Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Құзырлы мекемелер тарапынан тиісті шаралар қолданылып, тіпті самокатпен жүрудің арнайы ережелері қабылданғанмен, мәселе түпкілікті реттелген жоқ. Себебі көп жағдайда бұған өз өмірлерін ғана емес, өзгелерді де қатерге тігіп, қаптаған көлік арасында үлкен жолға шығып тұрып, жол ережелерін меңгермеген, біле тұра сақтамайтын қос дөңгелек иелері кінәлі. Күн сайын әр қиылыста қағылып, соғылып қалған мопедшілерді көре тұра, арыны басылмаған жастарға, нәпақасын мопедпен айырамын деп асыққандарға осының бәрі сабақ болмай жатқаны ойлантады.
Мопедшілер мен самокатшылар айылын жисын деп арнайы заң қабылданды. Құжат күшіне енгенде Ішкі істер министрлігі тек 1,5 айдың ішінде мопедшілер тарапынан 6 мыңға жуық жол ережесі бұзылғанын тіркеді. Тіпті статистиканы айтпаған күннің өзінде үлкен жолға шыққан сайын айналып өтем деп көліктердің айнасына ілініп қалып, өзі бір жаққа, мопеді бір жаққа ұшқан қос дөңгелек иелеріне қарауға дәтің бармайды. Кейде мопедпен мопед, скутермен скутер де соқтығысып жатады.
«Қарияны мопедші қағып кетті», «Жас мопедші жол апатынан көз жұмды», «Алматыда мопед жүргізушілері бір тәулік ішінде 78 рет жол ережесін бұзды», «Алматыда самокатпен соқтығысқан мопед жүргізушісі қайтыс болды», «Алматыда мопед жеткізушілерге айыппұл салынады», «Скутерімен көлік қағып кеткен жасөспірім он күннен бері ес-түссіз жатыр» деген тақырыппен жарық көріп жатқан ақпарат жетіп артылады. Ата-анасының қуанышына орай, он күн бойы ес-түссіз жатқан бала Алматыдағы №4, №2 қалалық балалар клиникалық ауруханалары дәрігерлерінің арқасында аман қалды. Дегенмен жол-көлік апаттарының ауыр салдарына қатысты емдеу мекемелерінің мәліметтері жан түршіктіреді. Жуырда алматылық травматологтер осы мәселеге қатысты кезекті рет Өңірлік коммуникациялар алаңында баспасөз брифингін өткізді.
Емдеу мекемелері Астана, Алматы сияқты қалаларда ел билігі қос дөңгелекті көлік жүргізушілердің жауапсыздығы мен қателігінен болған келеңсіз жағдайлардың санын азайту үшін түрлі ереже, талап пен шектеу енгізіп жатса да, скутерлер мен мопедтерден зардап шеккен жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің азаймай отырғанын алға тартты.
Мәселенің қаншалықты көкейкесті болып тұрғанына көз жеткізу үшін Алматыдағы №4 қалалық клиникалық ауруханасы сияқты емдеу мекемелеріне баруға да болады. Мұнда негізінен ауыр жағдайдағы науқастар жеткізіліп, зардап шеккендерді медициналық ұйымның травматологтері тәулікпен санаспай тік тұрып, қайта қатарға қосып жатады. Ең өкініштісі, жоқтауға ұласатын жағдайлар да аз емес.
Клиникалық аурухананың қабылдау бөлімінде күнделікті жанын шүберекке түйіп, Жаратушыға жалбарынып тұрғандар, күрделі операциялардың соңын сарыла күту, травматологтер жұмыс істейтін кабинеттердің алдындағы кезек: қаладағы апаттық жағдайдың қандай екенін аңғартады.
Барлық пациенттің шамамен үштен бірі – жол-көлік апатынан зардап шеккендер. Қабылдау бөлімшесінің жас дәрігер-травматологі Елнұр Оңғаров ауруханаға күніне мопедтер мен скутерлердің кесірінен болған жол апатынан зардап шеккен кемі 10-нан бастап, кейде 20-ға дейін адам ауыр жағдайда түсетінін айтады.
Травматолог мұндай апаттардың салдары мүгедектікке душар етіп, тіпті ажал құштырып жатқанын айта келе: «Осыдан бір-екі ай бұрын 30 жастағы науқас келіп түсті. Ол мопедімен бірге «Toyota Land Cruiser» көлігінің астында қалған. Сүйек сынықтары көп. Жалпы адамда 200-дей сүйек болса, бұл жігітте 70-ке жуығы сынған. Ол қазірдің өзінде есін жиған жоқ, клиникалық өлім жағдайында деп айтуға болады. Науқас кешкі сағат алтыда келіп түсті. Ереже бойынша науқасты жауапкершілігіме алатын болсам, онда оны операциялық бөлмеге дейін алып барып, одан әрі қарай осы пациентпен айналысуым керек. Таңғы сағат 5-ке дейін құтқару операциясында жүрдім. Операциялық бөлмеде 11 сағат тік тұрдық. Оның басы, кеуде клеткасы, аяқ-қолдары, жамбас, құрсақ мүшелерінің жарылғаны анықталды. Сүйектерін жинаған хирургтер қатар операция жасады. Пациент аман қалды. Науқас таңғы сағат 7-де көзін ашқанда, өте қатты қуандым», дейді.
Жас дәрігердің айтуынша, мамандар жол апатына душар болғандардың ауыр жағдайына, тіпті биологиялық өлімнің айқын белгілеріне қарамастан, пациенттерді құтқарып қалуға барын салады. «Осындай кезекшіліктің бірінде өте ауыр науқас түскені есімде. Біз оны арбамен жансақтау бөліміне апара жатқанда жүрегі тоқтап қалды. Мен бірден жүрегіне массаж жасай бастадым. Бірақ еш нәтижесі болмады», дейді Елнұр Оңғаров өкінішпен.
Осынау қайғылы оқиғаларға күн сайын куә болып келе жатқан мамандардың мәліметіне сүйенсек, мопед, скутерлермен болған жол-көлік апаттарынан зардап шеккендердің саны күн санап өсіп келеді.
«Бірде қабылдау бөліміне тізе жарақаты бар пациент келіп түсті. Ер адам скутермен келе жатып, шұңқырды байқамай, төңкеріліп барып, тіземен бар салмағымен құлаған. Рентген түсірілімі тізе қақпағының сынғанын, тізе ішінде қою қанның жиналғанын көрсетті. Диагностикадан кейін бірден пациент тізесінен қан сорылып, ауруханаға жатқызылды, жақын арада оған ота жасалады», дейді дәрігер-травматолог.
Елнұр Оңғаров мопедтер мен скутерлердің ЖКО мәселесіне елдің назарын аудару үшін клиникалық оқиғалар жайында әлеуметтік желілерде белсенді баяндап отырады. Дегенмен жас маман жариялап жүрген кадрларды жүрегі нашар адамдардың көруге дәті бара бермейді.
Осындай қайғылы оқиғалардан қашық болу үшін электр көлігімен велосипед жолдарымен, жолдың оң жақ шеттегі жолағымен, тротуармен жүруге болатынын тағы да еске сала кету керек. Сонымен қатар электр самокаттардың жүргізушісі кемінде 18 жасқа толуы, ережемен бекітілген дулыға мен жарыққа шағылыстыратын киім киюі, сондай-ақ кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі болуы қажет.
Жол қозғалысы саласындағы заңнамаға енгізілген жаңа өзгерістерге сәйкес мопед, электрсамокат, велосипед жүргізушілеріне рулді бір қолымен жүргізуге, бір бағыттағы қозғалыс үшін бір жолақтан көпжолақты трамвай қозғалысы бар жолдардан солға бұрылуға немесе кері бұрылуға, мопедтерді, электрсамокаттарды, велосипедтерді сүйреуге, көлік құралымен жаяу жүргіншілер жүретін өткелді кесіп өтуге тыйым салынған. Өміріңе қалқан болатын осы тектес өзге де қарапайым шектеулер бар.
Осы ережелердің бірін бұзған жағдайда жүргізушілер Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің екі бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бұл – 593 – жолаушылар мен жүктерді тасымалдау қағидаларын сақтамау мен 620 – жол қозғалысына қатысушыларға қойылатын өзге де талаптарды бұзғаны үшін баптар. Қос баптың санкцияларына сәйкес құқық бұзушыларға 5 АЕК немесе 17 250 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынады.
Бір қарағанда жоғарыда айтылған жолда жүру ережелері қарапайым да түсінікті. Алайда қос дөңгелекпен зулап өте шыққысы келетін алып-ұшпа жастардың асығыс әрекеті әлі де мегаполис жолдарында қайғылы ахуал қалыптастырып отырғанын жасырып-жаба алмаймыз.
Өзекті мәселеге құзырлы мекемелер де көз жұмып қарап отырмағаны аян. Олардың қызметін реттейтін заң да, ереже де қабылданып, жол полициясы қызметкерлері мопедшілерді біртіндеп тоқтатып, түсіндіру, абай болу, ескерту жұмыстарын толассыз жүргізіп отыр. Алайда қос дөңгелекпен үлкен жолға шыққандар өзін жеке көлік иесі ретінде сезінбей, мегаполистегі толассыз қозғалыстың бір бөлшегі екенін түйсінбей, жүргізуші психологиясын меңгермей – бәрі бекер.
АЛМАТЫ