Түзеу мекемелеріне көбірек көңіл бөлінеді
Былтыр Мемлекет басшысының 8 ақпандағы №409 Жарлығымен Адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспары бекітілді. 9 тармақтан тұратын жоспардың бір бөлімінде қылмыстық сот төрелігі, жазаны орындау және азаптау мен қатыгездікпен қараудың алдын алу саласындағы адам құқықтары бағытында қолға алынатын іс-шаралар қамтылған. Осы тармақтағы 11 бағыттың бесеуі – қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтеп жүрген, сондай-ақ пробация қызметінің есебінде тұрған адамдардың құқықтарына қатысты іс-шаралар. Бұл жұмыстар негізінен Бас прокуратура, Үкімет пен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына, Әкімшілік сотқа жүктелген.
Еліміздегі Адам құқықтары жөніндегі уәкіл кеңсесі қылмыстық атқару жүйесі мекемелерін аралап, сотталғандардың құқықтарын сақтау, оның ішінде балалы әйелдерді ұстау жағдайларымен танысу жұмыстарын үздіксіз қолға алып келеді. Ал Адам құқықтары жөніндегі омбудсмен Артур Ластаев сотталғандарды жеке қабылдап, мәселелерінің шешілуіне ықпал етіп жүр.
Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің мәліметінше, бүгінде елімізде жабық мекемелерде жазасын өтеп жатқан сотталған азаматтар саны 30 мыңнан асады. Оның 29 мыңға жуығы – ер адам, 2 мыңы – әйел. Жалпы, елімізде барлығы 63 түзеу мекемесі мен 17 тергеу изоляторы бар екен.
Осы ретте Артур Ластаевтан түзеу мекемелеріне барып, сотталғандармен жолығудың басты мақсаты не екенін сұрадық. Артур Ермекұлы өзінің омбудсмен ретіндегі міндеттерінің бірі – азаматтардың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіруге ықпал ету екенін атап өтті.
– Адам қандай мәртебеге ие болса да, оның құқықтары сақталуы керек. Біз де азаптау мен қатыгездікпен күресу бағытында жеке жұмыс жүргіземіз, сондықтан түзеу мекемелеріне көбірек көңіл бөлеміз. Колонияларға сотталғандардың құқықтарының сақталуын, оларды ұстау жағдайларының стандарттарға сай болуын және олардың азаптауларға немесе қатыгездіктің басқа түрлеріне ұшырамауын қамтамасыз ету үшін бас сұғамыз. Сонымен қатар сотталғандарға жеке-жеке кеңес беріп, олардың құқықтарын түсіндіру де біздің міндетімізге кіреді.
Бұл ретте жазасын өтеушілердің өмір сүру жағдайларының ең төменгі стандарттарының сақталуын қамтамасыз етудің маңызы зор. Мекемелер асхана, медициналық пункт, қабылдау бөлмелері, жұмыс орындарымен қамтылғанымен, өткен ғасырда салынған кейбір нысандардың жай-күйі көп жағдайда көңіл көншітпейді. Осы және басқа да мәселелерді саралап, біз жиынтық ұсыныстар әзірледік, – дейді А.Ластаев.
Жұмыспен қамту маңызды
Омбудсменнің айтуынша, қазіргі таңда түрмедегілерге еңбек жағдайы барынша жасалған. Мекемелердің аумағында киім-кешек бұйымдарын шығаратын, ағаш және металл өңдеу цехтары сынды шағын кәсіпорындар жұмыс істейді. Дегенмен жұмыс орындарының жеткіліксіздігінен сотталушылардың бәріне жұмыс тауып беру мүмкін емес. Яғни бұл да бір шешімін күткен мәселе болып тұрған көрінеді.
Жалпы, уәкілдің қазіргі заманғы аралас колониялар құру жөнінде Үкіметке ұсыныс жасағанына көп уақыт бола қоймапты. Бұл логистика, түрме медицинасы, жұмыспен қамту және интернетпен қамтамасыз ету сияқты бірқатар мәселені шешуге мүмкіндік беруге тиіс.
Жалпы, сотталғандардың құқықтарын қорғау туралы айтатын болсақ, бұл бағытта Адам құқықтары жөніндегі уәкіл кеңсесі атқарып жатқан жұмыстар назар аударуға тұрарлықтай.
Біріншіден, уәкіл және аймақтық өкілдер, сондай-ақ азаптауға қарсы ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылар қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне тұрақты түрде барып тұрады екен. Өткен жылы жоспарлы және алдын ала 460-тан астам мекеме аралау іс-шарасы ұйымдастырылған.
– Өткен жылы сотталғандардың құқықтарының бұзылуына қатысты түскен өтініштер саны 838-ді құрап, рекордтық көрсеткішке жетті. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда төрт есе көп. Осы ретте 126 өтініш бойынша сотталғандардың құқықтары жартылай немесе толық қалпына келтірілді. Сонымен қатар сотталғандардың өздері еркін қол жеткізе алатын орындарда, яғни асханаларда, жасақтарда әкімшіліктен рұқсат сұрамай-ақ барып, электронды түрде өтініш жібере алатын 600-ден астам терминал орнатылды. Жалпы, жұмыс жүйелі түрде жүргізіліп жатыр және біз құқық қорғау мекемесі ретінде бұл бағыттағы іс-шараларымызды жалғастыра береміз, – дейді омбудсмен.
Артур Ластаев жуырда әйелдер колониясына, яғни Алматы облысы, Жауғашты аулында орналасқан ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің №10 мекемесіне барғанын да айтып өтті.
– Бұл мекеме орташа қауіпсіздік санатына жатады, оның ішінде жас балалары бар аналар да жазасын өтейді. Жалпы, колонияда 600 жазасын өтеуші болса, оның үшеуі кәмелетке толмаған. Бұл ретте мекемеде әйелдермен бірге үш жасқа дейінгі 42 бала – 24 қыз және 18 ұл бала бар. Мекеме аумағында аналар балаларын бос уақытында шектеусіз көре алатын Балалар үйі жұмыс істейді. Сондай-ақ мұнда наубайхана, тігін және сүт цехтары, саңырауқұлақтарға арналған компост, қап контейнерлерін шығаратын бірнеше кәсіпорын бар. Бұл колонияда сотталғандардың 60 пайыздан астамы жұмыспен қамтылған.
Жұмыс бабындағы мұндай сапар кезінде сотталғандармен әңгімелесу және жеке қабылдау – басты міндеттеріміздің бірі. Бізді бірінші кезекте оларды қамауда ұстау жағдайлары қанағаттандыра ма, құқықтары бұзылып, қысым көрсетіліп жатқан жоқ па деген сұрақтар қызықтырады, – дейді омбудсмен.
Сотталғандарға да құқықтық сауат қажет
Бір сөзбен айтқанда, сотталғандардың құқықтарын қорғау да Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің міндеті және бұзылған жағдайда уәкіл кеңсесі оларды қорғау үшін барлық шараларды қолданады. Оған қоса олар сотталғандарды заңнамадағы соңғы өзгерістермен таныстырады.
– Мысалы, әйелдердің құқықтарын қорғауға және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған күшіне енген заң туралы түсіндіреміз. Сонымен бірге елімізде сотталғандардың жазасын шартты түрде мерзімінен бұрын босату және жазаны жеңілдетілген түрге ауыстыру туралы өтініштерін қарау үдерістеріне, сондай-ақ қылмыстық істерді тергеуге алқабилерді енгізуді көздейтін қанатқақты жобаның талқыланып жатқаны туралы айтамыз. Біздің ойымызша, елімізде алқабилерге адамның кінәсін анықтау құқығы берілсе, олар сотталған адамның түзелу дәрежесін және бостандықта қайта әлеуметтену мүмкіндігін қамтамасыз етуді де объективті түрде бағалай алар еді.
Олар негізінен шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға қатысты мәселелер төңірегінде жүгінеді, кейбіреулері жұмысқа орналасуды сұрайды, үкімге шағымдану мүмкіндігін және тағы басқаларды білгісі келетіндер де бар. Сотталғандарға құқықтарын түсіндіріп, заңгерлік көмек көрсеттік, үкімге шағымдану тәртібін түсіндірдік, – дейді ол.
Жалпы, сотты болып, темір тордың арғы жағында отырғандардың бәрін бірдей қоғамға қауіпті көре беруге болмас. Көбі түзеліп, алдына мақсат қойып, болашақ жоспарын да жүйелей жүретіндері аз емес. Сондықтан олардың бостандыққа шыққаннан кейінгі қоғамға қайта сіңуі – үлкен мәселе.
Балалар тағдыры алаңдатады
Ал жоғарыда айтқан анасымен бірге отырған 3 жасқа дейінгі 42 баланың тағдыры расында алаңдатарлық. Амал нешік, елдегі тәртіп, құқықтық жүйе сондай.
– Бұны адамгершілік тұрғысынан бағалай алмаймыз. Жағдай осылай дамыды, бұл мәселені ауыртпалықсыз шешу тетігі әлі жасалмаған. Баланың анасынан бөлінуі – оның дамуы үшін ең үлкен стресс. Иә, жас балалардың анасымен бірге қамауда отыруға мәжбүр болғанын мойындау санамызға ауырлық салады, – дейді А.Ластаев.
Бір қуантарлығы, колония аумағында аналар балаларын бос уақытында шектеусіз көре алатын Балалар үйі бар. Қылмыстық атқару жүйесі балалар үшін барынша қолайлы жағдай жасайды. Дегенмен, әрине, оларды үйдегідей жайлы өмірмен еш салыстыруға келмейді.
Өткен жылы Сенат құқық қорғау қызметін жетілдіру және қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру туралы заң жобасын мақұлдағаны есте. Бұл туралы да аз әңгіме айтылған жоқ. Заң жобасында әлеуметтік байланыстарды сақтау мақсатында сотталған әйелдердің бостандыққа шығуына бір жылдан аз уақыт қалған жағдайда оларға балаларын төрт жасқа дейін ұстауға рұқсат беретін норма қарастырылған.
Бізді қуантатыны, уәкіл кеңсесі құқық қорғау институты ретінде қай жерде болса да, әйелдер мен балалардың құқықтарының сақталуына бар күш-жігерін салып келеді. Дегенмен түзеу мекемелерінде үнемі назар аударуды қажет ететін белгілі бір проблемалардың да бар екенін жасырмаған жөн. Құқық қорғау мекемесінің өкілі ретінде А.Ластаевтан мұндай түйткілдердің шешілуіне қаншалықты ықпал етіп жүргендерін сұрадық.
– Бұл – кешенді көзқарасты қажет ететін жүйелі проблемалар. Олардың бір-екі жылдың ішінде толық шешілмейтінін де түсінуіміз керек. Дегенмен мен бірнеше ұсыныс жасадым. Соның бірі – жоғарыда айтып өткенімдей, заманауи көпсалалы аралас күзет колонияларының құрылысы. Бару нәтижелеріне сүйене отырып, біз сотталғандардың тұрмыс жағдайын жақсартуға мұқтаж екенін анық түсіндік. Бұл, ең алдымен, әйелдерге, әсіресе жабық мекемелерде туған балалары бар әйелдерге, сондай-ақ мүгедектерге қатысты.
Біз мұндай колонияларды ірі елді мекендерге жақын жерде салуды ұсынып отырмыз. Бұл бірқатар проблеманы, соның ішінде медициналық көмек пен бизнес үшін қолжетімділікті шешуге көмектеседі. Өкінішке қарай, көптеген кәсіпорын уақыт өте келе жабылуға мәжбүр болып отыр. Өйткені олар үшін мекеме аумағында жұмыс істеу тиімсіз, тым шалғайда, – дейді ол.
Одан бөлек, омбудсмен тағы бір бастама ретінде сотталғандарға оқшауланған жағдайда жоғары білім алу мүмкіндігін беруді атады. Зерттеулерге сүйенсек, жоғары білімі жоқ сотталғандардың қылмысты қайталау ықтималдылығы жоғары екен.
– Қазір осындай сотталушылардың 90 пайызы түрмеде отыр. Кәмелетке толмағандар оқу орындарын бітіреді, аттестат алады, бірақ содан кейін олар ҰБТ тапсыра алмайды және жалпы негізде, конкурстық негізде ЖОО-ға түсе алмайды. Конституцияда Қазақстанның барлық азаматының білім алуға құқығы бар деп жазылғанымен, шындығында, олардың бұл құқы орындалмай қалады. Бұл бастаманы Ішкі істер министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігі қолдап, осы бағыттағы жұмыстарды бастағанын атап өткім келеді, – деді еліміздің Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Артур Ластаев.
Айтпақшы, өткен жылы бір мекеменің сотталушыларына тәжірибе ретінде мұндай мүмкіндік берілген екен. Емтихан тапсырғандардың үшеуі шекті ұпайын жинаған.