Айтулы іс-шараның ашылуында сөз алған Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева форумның маңызына тоқтала келіп, мұғалім – еліміздегі ресми мәртебесі белгіленген жалғыз мамандық екенін жеткізсе, «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин осымен үшінші мәрте өтіп отырған форумның жас мұғалімдердің басын қосатын тамаша дәстүрге айналған алаң екенін атап өтті. Ал «Esen Foundation» және «Ansa» қорлары консорциумының өкілі Камила Башарова іс-шара мазмұны туралы айта келіп, «Бала кімді жақсы көрсе, содан үйренеді. Сыныпқа кіргенде, алдарыңызда еліміздің болашағы тұрғанын үнемі есте сақтаңыздар», деп педагог жауапкершілігі жайында салмақты ой сабақтады.
Форум еркін форматта өтті. Оған Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қатысып, жас мұғалімдермен емін-еркін әңгімелесіп, олардың қойған сұрақтарына жауап берді. Министр әңгіме барысында педагог мамандығының маңызына кеңірек тоқталды.
«Педагог мамандығы – бұл қызмет қана емес, еліміздің болашағын қалыптастыру жолындағы абыройлы міндет. Біз балаларымыздың оқуы мен дамуы үшін барлық жақсы жағдайды қамтамасыз етуіміз керек», деген Ғани Бектайұлы педагогтік жұмыс барысында оқушылармен жақын жұмыс істеу, олардың психологиялық ерекшеліктерін тану, білім беру үдерісінде жасанды зердені қолдану, функционалдық сауаттылықты қалыптастыру және эмоционалдық интеллектіні дамыту туралы мәселелерді сөз етті.
Сондай-ақ іс-шара барысында жас педагогтер «Әр сабақты қалай ерекше етуге болады: менің тәжірибем» және «Edunext: болашақтағы цифрлық білім» атты танымдық шеберлік сағаттарын жүргізіп, бір-бірімен тәжірибе алмасып, ой бөлісті.
Әсіресе форумда «Қанаттылар» инклюзивті театрының көркемдік жетекшісі Арнұр Ысқақов, Шығыс Қазақстан облысы Құлынжон аулындағы «Мектеп-бөбекжай-балабақша кешенінің» директоры Аралбек Берікұлы душанбелік мектептің директоры Мехрон Ортиков, «Айчурек» Бішкек кыздар лицейінің директоры Эрлан Сатаров, Әлеуметтік инноваторлар қауымдастығының президенті Эмин Аскеров және жоғарыда аталған білім беру ұйымының түлегі әрі дербес сарапшысы Лаура Вайгорованың мотиватор-көшбасшы ретінде өздерінің қол жеткізген жетістіктері туралы айтқан қызықты әңгімелері мен тәжірибелері әр аймақтан келген жас мұғалімдерге қанат беріп, шабыттандырды.