық компанияларда жұмысшыларды қысқарту үдерістері жиі орын алатыны байқалды. Мысалы, «Trueup» порталының есебінше, технологиялық компаниялар 2023 жылы 430 мыңға жуық қызметкерге әсер еткен 2 011 жұмыстан босату шарасын қабылдаған. Бұл қоғамдағы жұмыссыздық мәселесінің өршуіне алып келді. Сондықтан қазіргі таңда әлем елдері адам капиталын дамытуға бағытталған саясат жүргізеді. Бұл саясаттың маңызды бағыты – адамдарды еңбекке баулу.

Осы орайда біздің қоғамдық даму институты «Еңбек адамы» идеологиясына қоғамдық қызығушылық және Қазақстандағы кәсіптердің беделі» атты әлеуметтік зерттеу жүр­гізіп, еліміздегі еңбек нарығының қазіргі жағдайы мен кәсіптердің танымалдылығы туралы маңызды деректерге қол жеткізді. Зерттеуге қатысқан азаматтардың пікірінше еліміздегі ең танымал, жоғары жалақы төленетін, беделді және стреске толы кәсіптерді анықтауға мүмкіндік беретін Топ-5 кәсіптің рейтингі жасалды.

Ең танымал кәсіптердің қатарында – дәрігерлер (32,7%), екінші орында мұғалімдер (32,4%), үшінші сатыда заңгерлер (14,3%), одан кейін IT мамандары (13,5%) мен блогерлер (10,4%) тұр.

 

Қазақстандағы ең танымал ТОП-5 кәсіп

щ

 Дереккөз: «Еңбек адамы» идеологиясына қоғамдық қызығушылық және Қазақстандағы кәсіптердің беделі талдамалық есебі, 2023 жыл
(Қосындысы 100%-ға тең емес, себебі респонденттер бірнеше жауап нұсқасын белгілей алды)

Цифрлық платформалар мен әлеуметтік желілердің дамуы және пайдаланушылардың артуымен блогерлердің қызметіне деген қызығушылықтың артқанын байқауға болады. Сонымен қатар зерттеу нәтижесі бойынша елдегі ең жоғары жалақы алатын кәсіптер анықталды. Танымал кәсіптер секілді, рейтингтің көшбасшылары қатарында дәрігерлер (23,5%) мен мұғалімдер (21,9%) тұр. Сондай-ақ респонденттер ТОП-5-ке мұнайшы (13,5%) және заңгермен (12,2%) қатар депутаттардың (14,2%-ы) қызметін жоғары жалақы алатын кәсіп ретінде бағалады.

Алайда жалақы көлемінің аймақтарға қарай ерекшеленетіні белгілі. Еліміздің барлық аймағында медицина мен денсаулық сақтау кәсібінің танымал және жоғары жалақы төленетін мамандық болуының себебін тұрақты сұраныспен байланыстырады. Ең беделді маман иесі ретінде жауаптардың басым бөлігі дәрігерлерді (28,8%) таныды.

Еңбек нарығын зерттеу барысында стреске толы кәсіп түрлері де белгілі болды. Мұғалім, дәрігер, өрт сөндіруші, тәрбиеші және мемлекеттік қорғаныс сияқты кәсіптер стресті еңбек түріне жатады. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, бұл тізімге өнімділікке қойылатын жоғары талаптар, белгісіздік пен тәуекел, тұрақты эмоционалды жүктеме, жиі болатын тұлғааралық қақтығыстар, қоғамдық сынға ұшырайтын және көпшілік назар аударатын кәсіптер кіріп отыр.

 

Қазақстандағы ең стресті ТОП-5 кәсіп

д

 Дереккөз: «Еңбек адамы» идеологиясына қоғамдық қызығушылық және Қазақстандағы кәсіптердің беделі талдамалық есебі, 2023 жыл
 (Қосынды 100%-ға тең емес, себебі респонденттер бірнеше жауап нұсқасын белгілей алды)

Аталған зерттеу еліміздің еңбек нарығындағы бірқатар негізгі тенденция мен сын-қатерді анықтауға мүмкіндік берді. Технологияның дамуы IT мамандары мен цифрлық дағдыларын жетілдірген мамандарға деген сұраныстың жоғарылауына әкелгенін көрсетті. Өз кезегінде еңбек нарығындағы талаптар мен бәсекелестіктің артуы азаматтарға үздіксіз дамып, өмір бойы білім алу дағдысын қалыптастыру қажеттігі туындағанын көрсетеді. Бұл мамандардың бойында жаңашылдыққа жылдам бейімделу, икемді болу, жаңадан үйрену сияқты қабілеттердің болуын білдіреді. Сондай-ақ әлем елдері тап болған жұмыссыздық сияқты сын-қатерді еңсеру үшін еңбекқорлық идеологиясымен қатар білім беру жүйесі жаңа ұрпаққа кәсіпкерлік, шығармашылық ойлау, цифрлық сауат сияқты дағдыларды меңгертуге тиіс.

 

Жақсыбек ЖИЕНАЛИЕВ,

Қазақстан қоғамдық даму институты «МediaLab» орталығы Әдістемелік сүйемелдеу басқармасының басшысы