Аймақтар • 14 Тамыз, 2024

Шетелдіктерді қызықтыратын мекен

306 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Атырау облысында туристер қызығатын орын жетерлік. Қазір мұнайлы өңірдің тарихи және өзге орындарына қызығушыларды тартатын 200-ден аса туристік мекеме тіркелген.

Шетелдіктерді қызықтыратын мекен

Суретті түсірген – Ерлан АЛТЫБАЕВ

Облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы туризмді дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жаннат Сабырғалиеваның айтуынша, туристік қызмет саласында 48 компания тіркеліп отыр. Оның 11-і – туроператор, 37-сі – фирма, 2 этноауыл және 1 визит орталығы бар. Оның ішінде 127 орын туристердің орналасуы­на жағдай жасалған. Жол бойындағы 41 нысанда сервистік қызмет көрсетіледі.

«Биылғы қаңтар-наурыз айларында Атырау облысына 32 мыңнан аса турист келді. Туристердің 27 мыңы – қазақстандық, ал 5 мыңнан астамы – шетелдіктер. Өңір тұрғындары мен қонақтарын қызықтыратын бірнеше туристік бағыт анықталып отыр. Туристер Индер ауданындағы Тұздыкөлге, Құрманғазы ауданының аумағымен өтетін Қиғаш өзеніндегі «Лотос» алқабына, Жылыой ауданында орналасқан Ақкегершін борлы тауына, Исатай ауданындағы Нарын құмына, Махамбет ауданындағы Ортағасыр­лық Сарайшық кешеніне, Атырау қа­ласының маңындағы «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватына жиі барады. Өйткені аталған орындардан Атыраудың бірегей табиғаты мен мәдени мұрасын тамашалауға болады», дейді Ж.Сабырғалиева.

Оның айтуынша, табиғи сипаттағы төтенше жағдай кезінде туристік маусым кейінге шегерілген. Өйткені Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің шешімімен жарияланған төтенше жағ­дай режімі әлі де сақталып отыр.

«Қазір жағдай тұрақтала бастағаннан экскурсиялық турларды жандандыруды жоспарлап отырмыз. Оны туристік фирмалар арқылы ұйымдастырамыз. Алдымен туристік орындарды бірге аралап, жай-күйін тексеруді ойластырдық», дейді Ж.Сабырғалиева.

Ал «Easy Travel» туристік фир­масының басшысы Нұралхан Бисенов­тің айтуынша, шетелге саяхаттайтын атыраулықтар аз емес. Әсіресе жаз мез­гілінде демалысын шетелде өткізетін атыраулықтар өте көп.

«Атыраулықтардың басым бөлігі Түркияның Аланья қаласына, Египет­тің Шарм-эль-Шейх шаһарына жиі барады. Кейінгі кезде Азия елдеріне қызығушылық байқалып отыр. Мәселен, маусым айында Тайланд пен Вьетнамдағы курорттық аймаққа бару үшін жолдама алуға сұраныс көбейді», дейді Н.Бисенов.

Биыл Атырау облысының туристік әлеуеті зерттеле бастады. Оны әл-Фара­би атындағы ҚазҰУ-дың ғалымдар тобы қолға алды. Жоғары оқу ордасындағы рекреациялық география және туризм кафедрасының зертхана меңгерушісі Александр Артемьевтің айтуынша, ғалымдар тобы бірнеше мақсатты көздеп отыр.

«Біріншіден, Қазақстанның батыс өңіріндегі туристік әлеуетіне зерделеу жүргізуді көздедік. Екіншіден, Атырау облысындағы туристік маршруттар мен рекреациялық аумақтарына талдау жасаймыз», дейді А.Артемьев.

Алматылық ғалымдар тобы алдымен «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватына барды. Бұл – ЮНЕСКО-ның биосфералық резерваттардың дүниежүзілік желісіне кіретін табиғи қорық. Жақында туристерді қабылдауды бастады. Мұнда саяхаттың екі түрі ұсынылады. Оның бірі – қайықпен серуендеу, екінші бағыты – жаяу жүргінші маршруты. Табиғи қорық аумағы 110 мың 500 гектарды құрайды.

«Біздің университет былтыр еліміз­дің батыс өңіріндегі туристік әлеуетті зерттеуге грант ұтып алған еді. Соған сәйкес жұмыс тобының құрамына ға­лымдар, зерт­теушілер, гидрогеологтер, турис­тер мен экономистер, басқа да сарап­шы мамандар кірді. Қазір батыс өңір­дегі туризмді тұрақты дамыту­дың мүм­кіндіктерін зерттеуге кірістік. Бұған дейін Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарындағы туристік бағыттарға талдау жүргіздік. Ал Атырау облысындағы лотос алқабын, Сарайшықтың көне қо­нысын, Ақкегершін үстіртін мен мұ­найлы шаһардың көрікті жерлеріне на­зар аударып отырмыз. Мақсаты­мыз – Аты­рау облысының әкімдігі және туризм саласының мамандарымен бірге өңірдің әлеуеті және туристік маршруттары бо­йынша ғылыми-зерттеу базасын құру­ға үлес қосу», дейді А.Артемьев.

 

Атырау облысы