Сурет авторы Мақсат Шағырбай
Мергендеріміз «Мажар», «Азия», «Түркі», «Жамбы» стильдері бойынша бақ сынады. Жалпы есепті қорытындылай келе, 1-орынды Айтбек Сарыбай, 2-орынды Абзал Тұлыбеков, ал соңғы жолдаманы Ералхан Айкөз олжалады. Ал әлем чемпионы Батыр Бексауыт көшпелілер ойындарына тікелей жолдама алғандықтан іріктеуге қатысқан жоқ.
«Мергендердің шеберлігін сынау сайысы өте тартысты өтті. Ал енді біз алдағы V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында алтын медаль олжалап, чемпион атану үшін барымызды саламыз. Ел намысын абыроймен қорғауға уәде беремін», деді жамбы атудан ұлттық құрама мүшесі Ералхан Айкөз.
Ералхан – 2021 жылы Иранның Тегеран қаласында өткен XVI әлем чемпионатының жеңімпазы және күміс жүлдегері. Жамбы атудан үміт артар екінші саңлақ Батыр Бексауыт 2021 жылы жастар арасындағы ел чемпионатында топ жарып, Шымкентте өткен Азия чемпионатының алтын және қола жүлдегері атанды. Қытайда өткен әлем чемпионатының алтын және қола жүлдесін еншіледі. Айтбек Сарыбай 2019 жылы Оңтүстік Кореяда өткен XV әлем чемпионатының жеңімпазы және қола жүлдесін иеленді, Қытайда ұйымдастырылған әлем чемпионатының күміс медалін олжалады. Абзал Тұрлыбеков 2018 жылы жамбы атудан әлем чемпионатында жеңіске жетті.
Жамбы атушылардың Алатау бөктерінде басталған оқу-жаттығу жиыны 18 тамызға дейін жалғасады. Мергендердің алаңсыз дайындалуын Туризм және спорт министрлігінің Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы ұйымдастырып отыр.
«Әзірлік өз деңгейінде жүріп жатыр. Әлі кем-кетікті бүтіндейтін тұсымыз бар. Көшпелілер ойындарына 4 спортшымыз жолдама алды. Дүниежүзілік көшпелілер ойындары ұлттық спорттың олимпиадасы десек те болады. Сондықтан да бұған таңдаулы мергендер қатысады», деді ұлттық құраманың бас бапкері Елдос Бадашев.
Мергендер соңғы оқу-жаттығу жиынын 27 тамыз бен 7 қыркүйек аралығында Астанада өткізеді.
Атқа міну дәстүрі жалғасты
Елорда төрін дүбірге бөлейтін Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының қарсаңында айтулы доданы қолдау мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Соның бірі «Атқа міну дәстүрі» челленджі Астана маңындағы «Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешенінде жалғасын тапты. «Бірлік керуені» жобасының аясында құрылған елордалық елшілер аталған челленджге қатысып, атқа қонып, сейіл құрды.
Елімізде тұңғыш рет өтетін Дүниежүзілік көшпелілер ойындарын қолдап, халық арасында насихаттауды қолға алған елшілер осы іс-шараны ұйымдастырды. Елшілермен бірге Ұлттық ат спорты федерациясы мен Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының негізін қалаушылардың бірі, «Атбегілер мен шабандоздар» ұйымының төрағасы, Ұлттық спорт түрлерінен еңбек сіңірген жаттықтырушы, жазушы-публицист Сәдібек Түгел челленджге қатысып, батасын берді. Этноспорт аламанын насихаттайтын іс-шараға Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты мекеме қызметкерлері және белгілі спортшылар қатысты.
«Бірлік керуені» жобасы еліміздің барлық аймағында өткізіліп жатыр. Астана қаласының бір топ елшісі бұған дейін көкпардан өткен шеберлік сабағына да қатысты.