Энергетика • 16 Тамыз, 2024

Қоғамдық талқылау тақырыбы – АЭС тиімділігі

191 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қонаев қаласында елімізде атом электр стансасын салу турасында қоғамдық талқылау өтті. Қазақстанның Азаматтық Альянсы ұйымдастырған кездесуге сарапшылар, қоғамдық ұйымдар өкілдері мен өңір тұрғындары қатысты.

Қоғамдық талқылау тақырыбы –  АЭС тиімділігі

Атом электр стансасын салудағы басты қажеттілік – еліміздегі электр энергиясына тапшылық мәселесін шешу. Сарапшылар атом энергетикасын дамыту жоспары туралы жан-жақты баяндап, оның қауіп­сіздігі, экологиялық тазалығы және экономикалық тиімділігіне баса назар аударды.

Қоғамдық талқылауға қатысқан өңірдің және АЭС салынатын Үлкен ауылының тұрғындары пікірталас­қа белсенді қатысып, өздерін толған­дырған қауіпсіздік, экономика, экология мәселелеріне қатысты сұрақ­тарын қойды.

«Өркениеттің жетістіктерін тиімді пайдаланатын мемлекет қана дамып, алға жылжиды. Егер қуатты электр көзімен қамтамасыз етілмесе, ел дамудың жоғары деңгейіне жете алмайды. Экономиканы өркендету, өндірістер мен жаңа кәсіпорындарды іске қосу үшін бізге АЭС салу қажет. Қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аудара отырып, заманауи технологияларды дұрыс пайдаланған жағдайда ғана жетістікке жетеміз», деп түсіндірді Алматы облысы Семей полигоны мүгедектері мен ардагерлері қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұрлыбай Мұсапиров.

Сарапшылар еліміздегі атом электр стансаларында МАГАТЭ-нің қатаң стандарттарына сәйкес келетін III және III+ буын реакторлары қолданылатынын алға тартты. Ең бастысы, атом электр стансаларының экологиялық қауіпсіздігі және СО2 шығарындыларының ауаға тарамауы екенін баса айтты. Сондай-ақ мамандар қазір бүкіл әлемде қолданылатын радиоактивті қалдықтарды қайта өңдеудің озық технологиялары туралы жан-жақты ақпарат берді.

«Үлкен Су» ӨК бас инженері Сергей Третьяков атап өткендей, бұл шаралардың барлығы атом энергетикасын барынша қауіпсіз және экологиялық таза ету үшін қабылданып жатыр.

«Қазір әлем өзгеріп жатыр, соған сай электр энергиясын тұтыну мөлшері де артып келеді. Ал елімізде 70-жылдары салынған электр стансалары ескірген. Бізге тұрақты қуат қажет, ал атом энергетикасы – бұл қиындықтан алып шығатын жалғыз шешім. Рас, алаңдаушылық бар, бірақ қазіргі реакторлар қауіпсіз, ал еліміздің ауыр апаттарсыз атом технологияларымен жұмыс істеуде 57 жылдық тәжірибесі бар. АЭС ар­қылы таза энергия өндіріп, сыртқы шығындардан арыламыз және қо­сымша жұмыс орындары ашылып, халықтың тұрмысы жақсаруына жол ашылады. Үлкен ауылында АЭС салу еліміздің ғылыми әлеуетін пайдалануға және толыққанды атом саласын құруға мүмкіндік береді. Мен 1985 жылдан бері бұл құрылысты күтіп жүрмін. Атом стансасы балаларымыз және болашағымыз үшін керек. Егер көрші ел бізге электр энергиясын беруден бас тартса, онда жарықсыз қалу қаупі бар. Бұл – еліміздің беделін арттыратын үлкен мүмкіндік. Қытайда АЭС бар, Өзбекстан құрылысын жүргізіп жатыр. Мен де ұрпағымның жарқын болашағын ойлай отырып, АЭС салу ісін қолдаймын», деді ол.

Қоғамдық талқылау барысында АЭС салуы арқылы еліміздің энер­гетикалық тәуелсіздігін қалып­тастырып, жаңа жұмыс орындары ашылып, аралас салалардың дамуына мүмкіндік бары айтылды.

Қазір атом электр стансаларына қызмет көрсету үшін жоғары білікті мамандарды даярлауға ерекше назар аударылып отыр. Бұл туралы да сарапшылар жан-жақты айтып берді.

Алматы облысының тұрғындары қоғамдық талқылауда бейбіт атом энергетикасына қарсы еместігін білдірді. АЭС салу идеясын энергетика саласының ардагерлері де қолдап, энергетикалық дағдарыс­тан шығудың жалғыз шешімі осы екенін сенімділікпен жеткізді. Қоғам қайраткерлері АЭС отандастары­мыздың өмір сүру сапасын арттыратынын, ал жастар жаңа технология­лардың дамуын атом энергетикасымен байланыстыратынын атап өтті.

Қонаевтағы жария талқылау қоғамның атом энергетикасын одан әрі дамытуға дайын екенін көрсет­ті. Жиналғандар еліміздің жаңа заман­ның, яғни атам энергетикасы дәуірінің табалдырығында тұрғанын, оны болашақ ұрпақ үшін енгізіп, дамыту аса қажет екенін алға тартып, жобаны бірауыздан қолдады.

 

Алматы облысы