Кәсіпкер • 17 Тамыз, 2024

Кәсіп жүргізуге не кедергі?

119 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кәсіпорындар арасында жүргізілген сауалнамада белгілі болғандай, биыл екінші тоқсанда құрылыстан басқа барлық салада дайын өнімге сұраныс артқан. Cату көрсеткішінің орташа рентабельділігі жалпы экономикада 23,8%-ға дейін өсті. Мұндай өсім барлық салада бар. Мәселен, ең жоғары рентабельділік тау-кен өндіру өнеркәсібі саласында (38,5%), ал ең төмені ауыл шаруашылығында (14,0%) байқалды.

Кәсіп жүргізуге не кедергі?

Инфографиканы жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Сауалнамаға тау-кен өндіру және өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, сауда, ауыл шаруашылығы, көлік пен қоймада сақтау салаларын­дағы 2,7 мыңнан астам кәсіпорын қатысты. Екінші тоқсанда тау-кен өндіру өнеркәсібінде, көлік пен қой­мада сақтауда, сондай-ақ ауыл ша­­руашылығында шикізат пен материал бағасының өсімі баяула­ған. Мұндай құбылыс тау-кен өндіру өнеркәсібі мен құрылыстағы да­йын өнім бағасынан да байқалды. Өңдеу өнеркәсібі мен сауданы есепке алмағанда, барлық салада өндіріс көлемі төмендеген. Үшінші тоқсанда ауыл шаруашылығын (біршама баяулауын) қоспағанда, кәсіпорындар өндіріс көлемі артады деп күтеді.

«Екінші тоқсанда көлік пен қоймада сақтау саласында ғана бәсекелестіктің маңыздылығы артты. Сауда нарықтық бәсеке­лес­тік мейлінше әсер ететін сала болып қалып отыр, мұнда кәсіп­орын­дардың 40,9%-ы оның өз бизне­сіне әсерін сезінеді. Өңдеу өнер­кәсібінде мұндай кәсіп­орын­дардың үлесі – 35,7%, көлік және қоймада сақтауда – 29,7%, ауыл ша­­руашылығында – 23,7%, құры­лыста – 19,9%, тау-кен өндіру өнеркәсібінде – 14,6%», делінеді Ұлттық банк зерттеуінде.

Көптеген кәсіпорынның пікірі бойынша ел экономикасының жай-күйі бизнесті жүргізудегі негізгі кедергі болған.

«Бизнестегі бәсеке, сауда және өңдеу өнеркәсібіне әсер етеді. Көбінесе тау-кен өндіру өнер­кә­сібі кәсіпорындары мен ауыл ша­руашылығы үшін – салық ауырт­па­лығының деңгейі мен білікті кадрлардың жетіспеушілігі, ал көлік және қоймада сақтау, құрылыс кәсіпорындары үшін эко­номиканың жай-күйі ке­дергі болып саналады. Келесі 12 айда барлық сала бойынша қаржыландыру негізінен бұрынғы көлемде сақталады, бұл ретте қаржыландырудың ең көп ұл­ғаюы көлік пен қоймада сақтауда жоспарланып отыр. Инвести­ция­лардың ең көп қысқаруы – ауыл шаруашылығында, ал ең азы көлік пен қоймада сақтауда болмақ», деп мәлімдейді Ұлттық банк.

Шетелдік әріптестермен есеп айы­рысуда пайдаланылатын не­гізгі­ валюталар – рубль мен доллар.

«Екінші тоқсанда теңге бағамы­­ның рубльге қатысты өзге­руі­нің теріс әсері барлық са­ладағы кәсіпорындар үшін өсті. Теңге бағамының долларға қа­тыс­ты өзгеруінің теріс әсері де тау-кен өндіру өнеркәсібінен, сондай-ақ көлік пен қоймада сақ­таудан басқа барлық саладағы кәсіпорындар үшін артты. Сауда­дан басқа барлық салада банк­тік кредиттеу шарттары тиімсіз болған кәсіпорындар үлесі төмен­деді. Кредиттеу шарттары қо­лайлы деңгейден жоғары болған кәсіпорындардың ең көп саны тау-кен өндіру өнеркәсібіне (16,0%), ал ең аз саны көлік және қоймада сақтау саласына (14,7%) тиесілі. Теңгемен алынған кредиттер бойынша ең жоғары пайыздық мөлшерлеме көлік және қоймада сақтау саласында (19,6%), ал шетел валютасында – тау-кен өндіру саласында (6,8%) байқалды. 2024 жылғы үшінші тоқсанда кредит алуға ниетті кәсіпорындардың ең көп үлесі өңдеу өнеркәсібіне (21,7%), ал ең аз үлесі тау-кен өндіру өнеркәсібіне (11,4%) тиесілі», делінеді хабарламада.

Сонымен қатар жыл ортасына тақау құрылыстан басқа барлық салада дайын өнімге сұраныстың артқаны байқалды. Келесі тоқсанда барлық саладағы сұраныс жағдайы жақсарады деп күтіледі. Есепті кезеңде сату рентабельділігі барлық салада жоғарылады. Бұл көрсет­кіш басқа салаларға қарағанда тау-кен өндіру өнеркәсібінде ай­тарлықтай жоғары. Қаржы жылын шығынмен жабуды жоспарлап отырған кәсіпорындардың үлесі тау-кен өндіру өнеркәсібінде жоғары (11,0%) болып отыр. Қар­жы жылын табыспен жабуды жоспарлап отырған кәсіпорын­дардың ішінде өңдеу өнеркәсібі (51,7%) және сауда (50,7%) салаларының бағалауы барынша жоғары. Қарастырылып отыр­ған барлық салада жылды та­быс­пен жабуды жоспарлайтын кә­­сіпорындар үлесі жылды шы­ғынмен аяқтауды күтетіндердің үлесінен көп.

«Банк секторынан тыс, яғни жеткізушілермен, мердігер­лермен, тапсырыс берушілермен, сатып алушылармен өзара есеп айырысу бойынша мерзімі өткен берешек жағдайы өзгерді. Екінші тоқсан нәтижелері бойынша орташа есеппен мерзімі өткен (90 күннен астам) дебиторлық және кредиторлық берешегі бар кәсіпорындар үлесі шамалы (тиісінше 23,9%-дан 23,1%-ға дейін және 21,0%-дан 19,7%-ға дейін) төмендеді. Көлік пен қоймада сақтаудан, сондай-ақ тау-кен өндіру өнеркәсібінен басқа барлық салада мерзімі өткен дебиторлық берешегі бар кәсіпорындар үлесі төмендеді», делінеді зерттеуде.