Аймақтар • 19 Тамыз, 2024

Бір күнде – төрт нысан

96 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының Бөкей ордасы ауданындағы төрт шағын ауылда күрделі жөндеуден өткен медициналық пункт пайдалануға берілді. Сайқын ауылдық округіне қарасты Шоңай елді мекенінде, Мұратсай ауылдық округіне қарасты Әжен елді мекенінде, Бисен ауылдық округіне қарасты Жетібай мен Көктерек ауылдарында медициналық пункт күрделі жөн­деу­ден өтіп, бір күнде халық игілігіне тапсырылды.

Бір күнде – төрт нысан

Суретті түсірген – Еркебұлан Бисенғалиев

Шалғай ауыл хал­қы­ның осы қуаны­шы­на аудан әкімі Нұрлыбек Даумов пен аудандық ауру­хана басшысы Анарбек Белисанов ортақтасты.

– Ауылдың әлеуметтік жағ­дайын жақсарту – Мемлекет бас­шысы өзі назарда ұстап отырған маңызды бағыт. Қасым-Жомарт Кемелұлы әр Жол­дауында денсаулық саласына ар­найы тоқталып, «Еліміздің басты капиталы – адам. Дені сау ұлт – мықты мемлекеттің берік тұғыры, негізі» деп нақтылап отырады. Медициналық қызмет сапасын арттыруда қадау-қадау игі істерді іске асыруға қомақты қаржы еш кедергісіз бөлініп келеді. Соның жарқын үлгісі – бүгінгі оқиға. Есептік кездесулерде азаматтар ауылдағы амбу­­латория мен медициналық пункттердің тозығы жеткенін, жедел жәрдем көліктері істен шығып, фельдшерлердің көліксіз қалғанын мәселе етіп көтерген еді. Күні кеше бірнеше округке жедел жәрдем көлігін табыстадық. Міне, бүгін медициналық нысандардың да мәселесі оң шешілгеніне куә болып тұрмыз. Биылдың өзінде Шоңай, Әжен, Көктерек, Жетібай, Тайғара, Кеңой елді мекендеріндегі медпункттерді күрделі жөндеу қолға алынды. Дәл бүгін төрт нысан пайдалануға берілді. Қалған екі нысанның жөндеу жұмысын жыл аяғына дейін аяқтаймыз. Осындай жар­қын істеріміз жалғасты болсын, – деді аудан әкімі Нұрлыбек Жасқайратұлы.

Ауылдағы дәрі­герлік пункт­тер­дің ғимараты ғана жөнделіп қоймай, ондағы құрал-жабдық та түгелдей жаңартылды.

 

Батыс Қазақстан облысы