Бұл үйді 1955 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Д.Қонаев даңқты суретшінің құрметіне арнайы салдыртқан. Бұрынғы Городская көшесіндегі зәулім үй саналған шаңырақты жағалай Кіші Алматы өзені ағып жатыр. Бір қабатты үйге суретшінің отбасы 1958 жылы көшіп келеді. Өмірінің соңғы сәттері де осы шаңырақтың ауласында өтіпті. Ал шеберханасында «Амангелді сарбаздары», «Қапшағай ГЭС-і», «Кенен Әзірбаев» сынды кескіндемелік шығармалары мен сандаған акварельдік жұмысын жазды. Бір ғана Амангелді бейнесін жасау үшін жүзден аса эскиз жасаған. Иә, шын өнердің тууына жанкештілік керек.
Жалпы, ХХ ғасырдың басындағы тарихи оқиғалар суретшінің басты тақырыбына айналғанын білеміз. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің көшбасшысы Амангелді Иманов бейнесін салуға ол ұзақ уақыт дайындалған екен. Торғайға арнайы барып, батырдың туыстарымен, сарбаздарымен сөйлесіп, сипаттама бойынша сұлбасын қағазға түсіреді. Ақырында кенепке салынған сурет дайын болғанда, Амангелдіні көзімен көргендер қайран қалып, қаншама уақыт бойы көз алмай қарап тұрған деседі.
Әлқисса, музей-үйде қазір этнографиялық энциклопедияларда берілетін қазақтың көптеген құнды заттары қойылған. Қолданыстан қадым заманда шығып қалған келі-келсап, көмір үтік, сары самаурын секілді заттар сол қалпында сақталып тұр. Кейініректе табылған, қағазға түсірілген қазақы ою-өрнек нобайлары да ұсынылған. Сондай-ақ Ә.Қастеев пен оның отбасы мүшелерінің заттары мен қолданған бұйымдары қойылған. Жиһаз, мольберт, тұрмыстық бұйымдар, этюдниктер, суретшінің өз қолымен жасалған графиканы сақтап, алып жүруге ыңғайлы жәшіктер, фотоматериалдар, мұрағат құжаттары, тағысын тағылар.
Ел арасында суретшінің елгезектігі туралы естеліктер жиі айтылады. Қастеев ұйқыдан ерте тұра сала ауласын сыпырады, гүлдерін суарады екен. Содан кейін шеберханасына кіріп кетеді. Күнделікті жаңылмайтын әдеті сол. Мұнысын сырт көз басқаша түсінсе керек, бірде көршісі Қастеевті шақырып алып: «Осы үйді бір атақты суретшіге салып жатыр деп еді. Бірақ сол кісіні бір көрмедім ғой», депті. Суретші: «Ол – мен ғой», деген екен.
Өнер адамының шаңырағы мәдени-әдеби, рухани әңгімелерге толы болары сөзсіз. Қастеевтің шеберханасын іздеп келген атақты тұлғалардың тартқан сыйлары да бүгінде мұражай сөресінде тұр. Атап айтсақ, бұл шаңырақта қазақ интеллигенциясының белді өкілдері – композитор Нұрғиса Тілендиев, биші Шара Жиенқұлова, Өзбекстандағы қазақ суретшісі Орал Таңсықбаев, қырғыздың белгілі қылқалам шебері Ғаппар Айтиев, кинооператор әрі кинорежиссер Ескендір Тынышбаевтар жиі бас қосатын болған.
Қастеевке арнап салынған алғашқы үйдің іргетасы төмен болғандықтан, 1966 жылы толығымен бұзылып, оның орнына басқа үй тұрғызылады, ал 1968 жылы жанына шеберхана салынып, осында суретші өзінің көптеген туындысын дүниеге әкеледі. Үйдің құрылысы Алматы қаласының бас сәулетшісі Н.Оразымбетовтің жобасымен салынды. Үй үлкен қонақ бөлме, 3 жатын бөлме, ас үй, жуынатын бөлме мен дәлізден тұрады. Аулада шағын бақ бар. Музейдің жалпы аумағы 0,7 га аумақты алып жатыр, жалпы аумағы 142 шаршы метр, оның экспозиция-көрме аумағы 100 шаршы метр, қызмет аумағы – 40 шаршы метрді құрайды.
Аңыз тұлға Әбілхан Қастеевтің үйін музейге айналдыру мақсатымен суретшінің отбасы 2004 жылы мемлекетке өткізген болатын. Еске салсақ, бұл жыл «Ә.Қастеев жылы» деп аталып, ЮНЕСКО аясында суретшінің 100 жылдық мерейтойы тойланды. Суретшінің музей-үйінде Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейінің Ә.Қастеевтің мұрасын зерттеу орталығы орналастырылып, 2014 жылы 17 ақпанда келушілерге есігін ашты. Аталған орталық суретшінің көркемдік мұрасын жинап, оны зерттеумен, ағартушылық және білім беру қызметімен айналысады. Бұдан бөлек мұнда суретшінің өмірі мен шығармашылық қызметіне арналған түрлі тақырыптық іс-шаралар өткізіліп тұрады. Әсіресе суретшінің биылғы 120 жылдық мерейтойы аясында жыл басынан бері жоспарланған мәдени жиындарды да атап өтеміз.
«Қазақтан суретші шықты» деген сөзді айтқызған Әбілхан Қастеевтің мол мұрасы – бүгінгі ұрпаққа олжа. Отбасылық мұрағатта суретшінің 400-ге жуық жұмысы бар. Портреттері, сызбалары, этюдтерінің көбі отбасылық қорда сақталған. Одан бөлек, туындыларының көп бөлігі Алматыдағы Өнер мұражайында тұр. Павлодардағы музейге де 15 шақты туындысы қойылған. Жаркенттегі Сурет галереясында да Қастеевтің біраз картинасы қойылған. Бүгінде Қастеевтің туындыларына шетелдіктер де көп қызығады. Яғни Қастеев – туындылары қымбатқа бағаланатын суретші. Мәселен, суретшінің 1965 жылы салған «Пейзаж» атты картинасы аукционда 413 мың долларға сатылғанын айтсақ та жетіп жатыр. Десек те, шын өнердің бағасы шексіз емес пе!