Сұхбат • 14 Тамыз, 2024

Махмұд САДЫБЕКОВ, Математика және модельдеу институтының директоры: Білім жүйесі бизнеске айналып барады

274 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Бүгінде отандық математика ғылымының жетістігі елімізге ғана емес шетелге жақсы мәлім. Әсіресе мектеп оқушылары мен студенттердің, ғалымдардың халықаралық дәрежеде қол жеткізген жетістіктері еліміздегі математика ғылымын одан әрі дамытуға кең жол ашып отыр. Біз осы мақсатта Математика және модельдеу институтының директоры, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА корреспондент-мүшесі, Махмұд Садыбековпен отандық математика ғылымын дамытуға байланысты әңгімелескен едік.

Махмұд САДЫБЕКОВ, Математика және модельдеу институтының директоры: Білім жүйесі бизнеске айналып барады

– Махмұд Әбдісәметұлы, көптеген жас ғалым шетелдегі танымал жоғары оқу орындарында білімін жетілдіріп, математикамен тығыз байланысты салаларда табысты еңбек етіп жүр. Институтта жұмыс істеп жатқан ғалымдардың да денін жастар құрап отыр. Қазіргі кезде олар қандай бағыттағы зерттеулермен айналысып жатыр?

– Бүгінде ғалымдар ескі үстел­де, қағаз-қаламмен отырады де­ген түсініктен әлдеқайда алға озып кеткен. Ғылымның барлық сала­сы толық цифрланды. Бұл ғалым­дар үшін жұмыс үрдісін барын­ша жылдамдатуға ықпал етіп отыр. Басқа саламен салыстырған­да, біздің институтта жұмыс істей­тін ғалымдар­дың денін жас­тар құрайды. Қазір олардың саны ­250-ден асты. Оның 53 пайызы 40 жасқа дейінгі жас мамандар. Олардың арасында 2 ғылым кандидаты, 33 PhD, 16 магистр дәрежесіндегі және бакалавриатты бітіргендер бар. Институт басшылығы осы ғалымдардың еш алаңсыз жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасап, ғылымның игілігін көруге жұмылдыруда. Математика ғылы­мында мақалалар жарияланымы бойынша PhD дәрежесіндегі ғалымдар көш бастап тұр. Бүгінде елімізде, сондай-ақ шетелдерде еңбек етіп, танымал болған математиктердің дені осы институттан шыққаны белгілі. Қазір 40-қа жуық институт ғалымы ғы­лымды қаржыландырудың жаңа түрі – іргелі зерттеулерді жүзеге асыратын мекемелерді қаржыландыру аясында зерттеумен айналысады.

– Өзіңізге белгілі кейінгі жылдарда көптеген талантты жастар шетелге білім қуып кетіп жатыр. Бірқатар сарапшы мұны жағымды үрдіс ретінде қабылдаса, енді бірі мұның кері себеп-салдары бар екенін айтады. Сондықтан отандық ғылымның әлеуетін дамыту үшін не істеу керек?

– Шетелдерге барып білім алып, жұмыс істегісі келетін жас­тарға жаңа әлемді, озық білімді тануға мүмкіндік берген абзал. Олар озық елдерден үйренге­нін кейінгі толқынға үйретеді деген үміт зор. Ал елге қайтқысы келмегені үшін оларға кінә таға алмаймыз. Өйткені шетел уни­верситеттеріндегі ғылымға, білім алуға жасалған қолайлы орта әлем­ді танығысы келетін жастарды қызықтыра түсетіні заңдылық. Білімді, білікті жастардың елге оралып, өнімді жұмыс істеуі үшін ғылыми экожүйемен қатар әлеуметтік мәселелер толыққан­ды шешілуі қажет. Салыстырма­лы түрде алатын болсақ, еліміз­де ғылыммен айналысқысы келе­тін жастардың саны әлі де аздық етеді. Сондықтан жастарды ғылымға мектеп жасынан, тіптен балабақшадан бастап баулуды дамыған елдер тәжірибесінен үйрену керек. Өскелең ұрпақ­тың ғылымдағы әлеуетін арттыру үшін алдыңғы буын ғалым­дар жол көрсетіп, белсенділік танытып жатса, бұл жағымды үрдіс жастарды ғылымды алға оздыруға итермелейтіні анық.

– Кейінгі уақытта жоғары ­оқу орындарына бөлініп жат­қан грант санын азайтуға қа­тыс­ты пікірлер жиі айтылып жүр. Грант санының көбейгені жалпы орта білім көрсеткіштері­нің артуына ықпал етеді деген де түсінік бар. Алайда грант санының көбейгені еліміздегі білім сапасының көрсеткіші бола ала ма?

– Кейінгі жылдардағы ахуалды сараптап қарайтын болсақ, білім жүйесі бизнеске айналып барады. Бірқатар университет үшін грант санының артқаны, студенттердің көбейгені тиім­ді. Сол қаражаттан жоғары оқу орындары оқытушыларға айлық төлейді, инфрақұрылымына жұм­сайды. Ақшасын төлеп оқи алса, ақылы факультеттер де бар. Жоғары оқу орындарының көп­шілігі студенттердің білім сапасына көңіл бөле бермейді. Бірқатар университет қосымша факультеттер ашып, студенттерді көбірек жинағанды ыңғайлы көреді. Егер де оқытушылар базасы мықты жасақталатын болса, студенттерге қолайлы орта қалыптасса, ондай оқу орындарына студенттер өздігінен-ақ келеді. Бірақ мұндай университеттер елімізде өте сирек. Студенттер санының көп болғаны жоғары оқу орындарының саясатына да қарама-қайшы. Көбіне шетелге барып оқып келген жастар еліміз­дегі университеттердің деңге­йін салыстырып қарастырады. Шетелдердегі жоғары оқу орындарында математиктер үшін ­жа­­салған жылжымалы тақта­лар бір қабырғаны тұтастай алып тұрғанын бір ғана мысал ретін­де келтірсек те жеткілікті болар. Сон­дықтан әрбір жоғары оқу ор­ны­ның жағдайын зерделей қа­рас­тырып, студенттер санын 5 мың­­нан асырмаған жөн. Елі­міз­дегі университеттерде тіп­тен, кабинетсіз жүрген оқытушы­лар бар. Олар оқу құралдарын қоя­тын тартпаға қолы жетсе қуана­ды. Ал шетелдің оқу орындарын­да постдокторлар отыратын ар­найы кабинеттер, зертханалар бар. Осы орайда «Университеттер инфрақұрылымдық мүмкінші­лігі болмаса, студент санын көбей­тіп қайтеді?» деген заңды сауал туындайды. Сондықтан грант санын да, оқытушыларға түсетін салмақты азайту керек. Ондай жағдайда гранттың да құндылы­ғы артады, педагогтерге түсетін жүктеме де азаяды, ал талапкерлер арасында бәсеке күшейе­ді. Осы тұста «Қандай нәтижеге қол жеткізгіміз келеді?» деген сұраққа жауап іздеп көрелік. Ел­дің әлеуметтік, экономикалық ахуалын жақсартатын – білімді, білікті кадрлар. Осы орайда интел­лектуалдар легін қалып­тас­тырамыз десек, білімге қа­таң бақылау керек. Оқыту бағдар­ламалары, оқулықтар әзірленіп жатқанымен, кейінгі жылдарда студенттердің алған білімі көңіл көншітпейді. Оның бас­ты себебі, бір курстан екінші курс­қа көшкенде білім деңгейі­не са­рап­тама жасалмайтындығы мен жо­ғары оқу орындарындағы ішкі бақылау жүйесінің әлсіздігі­­нен. Университеттер студентті ­нашар оқығаны үшін оқудан шы­ға­рып тастай алмайды. Қазіргі кезде еліміздегі демографиялық ахуалды ескере отырып, грант саны жыл сайын артып келеді. Сәйкесінше, мектепті жоғары көрсеткіштермен бітіріп жатқан оқушылар қатары көбеюде. Бірақ осы жақсы оқып келген студенттерден сапалы маманның шығып жатқаны күмән туғызады. Оның бір дәлелі ретінде институтымызда университет бітіріп келген жас мамандарды қайта даярлап жатқандығымызды айта кетейін. Дарынды, талантты түлектерден 4-5 жыл ішінде сапасыз мамандар даярланып жатқандығына жұмыссыз жастардың статистикасы, өз мамандығымен жұмыс істемейтіндігі дәлел бола алады. Ал оқу бітірген студенттердің 90 пайызы жұмысқа орналасады дегеніміз де жалған ақпарат. Өйткені университет студентке жұмысқа орналасқаны туралы анықтама әкелмейінше дипломын ала алмайды. Ал түлек жұмысқа орналасқаны жөнінде анықтама алудың түрлі жолдарын қарастыруға мәжбүр.

– Жақында Самарқанда өт­кен Түркі әлемі матема­тик­терінің ғылыми форумында Қазақстан математиктерінің жарияланымдық белсенділігі және еліміздегі іргелі матема­тиканың міндеттеріне қатыс­ты TWMS вице-президенті ре­тінд­е баяндама жасадыңыз. Ғы­лыми көрсеткіш бойынша бір ғалым жылына қанша ма­қала жариялауы керек және ғалымдарымыздың жария­ла­нымдық көрсеткіші қандай еке­нін айтып берсеңіз?

– «Web of Science» дерек­қор базасында индекстелген ғылы­ми жарияланымдар саны бойын­­­ша үздік 10-дықтағы универси­тет­тер­ді атап өтетін болсақ, бар­­лық ­рей­­тингте Назарбаев уни­вер­­си­те­ті көш бастап тұр. Мате­матика ­­және модельдеу институты 6-орын­ға ие. Бес жыл ішін­де еліміздің ғалымдары 21 508 ­публика­ция жариялаған. Негі­зінде әлем­дік көрсеткіш бойын­ша бір про­фессор жылына бір мақа­ла шығаруы керек. Қазіргі кез­де еліміздегі жоғары оқу орындарында шамамен 38 мың оқытушы сабақ беріп жүрген болса, «Web of Science» базасына, импакт-фак­торлы журналдарға жылына шамамен 2,5 мың рейтингтік мақала беріп отырмыз. Егер оқы­тушылардың әрқайсысы орта есеп­пен бес жылда бір рет мақала жарияласа, жарияланымдар­дың қазіргі кездегі саны 8 мың болатын еді. Ғылыми мақалалар жарияланымының көп болуы штаттағы қызметкерлердің санына да байланысты болып ке­леді. Осы көрсеткішке қарап, елде шынайы ғылыммен айналы­сып жатқан мамандардың сирек екеніне көз жеткіземіз. Оқытушылардың уақыты қосым­ша жұмыс істеуге, сабақ беру­ге кететіндіктен, ғылыммен айна­лысуға уақыты жетпейді. Ал кей­бір университеттер үшін оқы­тушының ғылыми мақала жазғаны керек емес. Шетелдерде аккредитациядан өткенде ғана публикация талап етіледі. Сон­дықтан оқытушыларға түсетін салмақты азайтып, жалақыны көбейте отырып, ғылыммен айна­лысуға жағдай жасау керек. Бұл жерде ең бастысы, ғылыми зерттеулер екенін қайталап айтуға тура келеді. Ал ғылыми мақаланы жариялау – ғылыми зерттеудің өнімді нәтижесін көрсету. Ең бас­тысы – мақала емес, ғылым. Ал ғылыми зерттеулердің ауқымы мен деңгейін жарияланған мақала көрсетеді.

– Осыдан біраз уақыт бұ­рын ғалымдардың «жалған» жур­налдардағы жарияланым көр­сеткішіне қатысты көп сын айтылған болатын. Қазіргі кез­де бұл журналдарды анық­тау­дың қандай да бір жүйесі жасал­ған ба?

– 2016–2019 жылдарда еліміз «Scopus-қа» тіркелген «жалған» журналдарға материал жария­лау бойынша әлемнің алдына түсті. Бірнеше ғалым жина­лып, бір материал жариялау белең алды. «Жалған» жур­нал бір жыл ішінде базадан өшіп кетпесе, жа­рияланған материал қабылда­на беретін. Ал импакт-фактор бо­йынша бірінші квартильде тұрған сапалы журналдарға мақала жариялау өте қиын. Бұл ғылыми зерттеулердің нәтижелері жария­ланатын журналдардың дең­ге­йіне қойылатын жоғары талаппен байланысты. Осы себепті де зерттеулерінің деңгейі төмен болуынан ғылыми журналдарда жарияланбай, докторантура түлектерінің көпшілігі диссертациясын қорғай алмады. Осындай келеңсіз жайтқа қарап, бірқатар ғалымның ғылым­мен емес, ғылыми дәреже алу мақ­сатында мақала жариялаумен әуре болғанын аңғарамыз. Ал шындығында нағыз ғалым тек зерттеулермен ғана айналысады. Оны жарияланымдары­ның аздығымен байланыстырамыз. Зерттеу жұмыстарының нәти­жесін ғылыми мақалада көр­сету үшін барлық оқытушының белсенділігін арттыру қажет. Әлемде «Web of Science-ты» им­пакт-факторға қарамайтын елдер бар. Бізде де осындай ұсыныс­тар айтылып қалып жүр. Десек те, жарияланым­дар­дың жиі шығуы ғалымдар­­дың белсенді жұмыс істеп жатқа­нын білдірмейді.

– Институттың өзге ғы­лым салаларымен байланысы қан­дай?

– Математиктер медицина, экономика, сондай-ақ өнер­кә­­­сіп­тің басқа салаларымен де бір­ге жұмыс істеуге дайын. Бірақ ғы­лымның басқа саласында жүр­ген мамандар көбіне өзіне математикадан не керек екенін нақтылай алмайды. Егер олар нақты жоба­сын әзірлеп, ұсынса, математиктер көмектесуге әркез әзір. Түптеп келгенде, математик­тер белгілі бір мәселені шешу үшін емес, еліміздегі математика ғылы­мын дамыту үшін жұмыс істеп жатыр. Сондықтан да, ­мате­матикадан нәтиже емес, деңгей, дәреже сұралуы керек. Мысалы, мен 120 формула жазатын болсам, келесі бір ғалым тағы да 120 формула жазып, журналдарға ұсынады. Қай жұмыс қабылданып, жариялана­тын болса, сол жұмыстың деңгейі жоғары екенін көреміз. Ал оған ғылымда сұраныстың бар немесе жоқ екені де ескерілуі керек. Ғылым деңгейі көтеріліп, оның аумағы кеңейген сайын өзінен-өзі-ақ жоғары нәтижеге алып келеді. Сондықтан ғылым нәтижеге жету үшін терең білім керек. Ал математиканы жақсы білетін түлектер барлық салада сұранысқа ие екені анық.

–  Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»