Мирас • 15 Тамыз, 2024

«Желкенді мешіттің» жұмбағы

214 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Темір ауданының орталығы Шұбарқұдық кентінен үш шақырым жерде Досжан ишан Қашақұлының мешіті бар. Оның құрылысын Шилісу өзені бойынан ұста Бірмән Көшімқұлұлы 100 адаммен бірге көтерген. Бірер жыл бұрын Ресей мұрағатынан атыраулық өлкетанушылар 1904 жылы Досжан ишан мешітін алыстан түсірген Дублянскийдің фотосын тапты. Қара күзде не ерте көктемде түсі­рілген болуы керек. Бір-бірімен жалғасып жат­қан қам кірпіштен тұрғызылған там үйлер. Мед­ресе оқушылары мен ұстаздарына арнап салынған үйлер сияқты. Әріректе мешіттің желкенді мұнаралары көзге шалынады. Тарихшы-археолог Серік Әжіғали Досжан ишан мешітін бір­неше күмбезді «желкенді мешіт» қатарына қосқан.

«Желкенді мешіттің» жұмбағы

Ойыл-Жем бойында ислам мәдениеті мен білімін орнықтырып, діни сала мен дәстүрлік танымды ұштастырған ишандар мектебінің ірі өкілі Досжан Қашақұлы Ақтөбе облысында 1815 жылы дүниеге келген. Бұхара медресесін тәмамдап, елге оралған соң, жиырма жыл ұстаздықпен айналысқан. Өмірінде қажылыққа үш рет барған. Досжан медресесін аяқтаған мыңдаған шәкірт ХХ ғасырдың басында елге қызмет етті. Үстірт бойында бірнеше мешіт салдырып, медресе жүйелерін жаңғыртқан, елді кәсіпшілікке баулыған озық ойлы жанның ұрпақтары түгел қуғындалды, мешіті кеңес өкіметі жылдары қараусыз қалды. Күтімсіздіктен тозды, енді жоғалып барады. Бірақ қирап жатқан қабырғалардың топырақ қабатында қандай қазына жатқаны жұмбақ.

Кейінгі жылдары ескі құрылысты сақтап қалу үшін төбесі, жан-жағы қоршалды. Мешіт жанында былтыр жаңа ғимарат тұрғызылып, Досжан ишан кешені тарихи туристік орын ретінде есігін ашты. Осы жазда ескі мешіт орнында қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан археологтер топырақ астынан олжаға кезікті. «Досжан ишан мешітінің көміліп жатқан қабырғаларын тазалау кезінде іргесінен қызғалдақ гүлі және жапырақтарымен көмкерілген тұскиіз үлгісіндегі ою-өрнектер шықты. Бір қарағанда қабырғаға ілінген ашық әшекейлі тұскиіз кілем сияқты. Бояуы анық, өрнектері дәл, қызыл, жасыл, сары, қою жасыл, ашық көк түстер кезектесе түсіп, мешіт қабырғасының сәнін ашқан. Тағы бір арабша жазу мешіттің құлап қалған маңдайшасы не арқалығы сияқты. Бұл да бұзылмаған, топырақтың астында жазуы анық сақталған, қара, көк, қызыл түстер кезектесе қолданылған», дейді Ақтөбе облыстық ескерткіштерді зерттеу, қорғау орталығының директоры Фархад Досмұратов.

ор

Шилісу бойындағы осы мешітті 1870 жылы ұста Бірмән Көшімқұлұлы тұрғызған. Ақын Әбубәкір Кердері осы мешітті алты күмбезді, алты еңселі бөлмесі бар, әр құжырасының қабырғасына қызыл бояумен Құран аяттары жазылған бес мың адам сыятын қасиетті орын деп сипаттайды. Ақтөбе өңіріндегі қазақы мешіттердің бәрінің құрылысын жүргізген Бірмән ұста 1922 жылы 72 жасында дүниеден өткен. Зираты Қобда ауданының Құмсай деген жерінде. Ұрпақтары бар.

Досжан ишан мешіті – жаңғыртуды қажет ететін құрылыс. Өйткені өз заманында Шилісу бойында медресе үйі мен оқушыларының жатақханасы да болған. Өкініштісі, медресе ғимараттары әлі табылған жоқ. Қазақы ескі құрылыстар сол заманда саз бен құм араласқан қам кірпіштен тұрғызылған ғой. Осы төңіректе үйіліп жатқан төбешіктердің асты кезіндегі медресе құжыралары болуы мүмкін. Қазба жұмыстары тәжірибелі археологтер жетекшілігімен тиянақты жүргізілсе, ХІХ ғасырдың аяғындағы қазақ медреселер жүйесі туралы толық мағлұмат алуға болар еді. Айта кету керек, 1903 жылы Орынбор діни басқармасының шешімімен қазақы үлгідегі мешіттер құрылысына тыйым салынып, оның орнына тастан өрілген, сүйір мұнаралы Қазан үлгісіндегі мешіттер тұрғызуға рұқсат етілді. Ал Бірман ұста сияқты шеберлер қолынан тұрғызылған қазақы мешіттердің терезесі үлкен емес әрі мұнарасы да биік болмаған.

        

 Ақтөбе облысы