Осы орайда қолға алынған Солтүстік Каспий жобасы – еліміздің теңіздегі мұнай-газ кен орындарын игеру жөніндегі алғашқы ірі жоба. Жоба құрамына «Қашаған», «Қайраң» және «Ақтоты» атауы берілген үш кен орны кіреді. Оның ішінде «Қашағанның» жөні бөлек. Өйткені әлемде кейінгі 20 жылда ашылған санаулы ауқымды кен орындарының қатарына кіреді. Мұнда мұнай мен газдың мол қоры бар. Мамандардың есептеуінше, өндірілетін қоры шамамен 9-13 млрд баррель мұнайды құрайды. Бұл – шамамен 1-2 млрд тонна.
Ал газдың қоры тіптен көп. Теңіз түбіндегі газ қоры 1 трлн текше метрге жетеді. Осындай орасан мол қоры бар кен орны 2000 жылы ашылған еді. Алайда «Қашағаннан» коммерциялық мұнай алу ісі 2016 жылы басталды. Осылайша, тәуелсіз Қазақстанның тарихында тұңғыш рет су астынан «қара алтын» өндіру кезеңіне бетбұрыс жасалған еді.
Дегенмен кен орнынан мұнай өндіру кезеңінің 16 жылға кешігуінің бірнеше себебі бар. Біріншіден, Каспий теңізінің төріндегі «Қашаған» кен орны Атырау қаласынан 80 шақырым қашықта орналасқан. Мол мұнай мен газды кешенді дайындау жүргізілетін «Болашақ» қондырғысына құбырмен жеткізу аралығы бұдан да қашықтау. Екіншіден, жаһан назары ауған кеніштің коллекторы су астындағы 3-4 метр, ал теңіз түбінен 4 200 метрден астам тереңдікте жатыр. Үшіншіден, кен орнынан мұнаймен бірге алынатын күкірттің үлесі де аз емес.
Кейінгі жылдары «Қашаған» кен орнынан шығатын газды өңдейтін зауыт құрылысы қолға алынды. «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Мейірбек Ихсановтың дерегіне қарағанда, газ өңдеу зауытының құрылысы жоспарланған кестеге сәйкес жүріп жатыр. Жобаны жүзеге асыруға 1 000-нан аса жұмысшы тартылған. 150-ге жуық арнайы техника бөлініп отыр.
Қазір зауыт құрылысының алаңында қада қағу жұмысы аяқталды. Енді ғимараттар мен технологиялық құрылымдардың іргетас бөлігін бетондау жүргізіліп жатыр. Технологиялық жабдықтарды орнату және технологиялық құрылымдардың металл құрылғыларын монтаждау басталды. Сондай-ақ жаңа зауыттың алаңында 320 орындық вахталық қалашық пен кіреберіс теміржолдың құрылысы қолға алыныпты. Құрылыстың тоқтаусыз жүруі үшін автомобиль және теміржол, сондай-ақ су құбыры мен электр желілері тартылды.
«Елімізде алғаш рет, әсіресе дәл осы нысанда қалдық газдардың түтінсіз және дыбыссыз шығуын қамтамасыз ететін жабық типтегі алау технологиясы пайдаланылады. Бұл діңгек түріндегі алауға қарағанда жағу өнімдерін көбірек түрлендіруге ықпал етеді», дейді Мейірбек Ихсанов.
«Қашаған» газын өңдейтін жобаны «GPC Investment» ЖШС іске асырып жатыр. Серіктестік басшысының міндетін атқарушы Берік Әбішевтің мәліметіне сүйенсек, зауытта жылына 1 млрд текше метр шикі газ өңделеді деп көзделіп отыр.
«Бұл – еліміздегі ауқымды инвестициялық жоба. Жаңа зауыттан өңдеу үдерісінен соң жылына 727 млн текше метр тауарлы газ алынады. Бұған қоса 218 мың тонна тауарлы күкірт, 17 мың тонна газ конденсаты шығарылады. Сұйытылған газ өндіріледі. Қазір зауытқа қажетті инфрақұрылым дайын тұр. «Қашаған» кен орнынан жеткізілген газдан бірнеше тауарлы өнім алынатын зауыт 2026 жылдың ортасында іске қосылады», дейді Б.Әбішев.
Мұнайлы өңірдегі бұл жобаның өндірістік ғана емес, өзге де маңызы барын айтқан жөн. Әрине, алдымен өңірдің экономикасы мен әлеуметтік дамуына тигізер ықпалы зор. Мамандардың пікірінше, біріншіден, зауыт құрылысы аяқталғанға дейін жұмысшылар қатары 2 500-ге дейін көбейеді. Ал іске қосылғаннан кейін 500-ден аса адам тұрақты жұмысқа тартылады. Екіншіден, зауытқа озық технологиялар әкелінбек. Мәселен, «BASF» және «Dow Chemical» секілді танымал әлемдік компаниялардың алдыңғы қатарлы технологияларын пайдалану жоспарда бар.
Үшіншіден, адамзатты толғандырып отырған қоршаған ортаны қорғау мәселесіне назар аударылады. Сол себепті, құрылыс кезеңінде де, одан кейін пайдалануға берілген соң да зиянды зат шығарындылары, қалдықтардың мөлшері санитарлық нормаға сәйкес келетін рұқсат етілген мәндер шегінде болады. Құрылыс құнына әсер ететініне қарамастан, атмосфераға зиянды шығарындыларды азайту мақсатында ең озық технологияларды пайдалану туралы шешім қабылданыпты. Мәселен, атмосфераға күкіртті ангидрид секілді зиянды газ таралуының алдын алуға мүмкіндік беретін «SCOT «технологиясы қолданылады. Сонымен қатар орнатылатын жабық алау қондырғысының корпусы шудан, желден, жылу радиациясынан, көрінетін оттан қорғауға арналған.
Тағы бір мәселе – газ өңдеу зауытына пайдаланылатын су жайы. Зауыт салынып жатқан Мақат ауданының аумағында ашық су айдыны жоқ. Сондықтан су қолданыстағы «Астрахань – Маңғышлақ» құбырынан алынады. Су – биоресурс. Оны үнемдеу үшін зауытта пайдаланылған суды тазалаудан кейін қолдану жоспары бар. Осыған байланысты жерасты кәріздік желісі салынады. Өндірістік-жаңбыр кәріздерінің коллекторлары бойынша барлық өндірістік және жаңбыр ағыны жабық түрдегі сақтау резервуарына түседі. Сақтау резервуарынан сорғыштар арқылы өндірістік-жаңбыр ағынын тазарту блогіне беріледі. Тазалаудан кейін қажетті сапаға дейін жеткізілген өндірістік-жаңбыр ағыны кәсіпорынның өндірістік сумен жабдықтау жүйесінде қайта пайдалануға жіберіледі.
Ең бастысы жобаны отандық экономиканы өрге сүйрейтін серпінділік стратегиясы ретінде қарастырған жөн. Өйткені елімізде осы кезге дейін жылына 1 млрд текше метр газ өңдейтін ірі зауыт салынған жоқ.
Атырау облысы