Үкімет • 17 Тамыз, 2024

Егін жинау науқанына ерекше бақылау қажет

127 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Үкімет басшысы Олжас Бектенов егін жинау науқанына дайындық мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Жиында Ауыл шаруашылығы министрі, Экология және табиғи ресурстар, Энергетика вице-министрлері, сондай-ақ Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарының әкімдері тыңдалды.

Егін жинау науқанына ерекше бақылау қажет

Мемлекет басшысының тап­­сырмасы бойынша Үкімет биыл­ғы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге 580 млрд теңге көлемінде ре­корд­тық қаражат бөлді. Ауыл шаруа­шы­лығы техникасын лизингке сатып алуға бағытталған сома 5 есе ұлғайтылды. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шараларын кеңейту шаруаларға егіс науқанын сәтті өткізуге мүмкіндік берді.

Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігінің мәліметінше, жаппай егін жинау жұмыстары тамыз­дың үшінші онкүндігінде бас­та­лады. Бүгінгі таңда ауыл ша­руа­шылығы техникасының дайын­дығы 98%-ды құрайды. Барлығы 149 мыңнан астам трактор, 38 мың астық жинайтын комбайн және 14 мың дестелегіш тартылатын болады.

Үкімет басшысы вице-премьер Серік Жұманғариннің басшылығымен тиісті министр­ліктер, әкімдіктер мен шаруалар арасындағы жұмысты үйлестіру мен бақылау үшін егін жинау науқанын өткізу жөніндегі жедел штаб құруды тапсырды.

«Егінді сапалы жинап алу және сақтау еліміз үшін ерекше маңызға ие. Туындайтын барлық мәселені күнделікті пысықтау қажет. Бұл тек министрліктерге ғана емес, әкімдіктер мен фермерлердің өздеріне де қатысты. Ауыл шаруашылығы министрлігіне облыстардың әкімдіктерімен бірлесіп, егін жинау жұмыстарын ерекше бақылауда ұстауды тапсырамын. Дәнді дақылдарды сақ­таудың тиісті жағдайын қам­тамасыз ету де маңызды», деп атап өтті Олжас Бектенов.

Шаруаларға күзгі дала жұмыс­тарын жүргізуге 64 мың тоннадан астам жеңілдігі бар дизель отыны жөнелтілген. Бекітілген кес­теге сәйкес өңірлерге барлығы нарық бағасынан төмен деңгейде тіркелген баға бойынша шамамен 355 мың тонна жеткізілетін болады. Дизель отынын жеткізуді бақылау және ашықтығын қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылданды. Олжас Бек­те­нов мәселені тұрақты бақы­лауда ұстауды міндеттеді, қажет­тілік туындаған жағдайда  шаруаларға астықты кептіруге дизель отынының қосымша көлемі бөлінеді.

Республикада астық сақтаудың жалпы сыйымдылығы 30 млн тоннаны құрайды, бұл болжанып отырған егін көлемін сақтауға жеткілікті. Сонымен қатар жекелеген астық қоймаларының жүктемесі әлі күнге жоғары болып отыр.

Премьер-министр элеватор­ларды өткен жылғы егін қалдық­тарынан 10 қыркүйекке дейін босатуды тапсырды. Облыс әкім­діктері Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп, элеваторлар қызметі бағасының негізсіз өсуіне жол бермеуге тиіс. Өндірілген агроөнеркәсіп кешені өнімдерін, оның ішінде негізгі экспорт нарықтарында өткізуді қамтамасыз етудің маңызы атап өтілді. Сауда және интеграция министрлігі Қытай, Таяу Шы­ғыс, Африка және басқа да елдер­­дегі серіктестермен осы бағыт­тағы жұмысты жандандыруы
қажет.

Айта кетейік, елдегі ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы ауданы 23,3 млн гектарды құрайды, оның ішінде дәнді дақылдардың ауданы – 16,7 млн гектар. Егіс алқаптарының құрылымына сәйкес барлық өңірде егін жинау жұмысы басталды. Қазір 928,2 мың гектар дәнді және бұршақты дақылдар немесе 5,5% өнім жиналды. Орташа өнімділігі 19,3 ц/га болған кезде 1,8 млн тонна астық бастырылды. Сондай-ақ 418,2 мың тонна картоп және 940,3 мың тонна көкөніс жиналды.