Имантаудағы жөнделіп жатқан көпір
Осы Ботайда адамзат 5 мың жыл бұрын алғаш рет жылқыны қолға үйретіп, етін жеп, сүтін ішкені халықаралық ауқымда дәлелденген. Сондай жерді көрмекке ұмтылушылар саны жылдан-жылға артып келеді. Ол ол ма, бұл жерден Алтын Орда хандары династиясының «Қызыл оба» пантеоны да осында. 2019 жылы ашылған обадан Алтын Орда дәуіріне тиесілі XIV-XV ғасырдың дүниелері көптеп табылып жатыр. Облыстық тарихи-мәдени мұраларын қорғау мен қолдану орталығы бөлімінің меңгерушісі Жанат Баймүсеновтің айтуына қарағанда, қазылып жатқан 10 мың шаршы метр аумақтан 7 кесене табылған.
«Бұл осы аумақта Алтын Орда дәуіріндегі көшпелі ордалар мен Солтүстік Қазақстан даласын мекендеген көшпелілердің бұрын белгісіз болған мәдени-саяси және қасиетті орталығының орналасқанын көрсетеді. Қызыл Оба төбесіндегі кесенелер Қазақстанның ортағасырлық тарихынан сыр шертетін археологияның бірегей ескерткіші десек болады», дейді ол.
Осы жерден сол ғасырларға тән кесенелердің қирандылары, қолөнер құрылыстарының қалдықтары мен арықтар жүйесі, ежелгі суару және су көтергіш механизмдердің шығырларына қолданылған ыдыстар, алтын-күміс әшекей бұйымдары табылған.
Ботай қонысы: Мұнда жалпы 60 тұрғын үй зерттелдi, 200 мыңнан астам археологиялық заттар, 10 тоннадан астам жылқы сүйектерi және басқа да жануарлар табылды.
Міне, осындай сан қилы тарих пен сұлу табиғат тұнған Айыртау жерін туристік мекенге айналдыруға әлі күнге қолымыз жете алмай отыр. Әкімдіктен алынған дерекке қарасақ, бәрі оп-оңды, былтыр ғана бұл жерге 60 мыңдай турист саяхат жасаған. Бірақ мұнда асты аласа жеңіл машинамен сапарлағандар келгеніне өкінері сөзсіз. Өйткені мұндағы жолдардың сапасы өте нашар, машинаның астын соғатын толып жатқан шұқыршақтар. Имантау – Шалқар курорттық аймағында жалпы саны 44 демалыс орны бар. Осылардың жолын жарқыратып қойса, бұл ландшафтқа келушілер еселеп артар еді.
Дегенмен аудандағы елді мекендердің ішкі жолдары, ауыларалық жолдар жөнделіп, тегістеліп, жүргіншінің жылдамдығын арттырып отыр. Мәселен, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында бөлінген қаражат Антоновка, Кирилловка, Карасевка, Шалқар, Айыртау, Имантау ауылдарының жолдарын жөнге келтірген. Ал қазір Имантау ауылындағы 1970 жылы пайдалануға берілген 33 метрлік көпір күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр. Осы көпір Имантау ауылының түбінен ағатын Жыланды өзенінің бойына салынған. Бұл – Ақмола мен Солтүстік Қазақстан облыстарының ауылдарын жалғайтын «Еленовка – Арықбалық – Чистополье – Есіл» автомобиль жолының 142-шақырымында. Көпір құрылысын жүргізіп жатқан мердігер Виктор Казенновтың айтуынша, қазір жұмыстың жартысынан көбі аяқталған. «Құрылыс бригадасы 14 адамнан тұрады. 5 техника жұмыс істеп жатыр. Жұмыс сапасына 5 жылға дейін кепілдік береміз», дейді ол.
Имантау ауылының өзі – осы аудандағы ірі елді мекендердің бірі. Қазір онда 2,8 мыңдай тұрғын бар. «Ауылымызда бес серіктестік жұмыс істейді. Биыл ауылға таза ауызсу мәселесі де шешілмек, оған қажетті қаражат бөлінді», дейді ауыл әкімі Бақытжан Жантілеуов.
Жуырда осы аймаққа жұмыс сапарымен облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов те келіп кетті. Ол көпірді жөндеу жұмысымен жіті танысып, оны сызбаға сәйкес уақтылы аяқтау керек екенін ескертті. «Ауданның туристік инфрақұрылымын мүмкіндігінше жақсарта түсу керек. Оны дамытудың жоспары жасалған. Биыл мына көпірден басқа «Шалқар су» санаторийінен балалардың «Сокол» демалыс лагеріне апаратын жол да жөнделіп жатыр», деді облыс басшысы. Сонымен бірге ол Ботай қонысына да соғып, ондағы қазба жұмыстарының барысымен танысты.
Осы орайда Айыртау ауданының тарихы мен экономикасына да тоқтала кетейік. Жоғарыда айтқанымыздай, бұл ауданның табиғи сұлулығы Бурабайдан кем емес. Кейін Шоқандай дананың әжесі болған, Уәли ханның жас тоқалы Айғаным Бурабайдағы бәйбішеден аулақ отыру үшін қыстауын осы жердегі Сырымбет тауына салғызғаны біліп жасалған іс екенін ежелгі тұрғындар жиі айтады.
Айыртау ауданы 1928 жылы құрылып, 1993 жылға дейін Володар ауданы аталды. Осы күнгі жастар В.Володардың кім екенін де білмейді. Ол (шын есімі Моисей Гольдштейн) – орыс төңкерісшілерінің бірі. 1918 жылы эсер партиясының тапсырысымен Моисей Урицкиймен қатар өлтірілген. Осы жылы эсерлер (социал-революционерлер партиясы) Ленинге де қастандық жасағаны белгілі. Осы себептердің бәрі «қызыл террордың» басталуына себеп болған. Ал Володарский мен Урицкийдің есімдері көптеген қала мен ауданға, көшелерге берілген. Сол үрдіспен алыс түкпірдегі Қазақстанда құрылған жаңа аудан да Володар ауданы аталған. Ал 1930 жылы аудан көлемі ұлғайтылып, Айыртау ауданы аталған. Алайда 1963 жылы Айыртау және осы жерде құрылған Қазан аудандары біріктіріліп, қайтадан Володар ауданы болды. Сөйтіп, бұл атауы мен құрылымы жағынан талай құқайды бастан кешіріп, әйтеуір Тәуелсіздіктің арқасында ежелгі тарихи атауын алған аудан.
Жайлы жер, көрікті мекен болған соң мұнда өзге ұлт өкілдері көп келген. Қазірдің өзінде қазақ халқының үлесі барлық тұрғынның 40 пайыздайы ғана, ал орыстардың үлесі 47 пайыз, қалғаны – басқа этнос өкілдері.
Ауданның ауыл шаруашылығына пайдаланатын жері – 735 мың гектар, соның 437 мың гектарына дәнді дақылдар егеді. Шабындығының көлемі – 13,4 мың, жайылымы – 285 мың гектар. Ауданның орманды алқабы 142 мың гектарды алып жатыр. Ал өзен көлдер алып жатқан көлем – 29,9 мың гектар.
Солтүстік Қазақстан облысы,
Айыртау ауданы