Оқиға • 14 Тамыз, 2024

Өскеменде сұлулық салонында ота жасатқан әйел көз жұмды

190 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өскемендегі салондардың бірінде блефаропластика жасатпақ болған әйел ажал құшты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Өскеменде сұлулық салонында ота жасатқан әйел көз жұмды

Фото: stan.kz

Сот таратқан ақпаратқа сәйкес сотталушы клиенттердің біріне блефаропластика (адамның қабағынан артық теріні алып тастау үшін жасалатын операция) жасау кезінде көмекші болуға келіскен. Отадан кейін клиенттің беті ісіне бастаған, кейін косметолог көмекшісіне дәрі егуді өтінген.

«Медициналық қызметпен айналысуға лицензиясы болмаса да, А. есімді азаматша салон клиентіне сынама ретінде лидокаин қосылған цефтриаксон еккен. Медициналық процедурадан кейін әйелдің жағдайы нашарлап кеткен», делінген соттың хабарламасында.

Зардап шеккен әйел дереу медициналық орталыққа жеткізілді. Дегенмен оны құтқару мүмкін болмады.

Медициналық қызметпен заңсыз айналысқан косметологтің көмекшісі 2,5 жылға сотталды. Сондай-ақ ол 3 жылға медициналық қызметпен айналысу құқығынан айырылды. Сот үкімі әлі күшіне енбеді.