Шаруашылық • 16 Тамыз, 2024

Жеті айдағы жарқын істер

125 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі бірінші кезектегі іс-қимылдар жоспарында бекітілген негізгі көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша нақты шаралар қабылдауды жалғастыру үстінде. Осылайша, министрлік ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің нақты көлем индексін 111,6%-ға дейін, тамақ өнімдерін өндіруді 105%-ға дейін, сусындарды өндіруді 109%-ға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр.

Жеті айдағы жарқын істер

Биыл 7 айда ауыл шаруа­шылығы жалпы өнімінің көлемі 3,7%-ға ұлғайып, 2,1 трлн теңгені құрады. Бұл ретте, мал шаруашылығы жалпы өні­мінің нақты көлем индексі 103,7%-ға жетті және мал шаруашылығы өні­мін өндіру көлемі 1,7 трлн теңгені, өсімдік шаруашылығының нақты көлем индексі 104%-ды құрап, өнім өндіру көлемі 402,9 млрд теңге болды.

Жоспарланған көрсеткішке қол жеткізу егін жинау жұмыстары аяқ­­талғаннан кейін екінші жарты­жыл­дықта қамтамасыз етіледі деп күті­луде, өйткені өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру жалпы өнімнің жартысынан көбін алады.

Министрлік алға қойылған мақсат­тарға жету үшін барлық қажетті шараларды қабылдап келеді. Мәселен, көктемгі егіс жұмыстарын жеңілдетілген несиелеу үшін қарастырылған 580 млрд теңгенің 342,6 млрд теңгесі игерілді. Қазіргі уақытта қосымша 20,4 млрд теңгенің өтінімдері  қарастырылуда, егін жинау жұмыстарына өтінімдер жинау жалғасу үстінде.

Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Пав­ло­дар, Шығыс Қазақстан, Қызылорда және Ақмола облыстары ӘКК арқылы жеңілдікті кредиттеу бойынша белсенді жұмыс атқарып отыр. Бұл өңірлерге осы мақсаттар үшін 75 млрд теңге қарасты­ру көзделген. «ҚазАгроҚаржы» арқы­лы ауыл шаруашылығы техникасы­ның жеңіл­детілген лизингі бойынша 62,7 млрд теңге сомасына 2 298 бірлік ауыл шаруашылығы техникасына шарттар жасалды.

Биылғы 7 айда азық-түлік өндірісі 0,4%-ға артып, 1,8 трлн теңгені құрады. Ірімшік пен сүзбе өндірісінің 13,5%-ға, өңделген күріштің 14,2%-ға, өсімдік майының 9,8%-ға, ашытылған сүт өнімдерінің 5%-ға өскенін ерекше атап өткен жөн.

Жоспарланған индикаторларға қол жеткізу үшін биыл 50,9 млрд теңге сомасына 79 инвестициялық жоба іске асырылды. Оның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша – 8,8 млрд теңге сомасына 14 жоба, мал шаруашылығына – 4,9 млрд теңгеге 11 жоба, өсімдік шаруашылығына – 14,9 млрд теңгеге 36 жоба, құс фабрикасына – 6,7 млрд  теңгеге 4 жоба,  тауарлы-сүт фермалары – 11,5 млрд теңгеге 5 жоба және бұдан басқа да біршама жоспарлар қарастырылған.

Отандық өндірушілерді қолдау мақсатында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамыту­дың 2028 жылға дейінгі Кешенді жос­пары әзірленді. Оны іске асыру үшін рес­публикалық бюджеттен 372 млрд теңге мөлшерінде қосымша қаражат бөлуді талап етеді.

Жалпы алғанда, қабылданып жатқан ауқымды іс-шаралар ауыл шаруа­шылығының жалпы өнімін 11,6% дең­гейінде ұлғайтуға мүмкіндік беріп отыр деп сенімді түрде айта аламыз.