Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
Кез келген мемлекет өзінің келешегін өскелең ұрпағымен байланыстырады. Әр буынның пешенесіне жазылған заман ағымы, кезең тынысы, көзқарасы болады. «Қазақстан жастары» әлеуметтік зерттеуінің алдын ала болжамына назар салсақ, бүгінде ел жастарының құндылықтары қатарына әуелі «Отбасы» ұғымы айшықты орын алады. Алайда азаматтардың 58,1%-ы ғана 22-29 жас аралығында шаңырақ құруды қолдайды. Ал 35,3%-ы үйленген соң ата-анамен бірге тұруды міндетті деп санамайды. Яғни бөлек тұруды жөн көреді. «Жастар» ғылыми зерттеу орталығы әлеуметтік зерттеулер және болжау басқармасының басшысы Сабина Шаймерденованың сөзінше, зерттеуге 14 пен 34 жас аралығындағы 2 мың респондент қатысқан.
– Сауалнамаға қатысқандардың 51,3%-ы – ерлер және 48,7%-ы – әйелдер. Әлеуметтік зерттеуге сәйкес төрт жыл ішінде респонденттерге бірдей сұрақтар қойылды: «Сіз үшін өмірде басты құндылықтар қандай?». Жыл сайын «Отбасы» жауабы бірінші орынға шығатын. Биыл да 80,1%-ы осылай жауап қатты. Екінші «Денсаулық» тетігі 63%-ды құрады. «Материалдық қамтамасыз етілген өмір» нұсқауын 42,4%-ы таңдады. Респонденттердің 43,6%-ы дінге сенеді. Бірақ бұл салада белсенділік танытпайды. Зерттеу сонымен қатар авторлық құқықты сақтауға байланысты бірнеше қауіпті анықтады, респонденттердің 58,8%-ы видеоматериалдарды көру үшін заңсыз сайттарды қолданады. Контент тұтынуда 51,6%-ы орыс тіліндегі кітаптарды оқыса, ал 73,1%-ы орысша бейнеконтентті құп көреді. Дегенмен күнделікті тұрмыста жастардың 72,9%-ы қазақ тілінде сөйлейді, – дейді сарапшы.
Зерттеу жаппай республикалық және сарапшылық сауал әдісімен жүргізілген. Білім, денсаулық, жастардың экономикалық мінез-құлқы мәселелеріне баса назар аударған.
– Бүгінде жастарға қатысты түрлі мәселені ортақ алаңдарда бірлесе талқылап жүрміз. Тіпті Орталық Азия елдерімен проблемаларды тарқатуда диалог аясында пікір алмаса әрекет етудеміз. Шекаралас мемлекеттер біздің орталықтың зерттеулеріне, тәжірибеге қызығушылықпен қарайды. Өйткені өзге елде орталықтың баламасы жоқ. Біз 2013 жылдан бері ұлттық баяндама жасақтау барысында жастар ортасындағы әлеуметтік жағдайға зерттеулер мен мониторинг жүргізіп келеміз, – дейді «Жастар» ғылыми зерттеу орталығының директоры Айсұлу Ерниязова.
Таяуда орталық зерттеудің нәтижелерін Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің қолдауымен «Amanat» партиясының Есіл филиалымен және Есіл ауданы әкімі аппаратымен бірлесе таныстырды.
– Кейінгі жылдары мемлекеттік жастар саясаты саласында бірқатар жүйелі және күрделі өзгеріс болды. Оның ішінде қолданыстағы заңнамаға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар бар. Жаңа түсініктер енгізіліп жатыр. Жастар саясаттың объектісі емес, субьектісі ретінде қарастырылады. Мемлекеттік басқару саласындағы ғылыми негізделген шешімдер басымдыққа ие әрі ұзақмерзімді. Әсіресе демографиялық ахуалды есепке алып, әлеуметтік бағыт-бағдарды жүйелегенде маңызды. Қазіргі уақытта елімізде білім ордалары әлі де жеткіліксіз, одан қалды студенттерге жатақхана тапшы, кейінгілерінде баспана мәселесі бас ауруына айналды. Бұл – бүгінгі көрініс қана. Түйткілдер түйіні тарқатылмаса, болашақтағы мемлекеттің күн тәртібіне қоятын өзекті сауалдары көбейе беретіні анық. Сондықтан құрғақ сөзден гөрі, әрекет қажет, – дейді министрліктің Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары Біржан Әлімжанов.
«Amanat» партиясының атқарушы хатшысы Санира Жүсіпова жастардың бастамаларын, соның ішінде білім беру және әлеуметтік жобаларды қолдауға бағытталған бағдарламалар белсенді жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
Жиында қазіргі жастар арасында белең алған кеселдер – нашақорлық пен лудомания мәселелері туралы сөз қозғалды. «Еsbol qory» төрағасы Жандос Ақтаев мультипликативті әсер беретін ғылыми негізделген тәжірибелерді жүзеге асыруға бағытталған қордың қызметі туралы айтты.
– Осыдан 1,5 жыл бұрын жүргізілген зерттеу еліміздегі әр бесінші жас есірткі заттарын пайдаланып көргенін көрсетті. Егер мәселеге мән беріп қарасақ, бұл – ұлттың қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін дүние. Тіпті шекаралас мемлекеттермен салыстырғанда, статистика көңіл көншітпейді. «Astana Hub»-тың ұйытқы болуымен және Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен есірткі қылмысының алғашқы digital-картасы ұсынылды. Оны іске қосу азаматтық белсенділікті арттыруға және есірткі қылмысының таралуына қарсы күреске бағытталған. «Esbol.kz» сайтында карта нақты уақыт режімінде жаңартылады. Кез келген белсенді азамат есірткі қылмысының белгілерін жүктей алады. Біз Мемлекет басшысының «Нашақорлық пен есірткі қылмысымен күрес жалпыұлттық сипат алу керек» деген қағидатына сай жұмыс істеп жатырмыз. Негізі түрлі мәселеге арналған зерттеулер профилактиканың тиімді нәтижелеріне қол жеткізу үшін мемлекеттік органдар, білім ұйымдары, қауымдастықтар, қорлар, ата-аналар және тағы басқаларға қандай саясатты қабылдау керектігін көруге мүмкіндік береді, – дейді ол.
Сараптамалық кездесу барысында жастар өмірінің түрлі аспектілері бойынша кең пікір алмасу өтті. Жалпы, ғылыми зерттеулердің нәтижелері бойынша, әсіресе жастар саласында ашық пікірталастардың қажеттігі айтылды. Мұндай талқылаулар тек академиялық диалогке емес, жастарды қолдау мен дамытудың тиімді стратегияларын қалыптастыруға ықпал етеді. Қатысушылар сондай-ақ жас ұрпақтың өмір сүру сапасы мен болашағын жақсартуға бағытталған тәжірибелерімен, әзірлемелерімен бөлісті.
Айта кетейік, биыл елімізде Халықаралық жастар күніне орай 3 тамыз бен 12 тамыз аралығында «Жастармен бірге!» ұлттық декадасы өтті. Оған ел бойынша 1 миллионнан астам жас қатысып, 5 мыңнан аса іс-шара ұйымдастырылды. Декаданың негізгі бағыттары жұмыспен қамту, нашақорлық пен лудоманияның алдын алуға, экологиялық мәдениет пен азаматтық жауапкершілікті дамытуға, сондай-ақ ұлттық сананы нығайтуға бағытталды.